Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды – Мемлекет басшысы

/
Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды – Мемлекет басшысы
Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев мүдделі халықаралық тараптарды Каспий теңізін сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырды, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Сонымен қатар еліміз Каспий теңізінің тағдырына да алаңдайды. Теңіз айдынын қорғау – аймақта экологиялық тепе-теңдік пен биоалуантүрлілікті сақтау, орнықты дамуды қамтамасыз ету тұрғысынан айрықша маңызды. Осы орайда Қазақстан Каспий теңізінің тартылуына жол бермеу үшін мемлекетаралық бағдарлама қабылдау жөнінде бастама көтерді, Каспий теңізі ғылыми-зерттеу институтын құруға ұйытқы болды. Аталған мекеме өңірлік деңгейдегі ғылыми ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Барша мүдделі халықаралық тараптарды табиғаттың осынау асыл қазынасын сақтау жолында күш-жігер біріктіруге шақырамыз. Каспий маңында қарулы күштердің қолданылуына жол беруге болмайды. Оған қатаң тыйым салынуға тиіс», - деді Тоқаев.

Айта кетейік, саммиттің пленарлық отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Армения Президенті Ваагн Хачатурян,  Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан қатысып жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары