Жартылай өткізгішті жаһандық экономиканың жаңа жүйке жүйесі деп те атап жүр. Былтыр осы нарықтың табысы 830 млрд доллардан асып кетті. Кішкене ғана чиптер мемлекеттердің бәсекеге қабілетін, өндіріс қуатын, тіпті геосаяси салмағын айқындайтын басты факторлардың біріне айналып келеді. Кейінгі жылдары бұл саладағы өзгерістер тек технологиялық тренд қана емес, стратегиялық қауіпсіздік мәселесіне ұласты.
Жартылай өткізгіш жарысы
ЖИ сұранысы 2026 жылы да бағытынан танбаса, жартылай өткізгіш нарығының көлемі тарихта алғаш рет 1 трлн доллардан асып кетуі ықтимал. Әлем елдерінің осы нарықта табысқа жетуге ұмтылуы осы болжамның негізсіз емес екенін айғақтайды.
Мәселен, Қытай чип өндірісі қарқынын бұрын-соңды болмаған деңгейге жеткізді. Қытай өндірушілерінің бұл нәтижесі тек бизнес табысы емес, жүйелі саясаттың жемісі деуге болады.
Елдегі ең ірі өндіруші SMIC кірісін бір жылда 16 пайызға арттырып, 9,3 млрд долларға жеткізген. Hua Hong Semiconductor да тоқсандық табысы рекордтық деңгейге жеткенін жариялады. Ал жад микросхемалары сегментінде ChangXin Memory Technologies табысын бір жылда 130 пайыздан арттырып, 8 млрд доллардан асырды.
Мұндай серпін кездейсоқ емес. Нарықтағы басты қозғаушы күш – жасанды интеллект. Деректерді өңдеу орталығы, бұлт сервисі, электрониканың барлығына қуатты есептеу қажет. Соның нәтижесінде жад чиптеріне сұраныс күрт өсіп, тапшылық туындады. Бұл, өз кезегінде, бағаларды көтеріп, өндірушілердің табысын еселеді. Goldman Sachs деректері бойынша, 2022 жылдан бастап ірі тілдік модельдер инфрақұрылымын дамытуға жұмсалған жиынтық капитал шығыны 350 млрд доллардан асып түсті. Бұл – цифрлық экономика тарихындағы ең ірі капиталдың қайта бөлінісі.
Бірақ Қытайдың стратегиясы тек сұранысты пайдаланумен шектелмейді. Ел технологияны «элиталық ресурс» емес, жаппай қолжетімді құралға айналдыруға тырысып отыр. «Бір студент – бір чип» бастамасы осының айқын көрінісі. Бұл бастаманың мақсаты – микросхема жасауды бағдарламалау секілді базалық дағды деңгейіне түсіру. Яғни, әр студент бір чип жасап шығара алатындай деңгейге жетуі керек.
Алайда Қытайдағы бұл процестің бәріне сырттан қысым түсіп отыр деуге болады. АҚШ енгізген шектеулер Қытайдың озық технологияларға қолжетімділігін айтарлықтай шектеді. Дегенмен бұл қысым Қытайды әлсіретпеді, керісінше, ішкі өндірісін жедел дамытып, алға ілгерілеуіне сеп болды. Өнімділігі жағынан батыстық аналогтардан артта қалғанымен, қытайлық компаниялар өз экожүйесін қалыптастыруға көшті. Нәтижесінде, тәуелділік азайып, технологиялық дербестік күшейіп келеді. Goldman Sachs деректері бойынша, 2023-2024 жылдары жаһандық жабдық сатып алу нарығының 40 пайызы Қытайға тиесілі болған. Жауап ретінде АҚШ, Еуропа, Жапония мен Оңтүстік Корея өндірісті ынталандыру бағдарламаларын, атап айтқанда, CHIPS Act, Еуропа субсидияларын, Жапон гранттарын іске қосты.
Осы тұста жаһандық нарықтың тағы бір тренді айқындала түсті: сұраныс ұсыныстан озып барады. Тіпті, технологиялық амбициясы жоғары жобалар бұл алшақтықты одан әрі ұлғайтуы мүмкін. Илон Масктың Terafab бастамасы соның дәлелі. Оның жоспары – жылына 1 тераваттқа дейін өнім шығаратын, әлемдегі ең ірі чип зауытын салу. Бұл тек өндіріс емес, болашақ инфрақұрылымның негізі ретінде қарастырылып отыр. Ғарышқа жаппай жүк тасу, күн энергиясымен жұмыс істейтін спутниктер, миллиондаған гуманоид роботтың бәріне бұрын-соңды болмаған қуатты есептеулер қажет. Масктың бағалауынша, тек роботтардың өзіне ғана жүздеген гигаватт есептеу қуаты қажет. Ал спутниктер деңгейінде бұл сұраныс тераваттқа жетеді. Қазіргі өндіріс көлемі мұндай сұранысты қанағаттандыруға қауқарсыз. Маск сол олқылықтың орнын толтырмақ. Бірақ бұл әзірге жоспар ғана.
Алғашқы қадам жасалды
Мемлекеттер арасындағы бәсекеге қарамастан, жартылай өткізгіштер өндірісінің тағы бір ерекшелігі – оның толықтай жаһанданғанында. Бір чиптің артында ондаған елдің еңбегі тұрады. Кремний бір елде өндіріліп, басқа мемлекетте табақшаға айналады, ал интегралды схемалар үшінші елде басылады. Одан кейін өнім сынақтан өтіп, қапталып, басқа өңірлерде құрылғыларға орнатылады. Бұл процесс барысында бір ғана өнім бірнеше рет шекара кесіп өтеді. Яғни, бірде-бір елде толық өндіріс циклі жоқ. АҚШ чиптерді жобалайды, Тайвань және Оңтүстік Корея оларды шығарады, ал жабдықты Нидерланды мен Жапония жеткізеді. Күрделілігі мен құнына байланысты барлық өндірісті локализациялау, саланы толық бақылауға алу мүмкін емес. Бірақ оның белгілі бір бөліктерін игеру стратегиялық артықшылыққа айналары анық.
Мұны біз де үлкен мүмкіндікке айналдыра аламыз. Елімізде, атап айтқанда Ұлытау мен Жетісу өңірлерінде сапасы жоғары кварцтың мол қоры бар, ол қымбат маркалы кремний өндірісіне жарамды. Әрине, толыққанды чип өндірісін құру – тым қымбат және күрделі жұмыс. Бірақ шикізат, логистика, өңдеу және транзит бағыттарындағы орнымызды нықтауға әбден болады. Оның үстіне, орта дәліз ретіндегі рөліміз бізге қосымша басымдық бере алады.
Бұл бағытта біз алғашқы қадамды жасадық та. Былтыр профессор Нұрсұлтан Қабылқас пен шәкірттері жобалап шығарған Designed in Kazakhstan деген таңбасы бар микрочип таныстырылған болатын. Интеллектуалдық өнімді материалдық өнімге айналдыру үшін Тайваньдағы өндіріс ошағымен әріптестік орнатып, бір жылдың ішінде қазақстандық ғалымдардың дизайны бойынша микрочип жасалған. Nazarbaev University-дің микросхема мамандарын дайындау бастамасы Қытайдың «Бір студент – бір микрочип» бастамасымен үндес болып шығып, Юньган Бао қазақстандықтарға сапалы орта құру үшін көмек қолын созған.
Профессор Нұрсұлтан Қабылқас чип жасау процесін «жаһандық индустрияға апаратын соқпақ» деп сипаттаған еді. Оның айтуынша, команда дайын процессорды үш ай ішінде жобалап, сынақтан өткізген. Бұл уақыттың ішінде ең күрделі кезең дизайн емес, өндіріс болған.
– Бұған дейін қарапайым прототиптеріміз болғандықтан, бейімделу тез жүрді. Бәрінен де сол прототиптер негізінде жетілдірілген өнімді зауыттан өндіріп шығаруға көп уақыт кетті. Сыйымдылығына келсек, 64 биттік процессор. Процессордың жадын үлкейтіп, қосымша компоненттер қосса көптеген функцияға икемдеп пайдалануға болады. Қарапайым тілмен айтсақ, функционалы шағын, қарапайым компьютертектес техникаларға қолдану тиімді болмақ. Ал сіз сұрап отырған iPhone өндірісіне қолданылатын чип жасайтындай білімге жету үшін осы қарқынмен кемінде 3-4 жыл тынбай еңбектену керек болатын шығар. Түпкілікті мақсатымыз да –сондай деңгейге жету. Бұл жерде ең басты құндылық – қазақстандық мамандардың микрочиптерді өз бетімен дизайндап, бағдарламалай алатын құзыретті игеруінде. Ал микрочипті қолданыс мақсатына қарай икемдеп жетілдіру, құрылымын күрделендіру – уақыттың еншісіндегі дүние, – деген еді Нұрсұлтан Қабылқас өнімді таныстыру үшін өткізген іс-шарада.
Бұдан бөлек, былтыр Семейде электроника мен чип өндірісін дамытатын жаңа индустриялық парктің құрылысы басталған еді. Жобаны Қазақстан мен қытайлық инвесторлар бірігіп жүзеге асырып жатыр. Бұл бастама Абай облысы делегациясының Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Алтай қаласында өткен халықаралық «Үлкен Алтай» субөңірлік конференциясы аясында қол қойылған келісімдердің алғашқы нақты нәтижесі деп жарияланған болатын.
Кәсіпорында микросхемалар, оптоэлектронды модульдер, интеллектуалды хост-контроллерлер, қуат блоктары, энергия үнемдейтін шамдар мен электрондық дисплейлер өндірілмек. Жобаның жалпы құны 50 миллион АҚШ долларына жетеді және 2025-2028 жылдары үш кезеңде іске қосылады деп жоспарланған. Құрылыс кезеңінде 140 адам жұмысқа тартылса, зауыт толық іске қосылған соң 500-ден астам тұрақты жұмыс орны ашылады.
Сондай-ақ зауыт Семейдегі IT және жаңа технологиялар колледжімен ынтымақтастық орнатып, студенттерді өндірістік тәжірибеден өткізіп, кейін тұрақты жұмысқа қабылдауды жоспарлап отыр. Жаңа өндіріс орны Қазақстан нарығына ғана емес, ТМД елдері мен Еуропаға экспортқа да шығуға да үмітті.
Руслан Сұлтанов,
экономист:
Микроэлектроника ұлттық мақтанышқа айналмауы керек
– Қазір өз болашағын ойлайтын әрбір ел чип туралы айта бастады. Себебі чип – цифрлық экономиканың негізі. Оларсыз өнеркәсіп те, байланыс та, қорғаныс та жоқ. Мақсат та түсінікті, барлығы чип жасағысы келеді. Бірақ күрделі технологиялардың шынайы логикасы басқаша. Бұл ақша мәселесіне де, саяси ерік мәселесіне де, тіпті стратегия мәселесіне де тірелмейді. Бұл институттарға, кадрға және жаһандық технологияларға деген қолжетімділікке сын. Бұл сыннан өте алмаған өндіріс бос жабдыққа және даулы істерге айналады. Бұл үрдіс барған сайын айқынырақ көрініп отыр, сондықтан ол еліміз үшін де маңызды.
Кейінгі жылдары мемлекеттер микроэлектроникаға орасан зор қаржы құйды. Субсидия көбейді. Қор ұлғайды. Мақсат зорая түсті. Бірақ нәтиже біркелкі болмады. Саланың жетілген сегменттерінде өсім тезірек жүрді. Ал ең күрделі сегменттерде прогресс баяулады. Технологиялық талап неғұрлым жоғары болса, күту мен шындықтың арасы соғұрлым алшақ болды. Бұл кездейсоқтық емес. Саланың табиғаты сондай деуге болады.
Чип өндірісі бір ғана технология, тұтас тізбек. Дизайн, материалдар, жабдық, литография, қаптау, тестілеу, бағдарлама орнату, кадр. Әр элемент жылдар бойы жиналған тәжірибені талап етеді: білімге қолжетімділікті, жаһандық тізбекке кірігуді. Мұнда бір сатыны аттап өту, жабылып қуып жету мүмкін емес. Толық циклды жалғыз өзің жасауға тырысу сын-қатерді күрт арттырады.
Шын мәнінде ірі экономикалардың өзі барлық тізбекті тұтас бақылай бермейді. Олар сегмент таңдайды. Бұл әлсіздік емес, бірақ саяси дискурста дербестік, егемендік, өзін-өзі қамтамасыз ету сияқты басқа логика басым болады. Күрделі технологияларда бұл логика физика мен экономикаға тіреледі.
Микроэлектрониканы жедел дамытуға тырысқан тәжірибеден қайта-қайта бір нәтиже байқаймыз: ақша тез бөлінеді, жобалар дабырамен басталады, өңірлер нәтиже көрсетуге асығады, фабрикалар салынады, жабдық сатып алынады, бірақ бірнеше жылдан кейін күрделі жайт алдан шығады. Кадр жоқ, негізгі технологияға қолжетімділік жоқ, тұрақты сұраныс жоқ, нарыққа жол жоқ. Осылайша, жоба тоқтап қалады. Кейде мәңгіге тоқтап қалады.
Басты проблема ақшада емес. Проблема – институттарда. Күрделі технологиялар имитацияны кешірмейді. Мұнда шаршы метрмен немесе инвестиция көлемімен есеп беру мүмкін емес. Нәтижесі біреу – не нарық жұмыс істейді, не істемейді. Басқарудағы, бақылаудағы немесе сараптамадағы кез келген әлсіздік бірден ұлғайып шыға келеді. Серіктесті таңдаудағы қателік, технологияны бағалаудағы қателік, уақытты есептеудегі қателік, осының бәрі өте қымбатқа түседі.
Еліміз бұл тәжірибеден маңызды сабақ алуға тиіс. Экономикамыз ашық, нарық көлемі шағын, ал кадр қоры шектеулі. Сондықтан күрделі технологияға салынатын кез келген инвестиция салқын есепті, нақты бағалауды қажет етеді. Біз тізбектің қай бөлігінде тиімді жұмыс істей аламыз, ал қай бөлігінде осалмыз – осыны анық білу маңызды.
Технологияға қолжетімділік те – шешуші фактор. Микроэлектроника саласында ешқашан толық еркіндік болмаған: экспорттық шектеулер, лицензиялар, стандарттар мен патенттер – шындықтың бір бөлігі. Қолжетімділік тарылған кезде субсидия қанша болса да, даму баяулайды. Әсіресе, технологиялық тар бағыттарда бұл айқын көрінеді. Ақша жабдықты алмастырмайды, жабдық ноу-хауды алмастырмайды, ал ноу-хау адамдарсыз пайда болмайды.
Кадр мәселесінің де айрықша орны бар. Микроэлектроника маманданған мыңдаған инженерді қажет етеді. Оларды екі жылда дайындау мүмкін емес, бір жақтан әкеле де алмаймыз. Мұндай кадрлар ондаған жылда қалыптасады. Дамыған елдерде кадр ақшадан да маңызды рөл атқарған. Мемлекет стратегияда қателессе де, мықты командалар бағытты түзетуге септеседі. Ал бізде алдымен жоба, кейін университет, содан кейін даярлау бағдарламасы. Ал күрделі технологияда бәрі керісінше: алдымен адамдар, содан кейін жобалар. Бұл ережені елемеу кез келген инвестицияны сын-қатерге айналдырады.
Тағы бір қауіп – саланың саясаттануы. Микроэлектроника ұлттық мақтанышқа айналғанда, орындаушыларға түсетін қысым күшейеді. Тез нәтиже күтеміз, есептер әдеміленеді, проблемалар жасырылуы мүмкін. Сараптама екінші орынға ығысады. Күрделі технологияда қиындықтар мен проблемаларды ертерек білу – қауіптің алдын алудың негізгі шарты.
Сегментті дұрыс таңдау да аса маңызды. Алдыңғы қатарлы технологиялық түйіндерге бірден кіруге тырысу көбіне сәтсіздікке апарады: кедергі жоғары, бәсеке қатал, қателер кешірілмейді. Тұрақты стратегия жетілген сегменттерге сүйенеді: қаптау, тестілеу, арнайы чиптер, маңызды шешімдер. Мұнда кіру жеңіл, экономикасы түсінікті, кадр қолжетімді, экспорттық мүмкіндіктер де нақты.
Сонымен қатар қорлар мен жобаларды басқару – шешуші мәселе. Микроэлектроника саласында басқарудағы қателік өте қымбатқа түседі. Егер шешімдер тәуелсіз сараптамасыз қабылданса, бақылау әлсіз болса немесе KPI нақты нәтижелердің орнын басса, сала өз бетінше өмір сүре бастайды. Жобалар көбейеді, ақша жұмсалады, бірақ нәтиже болмайды.
Күрделі технологияға барсақ, ерекше ереже қажет: тәуелсіз техникалық аудит, капиталдық шығынды қатаң бақылау, ашық бенефициарлар, шынайы мерзімдер, қажет болған жағдайда жобаны жабуға дайындық. Позитивті жағы да бар: күрделі технология әрдайым толық циклді талап етпейді. Ол – құзырет мәселесі. Тізбектің бір ғана сегментіне қатысу да нәтиже береді: кадрлар дайындау, экспорт, әлемдік экономикаға кіру мүмкіндігі ашылады. Бірақ бұл тек таңдау салқын есеппен жасалған жағдайда ғана жүзеге асады.
Микроэлектроника – мемлекеттің қаншалықты есейгенін тексеретін мінсіз сынақ. «Жоқ» деп айта алу, шектеуді мойындай алу, бағытты дұрыс таңдай алу, ұзақ ойнай алу – сынақтың талаптары. Оны орындауға бәрі дайын емес. Бірақ оны елемеу – одан да қауіпті.
Біздің өз-өзімізге қоятын сұрағымыз басқаша болуы керек: біз өз чиптерімізді жасай аламыз ба деп емес, біз жаһандық тізбектің нақты қай бөлігінде қауқарлы бола аламыз және осы таңдау үшін қажетті институтты құра аламыз ба деген сұрақ туындауы керек. Сол сұраққа берілетін жауап күрделі технологияға салынған инвестиция өсім әкеле ме, әлде қымбат сабаққа айнала ма, соны анықтайды.
Осылайша, жартылай өткізгіш жарысында біз де алғашқы қадамдарды жасадық. Дегенмен чип төңірегіндегі бәсеке бізге бір нәрсені анық көрсетіп отыр: XXI ғасырда экономикалық ықпал бір ғана фактормен өлшенбейді. Бұл, екінші жағынан үлкен мүмкіндік көзіне де айнала алады. Негізгі капитал – технологиялық тізбектегі орның.