Біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз – Тоқаев

/
Біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз – Тоқаев
Ақорда

Бүгін Астанада Өңірлік экологиялық саммит өтіп жатыр. Саммиттің пленарлық отырысында Өңірлік экологиялық саммит аясында Халықаралық су ұйымын құру жөніндегі халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетіні белгілі болды. Отырыста сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздің су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық беретінін атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Өңірлік деңгейдегі бастамалардан бөлек, біз су ресурстары саласында жаһандық ықпалдастықты кеңейтуге басымдық береміз. Былтыр желтоқсан айында Ашхабадта БҰҰ агенттігі ретінде қызмет ететін Халықаралық су ұйымын құру жөнінде ұсыныс жасадым. Аталған бастама өте өзекті. Өйткені қазіргі кезде БҰҰ жаһандық басқарудың бірізділігі мен тиімділігін арттыру үшін мыңдаған мандатты қайта саралап жатыр.  Бүгінгі саммит аясында бұл ұсынысқа қатысты халықаралық консультациялардың бірінші кезеңі өтетініне қуаныштымын», - деді Президент.

Айта кетейік, саммиттің пленарлық отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Армения Президенті Ваагн Хачатурян,  Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан қатысып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары