Бекарыс Шойбеков – түйін жасаудың шебері, шаппа-шаптың ақыны. Кез келген ситуациядан шығып, сөз жарыстырып отырған адамын өзі ойластырған қақпанға түсіреді де, «келсең – кел» айтысында шоқтығы биік тұрады. Футболда ойыншылар шеберлігі емес, жаттықтырушының дұрыс тактика құруы маңызды болса, ол да сахна психологиясының ішкі-сыртқы мазмұнын, бейнелеп айтқанда, қарсылас қақпасына доп салудың әдіс-айлаларын жақсы біледі. Егер жекпе-жек айтыстарға букмекерлік кеңселерде бәс тігілсе, «оңтүстіктің «киллері» жеңеді» деген коэффициент басым болар еді.
Оның сахнада өзін-өзі ұстауы, домбыра тартысы, қоңыр мақамы, әдемі жымиысы тартымды образын қалыптастырды. Кейбіреулер ел алдына бар салтанатымен шығып, гардеробының байлығын таныстырғандай әсер қалдырса, оңтүстіктің от тілді ақыны барынша қарапайым. Ағылшын халық аңыздарының атақты кейіпкері Робин Гуд тәрізді бұқараның өз өкілі екенін сездіріп тұрады. Соның тілінде сөйлеп, әлеуметтік теңсіздіктердің ішкі қоясын ақтарып, аузына тілі симай тұрғанда тежеліп қалмайды. Демократиясы орныққан батыс теледидарында орта жастан асқан, тіпті, зейнеттегі журналистер экраннан кетпей, қалың аудиторияны ұстап отыратын харизмаға ие. Неге десеңіз, көрермен жүргізушінің үстіндегі қымбат, сәнді киімге, әсем таққыншақтарына емес, аузынан шыққан сөзге қарайды. Керісінше, біздегі «сиқырлы жәшік» мамандарының жасы балет бишісіндей қысқарып барады. Сөз бен ой еркіндігі бәсеңдесе, бренд киімдер, қымбат моншақтарыңмен қызықтыру да бір амал ғой. Ал біздің Бекарыстың айналасына сөз құдіретін, оның магиясын түсінетіндер жиналып, үнемі құлағын түріп отырады.
Ежелгі Римде гладиаторлар шайқасып, Испаниядағы корида ойынында бұқамен бақ сынасса, бізге көрші қырғыз бен өзбекте қошқар сүзістіріп, қораз таластыру бұрыннан бар. Ұлттық ойын түріндей дәріптеліп, кең насихаталады. Өздерін ерекшелейтін мақтаныш санайды. Ал оның қасында ақындар айтысы – интеллектуалды сөз жарысы. Тәніңе зақым келтіретін агрессия атымен жоқ. Қазір ағымдағы ақпаратпен танысу үшін дүңгіршектен газет-журнал алып, драмалық әсерге бөліну үшін театрға, көңіл көтеру үшін циркке барасың. Бұрынғы қазақтың үлкен астары мен жиындарында елдің еркесі саналған серілер өнер көрсетіп, айтысып, күресіп, би билеп, ән салып, әлгі компоненттердің бәрі солардың бойынан табылған. Оның бүгінгі жаңарған үлгісіндегі Бекарыстың алатын орны ерекше. Көрермені күтетін ақын. «Ішіме өлең толғанда шығамын» деп сахнадан жырақтап кетсе, бәрі сағынып, іздей бастайды. Себебі ол бұқара алдына айтары бар кезде, афоризмге айналатын ойлары жинақталғанда, таңғалдыру емес, толғандыру мақсатында шығады. Бекарыс ел алдындағы жауапкершілікті терең сезінеді.
«Жақсымен сұхбаттасқан жарты сағат,
Жаманның өтіп кеткен өміріндей», – деп айтатыны сондықтан. Оның кулуарда ой жұптап жүрген сәтін сырттай бақылап көріңіз. Ішкі әлемінде алақұйын, бозборан құбылыстар болып жатқанын сезесіз. Тыныштығын ұрлауға батынбай, жарылыс алдындағы үнсіздік екенін түсінесіз. Донна пешінің қызуына алты ай уақыт керек екен. Бұл – ақын жан дүниесінің циркуляциясы! Алдамшы, көркемдігі кем, жеңіл мәнде сөйлесе, публика кешірмейтінін жақсы біледі.
Бірде үйдегі кір машинасын жөндетуге ұста шақырдым. Біз инструкцияға қарай бермейміз, көбінесе интуицияға сенеміз. Құрылғы бұзылмауы үшін әр жуу аяқталғасын бір сағат демалдырып қою керек екен. Маманы солай деді. Бірақ осы ішкі түйсік қаламды серік еткен қауымның, әсіресе, айтыс ақынының негізгі сүйеніші. Алдымен қарсыласыңа «барлаушы» шумақтарын жіберіп, «жау ошағын» анықтап аласың да, содан кейін «десант» түсіресің. Осы әдіс-айланы жасауда Бекарыстың алдына түсетін ешкім жоқ. Оразалы Досбосыновпен айтысында:
«...Жұрттың бәрін жапырып барасың ғой,
Кәдімгі таңқы танау Тайсон құсап», – деп көтермелеп сөйлеп алады да, «күшім басым» дегенге саятын жауабына:
«...Холифилдқа жолығып қалып жүрме,
Сөздері шын ақынның шын қашанда.
...Құрдастың арам терін шығарайын,
Аузын шие жегендей қылмасам да», – деп нүкте қояды. Күштіні жығатын екінші күштің барын еске салатын философиялық категория. Немесе:
«...Сахнаға сарт ете қалыпсыз ғой,
Корольдің суретіндей картадағы», – деп Аманжол Әлтайдың мәртебесін биіктетеді де, қарымта шумағында:
«...Король десем, қоқия бермегейсің,
Тұз көзірмен жүрерсің тұздықталып», – деп қойып қалады. Сөз барымтасы осындай ұтқырлық пен қырағылықты талап етіп, «Тегін ірімшік қақпанда ғана болады» деген логикамен жұмыс істейді. Мұндай шеберлік жылдарды артқа тастап, сахнаға төселу, тіл станогының шынығуы мен шыңдалуы арқылы келеді. Ол – жарық жылдамдығынан да тез ойдың жемісі.
Халықшыл ақындар қай заманда да айтарын астарлап жеткізіп, «сарай маңын» жағаламай, сол үшін де даңқы мен дақпырты аспандап, өз биігінде қалады. Бекарыста «Қайғысызға, қанша оқылсын, жатталма» (Ж.Нәжімеденов) деген ел мұңын арқалаған, заман зауалын әшкерелеген, әжуа мен сарказмге толы, ел құрметпен есіне алып, жадынан өшірмейтін өлең жолы көп.
Уытты әзіл, сойқан мысқыл ресми арналардың қайшысына қидаланбай, эфирден беріліп, елбасы мен етікшіге дейінгі аралықта таралды. Оның айтқыштығы мен көркемдік қуаты ондай өткір сөздерді ешкім байқамайтын да қылып жібере алады.
Бекарыс саяси сергектігімен, әлеуметтік ойды терең тануымен ерекшеленеді. Жасыратыны жоқ, қазіргі домбыра ұстаған, сөз жарысына түскен көп әріптесіміз жаттағанын айтып, романнан үзінді келтіргендей көрерменді жалықтырып алады. «Бұлар болашақта дауыстарын құртпау үшін фонограмма да жаздыратын шығар» деген ойда қаласың. Ал біздің ақын жай әзіл-қалжыңмен қағысуда ғана емес, елдік мәселелер қозғалған сәтте де өз орбитасынан шықпай, суырып-салмалық мәнерінен жаңылмайды.
Ол елінің тағдырына алдымен алаңдайды. Бүгінгі ұрпақты тұлғалар арқылы тәрбиелеп, солардың өнегесін алу маңызды деп біледі. Ақырзаман белгісін жақындатқан азғындықты, болмысымызды бұлыңғыр еткен тар танымды аяусыз сынайды. Төле бидің көрегендігі хақында:
«...Беттен қақпай Төле би белін буып,
Болатынға болысқан, демеп қанша.
Беттен қақпақ түгілі бүгінгілер,
Көрге көміп тастайды керек болса», – деп күйзеліске түсіп, барабаншыл, мозайка мәдениеттің салдарынан сабақ алуға шақырады. «Айтыстың алтын дәуірі өзіңсің ғой» деген Шұғайып Сезімханға:
«...Ерге дәулет бір келіп, бір кетеді,
Елден дәурен көшпесін ең бастысы!» – деп кеңінен толғап, ақылдың өскенін, ойының кемелденгенін көрсетеді.
Жемқорлық – қоғамның жегіқұрты. Заң мен тәртіп үстемдігін, жалпы жұрт бақылауын күшейткенде ғана алапестей жайлаған бұл індеттен құтыламыз. Бекарыс тендер ойнатушылардың былық-шылығын, таразы басынан алдаған сұғанақ қолдарды үнемі сынап келеді. Әрине, ақын сот болып жаза кесе алмайды, бірақ сөзбен атқан оғы тұздай ашытуы мүмкін.
«...Біздің заңды жемқорлар аман болса,
Әлі талай баланы жылатады.
Мектепті құлатқаны ештеңе емес,
Мемлекеттің өзін де құлатады», – деген өлең жолдары түзу жолдан тайғандарды кері қайтарып, ойлантары анық. Отанымыздың тұғыры берік болуын қалайтын ол ар күзетінің ұйқыға кетпеуін қалайды. Адамгершілікке шақырып, ұятты үлгі етеді.
Әдемі әзіл, жарасымды қалжың айтыстың ажарын кіргізіп, тыңдарманын бір серпілтіп тастайды. Бекарыс дүмбіл шағынан қыз бен жігіт айтысының көрігін қыздырып келеді. Әпкенің назына, қарындастың қылығына, жеңгенің еркелігіне жазира көңілмен тіл қатып, назира жырын арнады. Қостанайлық Әсия Беркенова апайына:
«...Базардан келе жатып жолықтың-ау,
Базарға бара жатқан баламенен», – деп әдемі бұрылыс, маневр жасап, «жол менікі» дегенді нәзік жеткізсе, қордайлық Күміс Сәрсенбаева әпкесіне:
«...Рөлі оң жақтағы машинадай,
Өзіңізді өткізу қиын боп тұр», – деп бойдақ болып жүріп қалғанын орағытып өтеді. Халықаралық додада «Сені Түркияға мен шақырттым» деген Әсем Ережеқызы замандасына:
«...Жарияға жар салып қоймайсың ғой,
Кәпірді Исламға шақырғандай», – деп залды қыран-топан күлкіге қарық қылады.
Оңтүстік айтыс мектебінің көрнекті өкілі, қазіргі замандағы сөз өнерінің заңғар биігіне көтерілген Бекарыс Шойбеков нағыз шығармашылық кемел шағында. Түркістандағы әдеби ортада қалыптасып, енді өзі сол ортаны қалыптастыратын жасқа жетті. Оны сырттай ұстаз санайтын кейінгі буын жырларын жатқа оқып, сәтті тіркестерін қойын дәптерлеріне түртіп қояды. Өнеріне деген мұндай сүйіспеншілік пен құштарлық әр ақынның бақыты емес пе?!
Бекжан Әшірбаев,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері