Tradwife тренді: дәстүрге оралу ма, қозғалыс па?

/
Tradwife тренді: дәстүрге оралу ма, қозғалыс па?
сурет: istockphoto.com

«Әйел – бір қолымен бесікті тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Десе де, қазіргі түсінік әртүрлі. Кей қыз-келіншектер бесік тербетіп, отбасы, ошақ қасында болуды қаласа, кейбірі қызмет істеп, мансап иесі болып, қос жауапкершілікті қатар алып жүруді қалайды. 2024 жылы ағылшын тіліндегі ең беделді сөздіктердің бірі – Cambridge Dictionary онлайн-нұсқасына 6 мың жаңа сөз қосты. Олардың арасында TikTok желісінен таралған жасөспірімдер сленгі де бар. Соның ішінде tradwife («дәстүрлі әйел») ұғымы ерекше назар аудартты. Tradwife сөзі отбасында өз еркімен дәстүрлі гендерлік рөлдерді атқаратын әйелді сипаттайды. Мысалы, үй шаруасымен айналысып, бала тәрбиелейді. Кейінгі уақытта мұндай әйелдер жайлы видеоблогтар TikTok пен басқа да платформаларда кең танымал бола бастады. Бұл қандай тренд? Дәстүрге оралу ма, әлде идеология ма? Осы тақырыпты қаузап көрмекпіз.

Girlboss пен Tradwife

2010 жылдардың басында girlboss ұғы­мы кеңінен таралды. Бұл сөз алғашында жай ғана әлеуметтік желілердегі хэштег ре­тінде таралғанымен, уақыт өте келе тұтас бір идеологияға, тіпті қозғалысқа айналды. Оның негізінде әйелдердің өз тағдырын өзі басқаруға, мансапта табысқа жетуге, әрі со­нымен қатар нәзіктігін жоғалтпауға де­ген ұмтылысы жатты. 2014 жылы София Аморузоның Girlboss кітабынан кейін бұл ұғым тек бизнес саласында ғана емес, күн­делікті өмір философиясына айналды. Амо­рузоның қарапайым eBay сатушысынан та­бысты компания басшысына дейінгі жо­лы – мыңдаған жас қыз-келіншекке шабыт бер­ді. Girlboss идеясының түпкі мәні – әйел адамның өз мүмкіндіктеріне сенуі, тәуелсіз болуы және қоғамдағы қалыптасқан шек­теулерді бұза білуі. Бұл қозғалыс әйел­дер­дің тек отбасы аясында ғана емес, іскерлік әлем­де де өз орнын таба алатынын айқын көр­сетті. Олар стартаптар ашты, ірі ком­панияларды басқарды, креативті ин­дуст­рияда жаңа бағыттар қалыптастырды. Де­ген­мен уақыт өте келе girlboss қозғалысы сынға ұшырай бастады. Кейбір сыншылар оның тек белгілі бір әлеуметтік топтағы, яғ­ни көбіне қалалық, білімді, мүмкіндігі бар әйелдердің ғана тәжірибесін көр­се­тетінін айтты. Сондай-ақ «барлығына қол жет­кізуге болады» деген ұран кей жағдайда шы­найы өмірдің күрделілігін елемейтіндей көрінді. Кейбір сыншылар бұл ұғымды ка­питализм мен патриархаттың кемшіл­ік­те­рін жоюдың орнына, әйелдердің сондай жүйе­де «әмірші» болуға тырысуы деп са­най­ды. Қазір бұл термин көбіне әлеуметтік же­лілерде ирониялық мәнде қолданыл­ғаны­мен, girlboss феномені өз дәуірінің маңыз­ды мәдени белгісі ретінде тарихта қал­ды. Ол әйелдердің өзін-өзі тануына, өз дау­сын табуына және батыл қадам жасауы­на серпін берді. 
Дәл осы құбылысқа қарсы мән ретінде 2020 жылдың басында Tradwife термині де та­нымал болып үлгерді. Ол ағылшын тілін­дегі traditional wife сөзінен шыққан, яғни «дәстүрлі әйел» деген мағынаны білдіреді. Tradwife бағытын ұстанушылар көбінесе Аме­рикадағы 1950 жылдардағы үй шаруа­сын­дағы әйелдерді мысалға алады. Олар­дың түсінігінде мұндай әйелдер күні бойы сәнді көйлек киіп, үйде жеңіл әрі әдемі қоз­ғалып, тұрмысты да, бала тәрбиесін де оңай атқарады, ал кешке күйеуін кешкі ас әзірлеп күтіп алады. Мұндай образды сол кез­дегі шыққан «Степфорд әйелдері», «Уайым­дама, жаным», «Плезантвиль» фи­льм­дерінен байқауға болады. 

Дәстүрлі әйелдер: олар кімдер?

Мұнда ер адам – асыраушы, ал әйел – жар және ана. Олар өмірін то­лық­тай отбасына арнап, мансап пен жұмысты еле­мейді. Tradwife ұғымы британдық Алёна Кейт Петтиттің «This Morning» таңғы шоуы­на берген сұхбатында өзін «дәстүрлі әйел­мін» деп атағаннан кейін кеңінен та­ны­мал бола бастады. Оның бұл өмір сал­тын насихаттайтын жеке сайты да бар. Бір­ақ ол мұндай өмір салтын ұстанып, әлеум­еттік желіде бенлсенді болған жалғыз жан емес еді. Бұл бағытта танымал аккаунт көп. Мысалы, бұрынғы балерина Ханна Райт­тың Instagram-дағы блогына 10 мил­лион адам жазылған, ал TikTok-та 9,8 мил­лионға жуық. Сондай-ақ модель Нара Смит­тің де екі платформада миллиондаған оқырманы бар.
«Тренд неге танымал болды?» деген сұ­рақ­қа сарапшылар бірнеше ой айтады. Сарап­шылардың пікірінше, бұл тренд cottagecore эстетикасының ықпалымен тарал­ған. 
Біріншіден, бұл әдемі көрініс адамның назарын ерекше тартады. Көпшілікке әдемі киінген әйелдің ас үйде жүріп, балалар мен үй жануарларының ортасында тіршілік еткенін көру ұнайды. Мұндай видеолар көңіл-күйді тыныштандырып, демалды-рады. 
Екіншіден, пандемия әсері. Бұл трендтің өрлеуі коронавирус кезеңімен тұспа-тұс кел­­ді. Адамдар ұзақ уақыт үйде отырып, та­би­ғатқа, жерге, қарапайым өмірге – бау-бақ­­ша, үй жануарлары сияқты дүниелерге жа­­қындауды қалады. Бұл – ауыл өмірін, қа­­ра­пайымдық пен еркіндікті романти­зация­лайтын бағыт. Адамдар үздіксіз же­тіс­тікке ұмтылудан шаршап, жеке уақытын бағалай бастады, шекараларын айқындап, «тәулік бойы жұмыс істеу ғана табысқа жет­кізеді» деген түсінікке қарсы шыға бас­тады.
Үшіншіден, гендерлік әлеуметтік рөл­дер. Бұл тренд ерлерге де, әйелдерге де ұна­ды, бірақ әртүрлі себеппен. Ерлерге – үй шаруасымен айналысатын, күйеуіне бағы­ныш­ты әйел образы ұнады. Ал әйелдер үшін бұл белгілі бір міндеттерден «құтылу­дың» жолы сияқты көрінді. «Мұндай рөлге қандай әйел сай келеді?» деген сауалға психологтар: отбасына шынайы қамқорлық пен махаббат көрсетуге дайын, пат­риар­хал­дық құндылықтарда тәрбиеленген, осын­дай өмір салты қалыпты саналатын орта­да өмір сүретін әйелдер бейім дейді. Ма­мандардың айтуынша, tradwife әйел­дерге тән басты қасиет – ер адаммен бәсе­ке­лескісі келмеуі және мансапқа қатысты үл­кен амбицияның болмауы дейді. 

Жеке таңдау ма әлде трендке ілесу ме?

Иә, қазіргі феминизм әйелге таңдау ер­кіндігін береді. Қаласа үй шаруасындағы әйел бола алады, қаласа мансап қуа алады, ба­ла тәрбиелей алады, өзіне күтім жасай ала­ды. Бірақ іс жүзінде әйелден бір уақытта жұмыс істеу, үй қарау, бала тәрбиелеу талап етіледі. Ал тәулікте бар болғаны 24 сағат. Сон­дықтан кейбір әйелдер «дәстүрлі әйел» рө­лін таңдаса, кем дегенде бірқатар мін­дет­тер азаяды деп ойлайды. King’s College London зерттеушісі, әлеуметтанушы Хид­жун Чонг бұл құбылысты: «Бұл дәстүрге оралу емес, қазіргі өмірдің ауыр талап­тары­нан шаршаған әйелдердің сигналы» деп түсіндіреді. Оның пікірінше, қазіргі қоғам әйелден бір уақытта екі рөлді талап етеді: та­бысты мансап иесі болу және мінсіз ана болу. Осы «мүмкін емес стандарттар» кей­бір әйелдерді қарапайым әрі түсінікті рөл­дерге қайта қарауға итермелейді.
Трендтің танылуына негізгі себеп – әлеу­меттік желілер. Кейбір сарап­шы­лар бұл тек үй шаруасындағы әйелдің об­разы емес, ол әлеуметтік желіде әдейі жа­сал­ған мәдени код екенін айтады. Бұл қоз­ғалыста әйел өзін отбасының ұйытқысы ре­тінде көрсетіп, күйеуін негізгі асыраушы ре­тінде қабылдайды. Контенттің өзегі – ты­ныштық, үйлесім, «қарапайым бақыт». Әде­мі, бай, уайымсыз өмірді көрген әйелдер со­ны қайталағысы келеді. Бірақ олар маңыз­­­­ды нәрселерді ескере бермейді. Ви­део­дағы дәстүрлі әйелдер бай-бақуатты ер­­лерге тұр­мысқа шыққандықтан, олардың өмірі қам­тамасыз етілген. Ал өмірде бар­лы­ғы ви­деодағыдай бола бермейді. Tradwife әйелдер ер адамдарға тәуелді емес, керісінше TikTok-тағы қаралымдар арқылы қомақты табыс табады. Көп жағдайда олардың ар­тын­да операторлар мен монтажерлерден құрал­ған тұтас команда жұмыс істейді. Алай­да бұл бейне тек тұрмыстық өмірді ғана емес, белгілі бір идеологияны да жет­кізеді. Зерттеулерге сүйенсек, бұл тренд зама­науи феминистік көзқарастарға қарсы аль­тернативті өмір салты ретінде ұсыны­ла­ды. Мысалы, 1970 жылдары Аустралияда Women Who Want to Be Women ұйымы фе­минизмге қарсы шығып, әйелдердің то­лықтай үй шаруасындағы рөлін қолдаған. Алайда бұл ұғымның қарама-қарсы жағы да бар. Кей зерттеулерде «дәстүрлі әйел» термині бұрын оңшыл радикалды топтарда қолданылғаны айтылады. Олар әйелдерді ерлерге бағынуға және көп бала тууға ша­қырған.
Сондай-ақ трендті медиа-жобалар қалыптастырып отыр. Көпшілік та­нымал tradwife әйелдерді отбасы үшін ты­нымсыз еңбек ететін жандар деп ойлай­ды. Бірақ инфлюенсер болу – бұл да жұмыс. Оның артында тұтас команда тұрады. Сапалы видео түсіру – өте көп уақыт пен ре­сурс­ты қажет етеді: жарық, дыбыс, бірне­ше камера, монтаж. Мысалы, Нара Смиттің әр видеосындағы мінсіз шаш үлгісі мен ма­кияж – бұл да ұзақ дайындықтың нәти­же­сі. Яғни, бұл әйелдер бастапқыда-ақ бай не­месе ресурсы бар адамдар, әрі осы кон­тент арқылы одан сайын байи түседі. 
Иә, Tradwife блогерлер бұл рөлді ойнау ар­қылы табыс табады. Егер кейбір инфо­бизнес өкілдері бай өмірді көрсету үшін жалған атрибуттарды қолданса, дәстүрлі әйелдер жағдайында нақты не болып жат­қаны да әрдайым түсінікті емес. Әйел үй шаруасындағы рөлді таңдауы мүмкін, бірақ оның өмірі интернеттегі видеолар­да­ғыдай болмайды. Себебі әсем көйлекпен тамақ дайындау – тек контент үшін.  Кәдімгі үй шаруа­сындағы әйел экзотикалық шырын жасап отырмайды, ол көбіне отбасын шек­теулі бюджетпен қалай асырауды ойлайды. Дәстүрлі әйелдер камера алдында тағамды «нөлден бастап» дайындайды. Мысалы, қа­мыр жасау үшін олар бидайды өздері ұн­тақ­тап, ұн алады. Сары май қосу үшін сиыр сауып, сүттен қаймақ жинап, оны шайқап май жасайды. Жұмыртқаны тауық қорасы­нан алады. Ал шынайы өмірде бәрін «нөл­ден» жасау тиімсіз. 

Статистика не дейді?

Әлеуметтік желіде бұл тренд өте таны­мал көрінгенімен, статистика басқаша сөй­лейді. Мысалы, Германияда жүргізілген зерт­теуде жас әйелдердің тек шамамен 20 пайызы ғана дәстүрлі рөлдерге жақын көз­қарас­ты қолдайды, ал көпшілігі теңдікке ұмтылады. 18-34 жас аралығындағы 1 000 әйелге жүргізілген зерттеу «дәстүрге толық оралу» үрдісі жоқ екенін көрсеткен. Кері­сін­ше, әйелдердің көбі жұмыс пен отбасы ара­сындағы тепе-теңдікке қол жеткізе ал­май, қысым сезінетінін айтады. Яғни, әлеу­меттік желідегі «идеалды өмір» – көп жағ­дайда шынайы әлеуметтік тренд емес, визуалды иллюзия. Елдер арасындағы айыр­машылықтар да көп нәрседен хабар бере­ді. Себебі бұл феномен әр елде әртүрлі қа­былданады. Мәселен, АҚШ пен Ұлыб­ри­танияда – бұл тренд көбіне консервативті құн­дылықтармен және діни көзқа­рас­тармен астасады. Онда «үйдегі әйел» образы идеологияға айналады. Нидерланд сияқты Еуропа елдерінде – қоғам бұл құбылысқа сын көзбен қарап, медиа кеңістікте қызу пі­кірталас тудырады. Қытайда да ұқсас құ­былыстар бар болғанымен, олар дәс­түр­ден гөрі әлеуметтік қысым мен гендерлік нор­малардың көрінісі ретінде қарас­тыры­лады. 
«Үй шаруасымен кім айналысқан дұ­рыс?» тақырыбындағы зерттеулер де көп нәр­седен хабар береді. Көпшілік әйелдер та­залыққа бейім болғандықтан үй шаруа­сын көп істейді деп ойлайды. Айталық, қазақта «Қыздың жиған жүгіндей» деген сөз бар. Бірақ зерттеулер бұлай емес екенін көр­сетеді. Бір тәжірибеде ерлер мен әйел­дер­ге әртүрлі бөлмелердің суреттері көр­се­тіліп, олардың қаншалықты лас екенін ба­ға­лау ұсынылған. Нәтижесінде, айыр­ма­шылық болмаған – ер адамдар да тәртіп­сіз­дікті жақсы байқайды. Ал «кім тазалық жасауы керек?» деген сұрақта қызық нәти­же шыққан. Егер бөлмеде жалғыз әйел тұр­са – көбіне өзі жинайды деп ойлаған, егер ер адам тұрса – қызметкер жалдайды деп болжаған, ал жұп тұрса – міндет көбіне әйелге жүктелген. Бұл пікірді ерлер де, әйел­­дер де ұстанған. Сонымен қатар ша­шы­­лып жатқан бөлме үшін әйел адамды ер адам­ға қарағанда «ұқыпсыз» немесе «жауап­сыз» деп бағала­ған. Бұл қоғамдағы сте­реотиптердің әсерін көр­сетеді. Күн­де­лік­ті өмірде де мұны бай­қауға болады. Мы­салы, «Сен қызсың ғой, неге бөлмең лас?» деген сөз жиі айтылады да, ал «сен ұл­сың ғой» деген ескерту сирек ес­тіледі.
Осы ретте біз қазақстандық блогер, көп ба­ла­ның анасы Мөлдір Анарбаеваның атал­ған трендке қатысты ойын білмек бол­дық. Кезінде телеарна журналисі болған бло­гер бұл күнде әлеуметтік желілер ар­қы­лы отбасылық құндылықтарды насихаттап ке­леді. Оның ойынша, қыз бала отбасылық мін­деттерді тек әйел атқаратын іс деп қа­был­дамау керек. «Мәселен, мен үй шаруа­сымен айналыссам, бұл менің тек әйелдік міндетім ғана емес, маған ләззат сыйлайтын іс. Мен солай қабылдаймын. Көп әйел мұны міндеті болғаны үшін ғана жасайды. Үйдің таза болғаны, ыдыс-аяқтың таза әрі ұқып­ты орналасқаны әйелге ләззат, жайлылық сыйлайды емес пе? Сондықтан үй шаруасы, тамақ істеу, тазалық жасауды күрделендіруге болмайды. Рас, қазіргі буын ұрпақтары басқаша ойлайды. Мысалы, менің бойжет­кен қызым да «үй шаруасы тек әйелдің міндеті емес, ер адамға да тән жұмыс» деп қабылдап, үй шаруасына ер адамның да көмектескенін қалайды.   Ал менің түсінігім бұған қарама-қайшы», – дейді.

Психологтар не дейді?

Психологтар бұл трендтің тамыры тереңде екенін айтады. Мамандар­дың айтуынша, мұнда психологиялық кон­текст үлкен рөл атқарады. Қазіргі әлем­де әйелдерге қойылатын талаптар өте жо­ғары: мансап, жетістікке жету, сырт кел­бет, қарым-қатынас, жеке даму. Осындай жағ­дайда уақытын «толықтай үй мен отбасыға арнау» идеясы жеңілдік сияқты көрінуі мүмкін. Көп әйел өмірдің барлық саласына бірдей үлгеру мүмкіндігі жоқ екенін түсініп, «мен барлық жерде суперқаһарман болуға міндетті емеспін» деп «қарапайым бақытты ғұмырды» таңдайды. Бірақ бәрі біржақты емес Адам психикасы күрделі. Егер әйел өзін толықтай басқаларға – отбасына, ба­ла­лары­на, күйеуіне арнап, өз қажетті­лік­терін еле­ме­се, бұл ішкі қайшылыққа әкелуі мүмкін.
Сонымен қатар психологтар тәжіри­беде сырттай мінсіз көрінетін әйелдердің де мәселелері бар екенін айтады.  Жайлы үй, дәмді кешкі ас, қамқор күйеу, бақытты балалар. Бірақ олардың ішінде мазасыздық, бос сезім және «өзімді жоғалтып бара жа­тыр­мын» деген ой болуы мүмкін дейді. Пси­хологиялық тұрғыдан бұл – ішкі қа­жет­тіліктер мен таңдалған рөл арасындағы қайшылық. Кейбір әйелдер үшін бұл өмір салты шынайы қанағат пен мағына береді. Егер ішкі қалауы tradwife образына сәйкес келсе, бұл эмоционалдық тұрғыдан қуат бере­тін ресурс болуы мүмкін. Мұнда негізгі ұғым – саналы таңдау. Егер әйел: «Мен бала­лармен уақыт өткізгенді, үйге қарағанды, күйеуімді қолдағанды ұнатамын» деп, со­нымен қатар ішкі еркіндігін сақтаса, онда ол күйзеліссіз, үйлесімді өмір сүре алады дей­ді мамандар.
Tradwife – біржақты жақсы немесе жа­ман құбылыс емес. Әйелдің бұл рөлді қан­шалықты саналы түрде, өз құндылықтарына сай таңдағанына байланысты. Егер бұл – мәжбүрлі таңдау немесе мазасыздықтан қашу болса, онда ішкі қайшылықтарға тап бола­ды. Ал егер бұл – саналы, шекарасы бар таңдау болса, онда бұл рөл үйлесімді әрі қа­нағат әкелуі мүмкін. 
Мамандар қыз-келіншектерге бұл тренд қызықтырса келесідегідей кеңестер береді: өз эмоцияңызды бақылаңыз, өзіңіз­ден «мен шынымен нені қалаймын?» деп сұраңыз, «қоғам не дейді» емес, «маған не керек» дегенге назар аударыңыз, асықпай, кішкентай қадамдармен өз шекараңызды зерттеңіз. Ең бастысы Tradwife – бұл бет­пер­де немесе мінсіз образ емес. Бұл – жеке таң­дау мен ішкі үйлесім туралы мәселе дей­ді психолог-мамандар.

Қарым-қатынас жөніндегі сарапшы Тиффани Макги:
«Бұл концепцияны толық қолдауға да, толық жоққа шығаруға да болмайды. Ең маңыздысы – бұл таңдау шынайы ішкі қалаудан ба, әлде қоғам қысымынан ба – соны түсіну», – дейді. Иә, бұрын «әйел теңдігі» ұғымы мәселе болса, бүгінгі күні ол «гендерлік теңдік» деген үлкен саясатқа ұласып, Мемлекет басшысының қолдауымен осы гендерлік теңдік аясында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың профилактикасы туралы» заң қабылданды. Бұл заң тек әйелдерге ғана емес, отбасының басқа да мүшелерінің тең құқықтарын сақтап, тұрмыстағы, қысымды болдырмауға ықпал етеді. Жалпы, гендерлік саясат – екі жұптың теңдігін әспеттеу, іскерлік қарым-қабілеті мол әйелге қолдау көрсету. Яғни, қалыпты өмір ырғағын бұзатын жағымсыз әрекеттерге заңмен тосқауыл қою арқылы ерлерінен жәбір көретін әйелдерді қолдап, отбасында тепе-теңдік пен үйлесімділік, гармония орнату. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары