Танымал актер Дәурен Серғазин Республика күні қарсаңында Ақордада «Құрмет» орденімен марапатталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ол бұл құрметті өнердегі 20 жылдық еңбегінің қорытындысы деп бағалады.
«Өнер саласында жүргеніме биыл 20 жыл толды. Бұл марапатты сол еңбегімнің қорытындысы деп білемін. Марапат жауапкершілікті одан әрі арттырып, Қазақстан халқына мәдениет саласында қызмет етуге жаңа күш-жігер береді. Сондықтан өте қуаныштымын. Барша қазақстандықтарды айтулы мерекемен құттықтаймын! Аспанымыз ашық, заманымыз тыныш болсын! Әр шаңыраққа жақсылық тілеймін. Әр азамат еліміздің дамуына өз үлесін қосса, нұр үстіне нұр болар еді», – деді Дәурен Серғазин «Qazaqstan» телеарнасына берген сұхбатында.