Air Astana әуекомпаниялар тобы Қазақстан астанасынан халықаралық әуе қатынасын дамытуды жалғастырып, жаңа бағыттар ашып, рейстер жиілігін арттырып, Астанадағы операциялық қызмет ауқымын кеңейтіп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
2026 жылы әуекомпаниялар тобы Астанадан жаңа сегіз тұрақты және чартер бағыт ашты: Гуаңжоу, Бангкок, Ларнака, Даламан, Батуми, Ыстықкөл, Салала және Инин. Былтыр болса, жеті бағыт ашылған еді: Санья, Жидда, Мәдина, Нячанг, Дананг, Аланья және Кутаиси. Қазір топтың Астанадан ұшатын бағыттар желісі жоғарыда атап өткендерді қоса алғанда, 32-ге жетті.
Бағыттар желісін дамыту ірі іскерлік және экономикалық орталықтарды, соның ішінде Гуаңжоу мен Бангкокты, сондай-ақ туристер көп баратын бағыттарды қамтуға бағдарланған.
Сонымен қатар Air Astana Астанадан қатынайтын қазіргі халықаралық бағыттар бойынша апта сайынғы рейс санын 99-дан 116-ға көбейтіп жатыр. Олардың қатарында Бейжің, Сеул, Франкфурт, Ыстанбұл және Дубай бар. 2025 жылмен салыстырғанда Астана-Бейжің бағытымен ұшатын жолаушылар тасымалының сыйымдылығы - 55%-ға, ал Сеул мен Ыстанбұл бағыттарында 20%-ға артты.
Әуекомпаниялар тобы елордадағы операциялық қызмет ауқымын да нығайтып келеді. Астанада орналасқан әуе кемелерінің саны 2024 жылы 13 ұшақ болған еді. Ал 2026 жылы жазда 16 ұшақ болып көбейді. 2027 жылы 22 ұшаққа жетеді деген жоспар бар. Сол себепті топтың техникалық, оқу және әкімшілік бөлімшелерінде, сондай-ақ Астана әуежайында жолаушыларға қызмет көрсету саласында жұмыс істейтін қызметкерлер саны да артып отыр. Топтың елордадағы қызмет ауқымының кеңейгені серіктестер саны мен тауарлар мен қызметтер сатып алу көлемінің артуы арқылы жергілікті бизнестің дамуына да ықпал етіп, қаланың экономикалық дамуына үлес қосады.
Осы өзгерістердің арқасында жолаушыларда таңдауға болатын халықаралық бағыт көбейеді, адам көп баратын бағыттарда қолжетімді орын саны артады және іскерлік әрі туристік сапарларды жоспарлау жеңілдей түседі.
Бағыттар желісінің кеңейгені, рейстер жиілігінің артқаны және Астанада базаланатын әуе кемелері санының көбейгені елорданың Қазақстандағы негізгі халықаралық авиациялық хабтардың бірі деген позициясын одан әрі нығайтуға ықпал етеді.