Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады – Тоқаев

/
Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады – Тоқаев
Ақорда

Бүгін Астанада өтіп жатқан Өңірлік экологиялық саммиттің пленарлық отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды екенін айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.

«Су қауіпсіздігі – Қазақстан ғана емес, бүкіл Орталық Азия үшін аса маңызды мәселе. Болашағымыз тіршілік нәрін қаншалықты ұтымды әрі әділ пайдалана алатынымызға байланысты.

Арал теңізі салғырттықтың салдары қандай қасіретке әкеліп соғатынын еске салып тұрады. Сондай-ақ ол батыл әрі ғылыми негізі бар жүйелі шаралардың арқасында қандай нәтижеге жетуге болатынын көрсетеді.

Бүгінгі таңда Солтүстік Аралдың 36 пайызға жуығы қайта қалпына келтірілді. Судың сапасы жақсарып, балық қоры молайды, маңайдағы елді мекендердің тұрмыс-тіршілігіне қан жүгірді.

Бүгін Халықаралық Аралды құтқару қорының жоғары деңгейдегі кезекті отырысын өткіземіз. Жиын барысында әріптестерімізбен бірге Қазақстанның осы ұйымға үш жылдық төрағалығын қорытындылаймыз», - деді Мемлекет басшысы.

Айта кетейік, саммиттің пленарлық отырысына Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов,  Армения Президенті Ваагн Хачатурян,  Моңғолия Президенті Ухнаагийн Хурэлсух, Грузия Президенті Михаил Кавелашвили, Әзербайжан Премьер-министрі Али Асадов, БҰҰ Бас хатшысының экономикалық және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Ли Цзюньхуа, БҰҰ Бас хатшысының орынбасары, БҰҰ Қоршаған орта бағдарламасының директоры Ингер Андерсен, сондай-ақ БҰҰ Еуропалық экономикалық комиссиясының атқарушы хатшысы Татьяна Молчан қатысып жатыр.

 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар