Екі күннен соң Астана қаласында ерекше мәдени кеш өтпек. Астана балет театры сахнасында 1748 жылы негізі қаланған әйгілі Дания Корольдік балеті гала-концерт ұсынбақ. Үш ғасырға жуық тарихы бар бұл ұжым әлемдік балет өнерінің жауһарларын еуропалық талғамы жоғары көрерменге ұсынып келеді. Астанадағы кеш барысында танымал труппаның таңдаулы әртістері өнер көрсетіп, елордалықтарға классикалық әрі заманауи қойылымдардың үздік үлгілерін ұсынады.
Бұл идеяның іске асуына 2018 жылдан бері Дания корольдік театрының әртісі болып жұмыс істейтін Мейрамбек Назарқожаевтың септігі мол. Алматы облысындағы ауылдан шыққан қарапайым жігіт Еуропаның ең көне театрына қабылданған алғашқы жылы-ақ Нью-Йоркте өткен Джейкобс-Пиллоу фестивалі сахнасында өнер көрсетіп, әйгілі The New York Times басылымы өнертанушыларының назарын аударды. Кейін Ресей, Германия, Англия елдеріндегі ірі сахналарда өнерін паш етті. Дания корольдігінің жоғары марапатын алып, патшайым алдында өнер көрсеткені өз алдына. Ал былтыр ол Дания корольдік театрының солисі лауазымына өмірлік келісімшартқа отырды. Еуропаның айтулы театрында өмір бойына жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болған Мейрамбек мұнымен тоқтап қалғысы жоқ. Қазақстан мен Дания арасындағы мәдени байналысты нығайту мақсатында көп жобаның басын қайырып жүр. Былтыр Nomad Ballet Project жобасының көмегімен Дания корольдік театрының әртістерін Алматыға шақырып, эксклюзивті бағдарлама қойып, заманауи хореографияның озық үлгілерін ұсынды. Сонымен қатар алматылықтар дат балетінің мақтанышы, әйгілі Бурнонвиль техникасымен қойылған сирек спектакльдерді де тамашалай алды. Ал бас қаладағы бағдарлама тіпті басқаша болмақ.
«Біз елордаға Дания корольдік театрының ғана әртістерін шақырмай, сонымен қатар арнайы қонағымызды да ерте келдік. Әлемге танымал фламенго әртісі Селена Муньез Астана сахнасында өнер көрсетеді. Данияның жыл бишісі атанған, түрлі байқауда бас жүлде алып жүрген оны корольдік патшаның әулеті де арнайы іс-шараларға шақырып тұрады. Ол өзі де корольдік баллдарды, ивенттерді жиі ұйымдастырады. Гала-концерттен бөлек, әлемге ең танымал сарапшылар Эрик Виудес пен Динна Бьерн екі күн бойы әйгілі Бурнонвиль техникасы бойынша шеберлік сыныбын өткізеді. Хореография академиясындағы педагогтер мен оқушылар олардың сыныбын асыға күтіп отыр.
Өзім соңғы рет Астанада 2014 жылы келген едім. Ол кезде Бейбітшілік және келісім сарайында өнер көрсеттім. Астана өте қатты өзгеріп кетіпті. Аспанмен тірескен әдемі ғимараттар көздің жауын алады. Қаланың атмосферасы тіптен бөлек. Бұрын көшеде адамдар аз жүретін секілді еді, қазір тіпті басқаша картина. Ауа райы да тамаша. Копенгагендегідей суық шығар деп келсек, мына жақ жаз болып тұр», – дейді Мейрамбек ағынан жарылып.
Былтыр Орталық Азиядағы алғашқы гастрольдік сапарын Алматыдан бастаған Дания корольдік театрының әртістері Мейрамбек театр труппасына қосылғанға дейін біздің ел туралы ештеңе білмесе керек. Алматы қаласының көз тартарлық табиғатына таң-тамаша болған өнерпаздар концерт алдында Шарын шатқалы, Көлсай мен Қайыңды көлі сияқты көрікті жерлерді аралап үлгерген. Ал биыл Астана қаласына келген олар концерт қарсаңында Бурабай өңірінің сұлу табиғатын тамашалауды жоспарлап отыр.

«Әріптестерім Қазақстан туралы айтып тауыса алмайды. Былтыр Алматының табиғатын, қаланың көркін көріп, салт-дәстүрімізді танып, тіпті тұрғындармен қазақша сөйлесіп, ерекше әсер алып қайтқан-тын. Олардың қайтарда «Қазақстан расында әдемі, ауқатты ел екен!» дескені көңілге майдай жақты. Астанаға төрт қана күнге келді. Қаланы толық аралатып үлгермедік. Таңғы асын ішкен бойда еліміздің бай табиғатына тағы бір тамсансын деп Бурабайға жібердік. Атқа мініп, бой сергітіп қайтады. Былтыр Алматыға келгенде аттан жүрексінетінін ұмытып, тынығып қайтқандары бар. Сол секілді биыл да естен кетпес демалыс болсын деп Бурабайға арнайы жібердік.
Олар былтыр Орта Азияға бірінші рет келген болатын. Бұрын «Ол қай ел?» «Қай жақта орналасқан?» деп сұрайтын. Қазір Алматыдағы сапардан соң біліп-танып алды. Әсіресе, оларға біздің салт-дәстүрлеріміз өте қызық. Көпшенділердің мәдениетіне қатты қызығатындары тағы бар. Сосын олар тіліміздің бай екеніне де қызыға қарайды. Мен жұмыс арасында қазақша сөйлеп, түрлі видео түсіріп, оны жеке парақшама жүктеймін. Олар «Сәлем», «Рахмет», «Қалың қалай?» деген сөздерді үнемі айтып, кейде қазақша амандасады. Ұлттық мерекелерімізді де ұмытпай, құттықтау жібереді. Әсіресе, Наурыз мерекесін қалт жібермейді. Данияның Орхус қаласында қазақтар қауымдастығы бар. Онда 11 қазақ отбасы тұрады. Олар бірде-бір орысша, ағылшынша сөз араластырмай, тек қазақша сөйлеседі. Олармен жиі бас қосып тұрамыз. Шетте жүргеніме көп жылдан асса да, өзімді отанымның елшісімін деп есептеймін. Қазақ болған соң, сыртта қазақша сөйлеп, өз мәдениетімізді өзіміз таныстырмасақ, кім таныстырады?», – дейді ол.
Астанада BI Group-тың бас демеушілігімен өтетін бұл концерт – жай ғана концерт емес, бұл – әлемдік балеттің бірегей жетістігін тамашалауға мүмкіндік беретін Қазақстан мен Еуропа арасындағы мәдени көпір. Балетсүйер қауым әйгілі Бурнонвиль техникасымен қойылған сирек спектакльдерді тамашалап қана қоймай, осы стильдің қыр-сырын жетік меңгерген екі мықты маманның шеберлік сыныбына қатыса алады.
Бурнонвиль – әйгілі дат хореографы Август Бурнонвиль негізін қалаған, ғасырдан астам тарихы бар классикалық балет мектебі. Бұл әдістің басты ерекшелігі – би барысында ым-ишара мен бет қимылдарының кеңінен қолданылуы. Аталған стиль Дания астанасы Копенгагенде қалыптасып, ұзақ жыл бойы бір буыннан келесі буынға, ұстаздан шәкіртке жалғасып келе жатқан ерекше дәстүр ретінде сақталып отыр. Айрықша атап өтерлігі, шеберлік сынып өткізетін әлемдік жетекші сарапшылардың бірі – Динна Бьерн Бурнонвиль әдісін ұстазы Хандс Бренодан, ал ол өзінің ұстазы Хандс Бектен үйренген. Ал Хандс Бек бұл ерекше әдісті Август Бурнонвильдің өзінен үйренсе керек. Динна бұрын Норвегия Ұлттық Балеті (Осло) және Фин Ұлттық Балеті (Хельсинки) театрларының директоры болған, сондай-ақ беделді халықаралық балет конкурстарының әділ қазылар алқасының мүшесі. Әлемдік балет өнерінің дамуына қосқан зор үлесі үшін Дания, Норвегия және Финляндияның жоғары корольдік ордендерімен марапатталған.

– Қазақстан секілді керемет елге қайта келгеніме қуаныштымын. Мейрамбектің арқасында мұнда үшінші рет келуге мүмкіндік туды. Бұған дейін екі рет Алматыда болдық. Енді Астанаға келіп, балет академиясындағы жастармен жұмыс істеу мүмкіндігі бұйырып тұр. Біздің өмірдегі миссиямыз да осы – Бурнонвиль секілді айрықша балет стилін үйрету. Мен өзім осы стильмен өсіп-өндім. Бұл Қазақстандағы көп биші үйренген Ресей балет стилінен өзгерек. Біздің миссиямыз – классикалық балетті көрсетудің басқа да әдістері бар екенін әйгілеу. Мені Қазақстандағы өскелең ұрпақтың ашық, жайдары мінезі қуантады. Былтыр Алматыдағы өнер майданында жүрген жастардан соны байқадым. Олар ең мықты әртіс атану үшін түрлі әдіс-амалдарды үйренгісі келіп, көзі жанып тұрады.
Мен үнемі Астанаға келгім келетін. Себебі мен қазақ балетін бұрыннан білемін. Олардың классикалық репертуарымен таныспын. Сонымен қатар мен Тулуза сахнасында Қазыбек Ахмедияровпен бірге жұмыс істегенмін. Ол үнемі жақсы, мықты техника қолданатын. Кейін Мейрамбекпен танысып, осында келу мүмкіндігі туды. Екі күн ішінде шамам келгенше бар білгенімді үйретпекпін. Себебі Астанада Алматыдағыдай өз стилін жақсартқысы келетін ашық әрі талапшыл жастардың көп екеніне шүбәм жоқ. Классикалық балетті жақсы меңгерген бишілерге басқа стиль үйрету бір бақыт! Бұл екі дауыста ән айтатын әншілердің дауысын түзегенмен тең. Сондықтан Дания корольдік театрының әртістерімен Қазақстанның бас қаласына келгеніме бақыттымын», – дейді Динна Бьерн.
Диннамен қатар шеберлік сабағын өткізетін Эрик Виудес – француз балетмейстері және еуропалық классикалық дәстүрдің жалғаушысы. Ол Maître Yves Brieux мектебінің соңғы жеке шәкірттерінің бірі және француз балет мектебінің сабақтастық дәстүрін жалғастырып келеді. Август Бурнонвиль мұрасын зерттеу бойынша халықаралық деңгейдегі сарапшы, әлемдік деңгейдегі педагог. Көркем өнер саласындағы ерекше еңбегі үшін Франция Мәдениет министрлігі тарапынан марапатталған. Сонымен қатар The Bournonville Society (Амстердам) ұйымының тең құрылтайшысы әрі директоры, сондай-ақ Еуропа балет мектебінде резидент-балетмейстер қызметін атқарады.

– Мен де Астанаға келгеніме өте қуаныштымын. Ең алдымен айтарым, Мейрамбектің талғамы тым биік. Ол өзінің туған елінде айрықша жобаны іске асырмақ. Мен бұл жобаның бір бөлігі болғаным үшін бақыттымын. Диннамен, Мейрамбекпен бірге болашағын балетпен байланыстырған жастарға бар білгенімді үйретуге мүмкіндік туғанына риза болып отырмын. Мен де Алматыда екі рет болдым. Мұндағы шеберлік сыныбы Алматыдағыдай керемет деңгейде өтеді деп ойлаймын. Алматыдағы шеберлік сыныбынан кейін жасампаз жастарға жаңашыл бір нәрсе, жаңа көзқарас бере алатыныма көзім жетті. Сондықтан астаналықтарға да балет дәстүрінің басқа қырын үйретсем деймін. Бұл стильді меңгерген жастар кейін әлемнің кез келген сахнасында еркін өнер көрсете алады, – дейді.
Мейрамбектің мақсаты да – осы. Балетке бет бұрған жастарға Мейрамбектің шығармашылық жолы – үлгі, ал оның жетістіктері жас өнерпаздарға үлкен шабыт сыйлайды. Сондықтан да ол жас өнерпаздарға Бурнонвиль әдісін жастайынан үйретіп, олардың кәсіби шеберлігін осы бастан қалыптастыруға күш салмақ.
«Бурнонвиль стилі неге Қазақстанға керек? Бұл – күллі әлемге танылған тарихи стиль. Әлемнің барлық сахнасында билейді. Бұл техниканы дұрыстап меңгеру үшін осындай сыныптар қажет-ақ. Қазақ биін шетелде біреу билегісі келсе, арнайы Қазақстаннан маман шақырады ғой. Сол секілді балеттің бұл түрін тек осы стильді насихаттап жүргендер ғана дұрыс-бұрысын көрсете алады. Сол үшін мен бұл техниканың қыр-сырын әбден меңгерген майталмандарды арнайы Астанаға шақырып отырмын.

Елдегі опера театрының жетекші солистері өз билерін таспалап, «Мейрамбек, маған көмек көрсете аласың ба? Дұрыс істедім бе? Техника жағы қалай?» деп видеосын жібереді. Мен ол видеоларды Динна секілді мықты мамандарға көрсетемін. Кейін олар менің электрон поштама ерінбей, «Басты былай қайыру керек. Қолды былай, аяқты былай ұстаған абзал» деп егжей-тегжейін түсіндіріп жазып жібереді. Сосын мен ол ұсыныстарды аударып, елдегі әріптестеріме жіберемін. Сондықтан мұндай бірегей мүмкіндікті видеодан емес, маманнан бетпе-бет үйренген әлдеқайда тиімдірек. Менің көздегенім – еліміздің жас буынын әлемнің айтулы сахнасына жетелейтін айрықша стильді осы бастан үйрету. Ертең сыртқа ел атынан шыққанда қиналып қалмаса екен деймін. Бәсі биік ортаға түсіп, әлемдік деңгейдегі театрларға барғанда «Мен кезінде әйгілі Динна Бьерннен сабақ алғанмын. Мен бұл стильді білемін» деп тұрса, нұр үстіне нұр емес пе?!, – дейді Мейрамбек Назарқожаев.
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ