Редакциядан: Классик жазушы, бірегей суреткер Әкім Тарази арамыздан кеткелі де жыл аунапты. Көркем ойдың көкжиегін нақты да шынайы образдармен айшықтаған қаламгердің шығармашылық мұрасы – ұлт руханиятының қазынасы. Әдебиет, театр, кино саласында Таразидың салған соқпағы бөлек. Зиялы қауым «Әдебиеттің Әкімі» деп әспеттеген сөз зергері туындыларының уақыт өткен сайын бағасы арта бермек. Біз бүгін оқырманға заман тынысынан сыр шертетін шағын эсселерін оқырманға ұсынып отырмыз.
1. Қиын сұрақ
Бұл әңгімені анекдоттан бастайын. Сәкен Жүнісов, Қалихан Ысқақ үшеуіміздің Құлан қаласына жолымыз түскені бар. Жазушылардың қадірі кете қоймаған кез. Ауданның білдей бастықтары үш машинамен келіп, бізді Алматыдан алып шықты. Ұзынағаштан аса бергенде, Қарасудың жағасында, әлгі жігіттер бізден озып кетіп, дастарқан жайып күтіп алды. Бастық жігіттердің бірі үшеуімізге кезек-кезек таңырқай қарап тұрып:
– Ағалар, Қазақстанда қанша жазушы бар? – деп сұрады.
Одақтың хатшысы болған соң, бұл сұраққа мен жауап беруім керек деп ойлап:
– Алты жүз! – деп дайын жауапты алдына тоса қойдым.
Дастарқаннан дәм татып, «жүз-жүзден» еңсеріп алған соң, Қалихан менің сөзіме түзету енгізді.
– Көкем менің мырза ғой, алты жүз деп айтып қалды. Шындап келсек, екі нөлін қағып тастаймын мен, – деді Қалихан. Іштей келістім. Қалиханның бұл түзетуі Сәкенге де ұнай түскен тәрізді. Біраз «қуат жинап» алған соң, жолға қайта шықтық. Бізден озып кеткен аудан басшылары Шу өзенінің жағасында тағы тосып алды. Қайтадан «қуат жинауға» кірістік. Мол дастарқан, коньяктардың түр-түрі. Жайма-шуақ әңгіменің кезінде Сәкен әлгі сұрақ қойған басшыға тесiле қарап тұрып:
– Қазақстанда қанша жазушы бар деп сұрап қалдың-ау, інішек. Қалиханның көкесі (мені меңзеген) ақ көңіл жан! Бұл алты жүз деді. Ал Қалиханның өзі де көңілшек. Бұл да алтаудан кеміткiсі келмей тұр. Ал Құдайдай шындықты мен айтайын саған. Қазақстанда жазушы үшеу-ақ. Осы тұрған үшеуiмiз!
Қалиханның түзетуi жүрегімді жылытқанымен, Сәкеннiң түзетуi маған майдай жақты. Көкейдегi сөзiңдi басқа бiреудiң аузынан естiгенде iштей көтерiлiп қалады екенсiң. Сырларын бiлмейтiн жiгiттердiң алдында жеңiлтек боп көрiнгім келмедi. Рас, солай, деп бас шұлғи қойған жоқпын. Бiрақ Сәкеннiң түзетуi жадымнан жайлы орын таба қойды. Рас қой, үшеуiмiзден басқа кiм бар дегендей...
Сол қанаттанған қалпымызбен қайта жолға шықтық. Бiзден озып кеткен аудан басшылары, Меркiден аса бергенiмiзде қайта тосып алды. Қалихан екеуiмiз ары-берi өткенде «Айдармандар рестораны» деп ат қойған бұлақ бар едi. Сол бұлақтың басына қайтадан дастарқан жайылды. Ауылдың ұялшақ қыздарындай бiрiнiң тасасына бiрi тығылған шөлмектер өз орнын тапты. Көңiлiм шалқып тұрған мырзалығым ұстап кетiп аудан басшыларына ақыл айтып тастадым:
– Мынау Сәкен Көкшетаудың жiгiтi. Алатау бөктерiне көп келе бермейдi. Қазақтың сен тұр, мен атайын азаматының бiрi ғой. Мана өзi айтқандай, үшеудiң бiрi. Ендеше, қадамы құтты болсын. Осы мынау бұлақты Сәкен Жүнісов бұлағы деп атайық.
Аудан басшылары да мен сияқты мырза екен, бiрден бастарын шұлғып шыға келдi.
– Құп болады, көке. Аудандық атқару комитетiнiң қаулысын шығарайық, солай болсын! – дестi.
Алатаудан көсiлiп аққан бiр бұлаққа аяқ астынан ие болған Сәкен тiптi масайрап қалған.
– Олай болса, маған жауап сөз берiңдер!... – деп қунаң қақты. – Ниеттерiңе рахмет, әрине! Бұлақ түгiл менiң атыма Алатаудың бiр шыңын атасаңдар да көптiк қылмайды! Менiң атыма қоймағанда кiмнiң атынан қоясыңдар!
Шынымды айтсам, мен өзiм де көңiлшекпiн. Мана Әкiм мен Қалиханның жанын жараламайын деп… меселін қайтармай қазақта үш жазушы бар деп айтып қалып едiм. Ендi, жiгiттер, ақиқатқа көшейiн… Қазақта жазушы бiреу-ақ… Ол мен ғой! Несiне өтiрiк қылымсимыз!
Сөйтіп, Қалихан екеуіміз де сызылып қалдық. Қалиханды қайдам, мен өзім ренжи қойған жоқпын. Мәз болып біраз күлісіп алдық.
Осы жақында «Жас Алаш» газетінде досымыз Мұхтар Мағауиннің сұхбаты басылыпты. Мұхтар да ағынан жарылыпты:
– Мен ұлы жазушымын! – депті. – Мен Абайдың тізесінен келсем, басқа жазушылар менің бақайшағымда қалады! – депті. «Мұхтардың бұл пікірімен Сәкен келісер ме екен?!» деп ойлап қойдым.
Маған біраз адам тіл шалды.
– Әй, мынау досыңның есі дұрыс па?
Мен Мұхтарды ақтап алдым. Оныкі дұрыс. Әр жазушы өзінің кеудесін қорғай білуі керек. Өтірік қылымсудың қажеті қанша? Өзiн классикпiн деп жария салып жүрген кейбір ағаларымызбен салыстырғанда, Мұхтардың ұлы жазушы екені рас.
Сөйтіп жүргенде, жоғары оқу орнының бірі мені кездесуге шақырды. Бірнеше сағатқа созылған кездесудің соңында бір студент қысыла–қымтырыла көтерілді.
– Әкім аға, Қазақстанда алты жүз жазушы бар екен. Сіз соның қаншасыншы орнындасыз?
Ә дегенде сасып қалғанымды мойындаймын. Есіме Сәкен мен Мұхтар түсті. Алтау-ақпыз дейтін Қалихан түсті. Сайын мен Әбіш түсті. Ақ бурыл шашын сипап қойып көз алдыма Қабдеш көлбеңдей берді. Бір қырынан Рамазан қарап тұр екен. Мұрты едірейіп Шерхан ағам төнiп келедi екен. Тасадан сығалай қарап Тынымбай мен Баққожа байқалды. Мен қатты састым.
– Қазақстанда алты жүз жазушы бар екені рас болса, мен – алты жүз бірінші-
мін! – дедім. Қалай түсінгенін қайдам, студенттер қол соқты. Өзім дүдәмал ойда кеттім. Көңілім әлі де күпті.

2. Ұлы көп пе, ұры көп пе?
Әлгі қиын сұрақтың жауабына кейінірек оралайын. Сұраққа сұрақпен жауап беріп бір көрейін.
Орта мектепті бізден бір жыл бұрын бітірген Қозыбағаров Әшір деген жігіт Алматыға оқуға түсемін деп қомпиып кетіп, сөмпіп қайтты. Бірақ бәрібір, бізді менсінер түрі жоқ. Екі сөзінің бірі:
– Әй, колхоз, сендер не білуші едіңдер!
Арада ай өтіп, аптығы басылған соң әлгі досқа мен ақырын ғана сұрақ қойдым:
– Сен бұрынғыдай емессің ғой... Саған не болды?
– Мен Алматыда Сәбит Мұқановты көрген адаммын! – деп кертпе танауын көкке көтерді Әшір.
Сол сәтте Әшірдің ұлылығын мен бірден мойындадым. Біз кімбіз? Ауылдың жай ғана қара сирақ баласымыз. Әке–шешемізден басқа, колхоздағы малшы-жалшыдан басқа кімді көріппіз? Ал Әшір болса!..
– Айтшы-ей, айтшы, қалай көрдің, қандай адам екен? – деп телміре қалдым.
Аспандап тұрған көңілімді Әшірім су сепкендей басты.
– Көкбазарға барып едім, жазушылардың кеңсесі сол арада екен... Әлдекімдер «Әне, Сәбит Мұқанов!» – деп қалды. Қарны кебежедей біреу екен, талтаңдап барды да, мәшинеге мініп, жүріп кетті.
Мен әуелде ыза болдым. Сенбедім: «Суайт екенсің ғой!» – деп Әшірдің бетін аймандай қылдым. Төбелесе жаздадым-ау деймін, қазір есімде жоқ. Әлде төбелесіп тындық па екен...
Қалайша?! Сәбит Мұқанов! Көк базарда жүреді? Жазушылардың кеңсесі қалай ғана көк базардың ішінде болады? Шылғи өтірік қой! Киелі, зиялы қауымды төмендету ғой! Қорлау ғой! Сәбит Мұқанов көшеге шықса, сөз жоқ, оның жан-жағынан бір батальон әскер қоршап жүреді! Менің түсінігім сондай еді.
Кейін білдім. Кейін көрдім. Жазушылардың кеңсесі шынында да көк базардың ішінде екен. Бір этажды ғана ғимарат екен. Жазушылар одағының қала орталығындағы еңселі сарайға көшкенін де көрдім. Мұхтар Әуезов, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсіреповпен қол алысып амандасуға жарап қалған кезде аузымды ашып, көзімді жұмып, таңғалып, іштей табынып, мәз болып жүрдім.
– Ертең сендерге Қайнекей Жармағамбетов дәріс оқуға келеді! – дегенге, сенер-сенбесімді білмей, састым. Атар таңды көзбен атырдым.
Бірте-бірте романтиканың қызыл-
жасыл бояулары өңінен айырыла бастады. Е-е, осындайлар да болады екен-ау деген құлазу көңілді меңдей бастады. Көп жыл кинода жүріп тіпті де аңғармаппын. Жазушылар одағы басшыларының бірі болып алты жыл қызмет істегенде құлазу бұрынғыдан бетер асқынып кеткенін неге жасырайын?! Жазушы атанып жүрген сауатсыз адамдарды да көрдім. Дарынгерлігінен гөрі даукестігі басым бақабастыларды көрдім. Алтыншы кластан ары қарай дамымай қалған «тасасқабақтарды» да көрдім. Орыс, беларусь, қырғыз, өзбек тілдерінде шыққан көркем туындыларды өз қорасына сүйреп кіргізіп, аузы-мұрны қисаймай, менікі деп көпшілік алдына шыққан жиендер мен жиеншарларды көрдім.
Жиеннің сыпайы аты – плагиат, жалаңаш есімі – ұрлық. Күндіз кісі үйін тонап, түнде ресторанда сайран салатындар алаяқтар, бәрібір қолға түседі, ал біздің «шеберлер» он рет қолға түсіп, әшкереленсе де тоқтамайды екен. «Шындық, шындық деп, шам алып соңымa түсуді қоймасаңдар – Мемлекеттік сыйлық алам, ендіше!» деп едіреңдейтіндерін қайтерсің. Және де «сөзінде тұрып», дәрежелі сыйлықты түрлі сұрқия жолдармен қағып түсетінін қайтерсің!
3. Алу. Ала беру
Алуға әбден шебер екенбіз. Әбден төселіппіз. Жазушылар одағы «еңселі кеңсе» аталып тұрған кезде ол еңселі кеңсеге мүше болу көпшілікке арман еді. Түкірігі жерге түспей тұрған кеңсе ЕКІНШІ ЦК атанған кезі де болған. Бар тірлігін саясатқа құрған үкімет өз беделін көтерудің ең ұтымды тәсілі де, ең ұтымды қаруы да көркемсөз екенін білетін. Көркемсөз құдіретіне жүгініп, қарапайым деп аталатын миллиондардың миын теріс айналдырып жіберетін. Сондықтан да үгіт-насихаттың алмас қылышын ылғи жалаңаш ұстайтын. Сондықтан да «еңселі кеңсені» паналаған пысықтар жұрттың төбесіне шай қайнатып машықтанған. Пәтер алу, машина алу, кітап шығару, қалта толтыру, айналып келгенде соның барлығы – бедел жинау, бедел қалтаға алтын болып құйылатын. Қойнындағы алтын қоғам алдындағы беделіңді аспандатып өсіреді. Сондықтан да қалам ұстаған «ерекше дарын» «еңселі кеңсенің» бір бұрышынан болса да жайлы орын табуға барын салды.
Кейде, тіпті, не мал баға алмайтын, не арық қаза алмайтын, не аудандық газетте қызмет істеуге жарамайтын әлдекімдер ақкөңіл алқа – комиссия төрағасының арқасында зиялы ғимараттың табалдырығынан аттап өтіп, төрге қарай оза беретін.
Есіктен сығалады дегенше, төрден табылатын әдетіміз; беру деген түсініктен безе қашып, алу деген сөзді аймалап ұстайтын әдетіміз; енді қамтуға, қамтып қалуға кірісеміз. Машина аламыз, үй аламыз, сыйлық аламыз. Аламыз, аламыз, аламыз... Алу талантының шыңдалғаны сондай, қарайғанды қапы жібермейміз. Бәленшенің нағашысы билік басына келіпті деген қауесет естіген күннің ертесіне сол бәленшенің еңселі кеңсенің төрінде отырғанын бір-ақ көретін болдық.
Әшірбекке мен басу айттым: «Ол кешегі жалған саясат дәуірінде болған оқиғалар ғой. Енді егемендік алдық, өз алдымызға ел болдық, енді әділдік орнайды. Саспа!» – дегенім бар. Содан бері жеті-сегіз жыл өтіпті. Үш-төрт дүркін Мемлекеттік сыйлық беріліпті. Халық жазушысы, өнер қайраткері деген тасқын тоқтамады. Бұрынғы заманның әділдігімен жылап көрісетін кезге келіппіз.
Осы жақында Әшірбек інім: «Аға, сол кездегі әңгімеңіз есіңізде ме?» деп бетіме сынай қарайды. «Бұрын атып алатын едік, енді сатып алатын болдық, тіпті, жатып алатын заманға да келген сияқтымыз». Бұл сөздерді Әшірбек айтты ма, әлде Әкім айтты ма... Қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көресің дегеннің кері, әйтеуір. Әлгі техникалық институтқа кездесуге барғанымда бір студент: «Осы, атақ, дәрежеге қалай қарайсыз?» деген сұрақ қойды. Мен айттым:
– Атақ, дәреже дегеніміз мүгедек, ақсақ адамға берілетін балдақ сияқты. Неғұрлым таланты аз болса, солғұрлым қымбат балдақ іздейміз. Балдақтың күміс, алтын болғанын тілейміз. Сұраймыз. Сұраймыз. Сұраймыз.
Студенттер қол соқты. Өзім дудәмал ойда кеттім, көңілім әлі де күпті.
4. Қазақ жалғызын қарғамайды
Сонымен, не болды, өзі? «Еңселі кеңсенің» бетін аймандай қылдым. Демек, өзімнің де бетімді аямағаным ғой. Тараймыз ба, қайта құрамыз ба? Осылар тарап кетсе екен, осы қызылкөздерден құтылсақ екен деп жүргендер аз емес. Солардың битін семіртіп, өз еркімізбен жығыла саламыз ба? Әдебиет, мәдениет деген түсініксіз құбыжықтан қалай құтылуды білмей жүрген шенеунік қанша?!
Егемендік алған күннің ертесінде басталған лаңды ұмыттық па? Алматының төрінде орналасқан «еңселі кеңсені» есек арбасына өңгеріп алып кетпекші болған пысықтарды қайтеміз? Жазушылар одағының жаңа басшылары, жас басшылары жұмыс күнін сот мекемелерінің алдында өткізіп жүрген жоқ па? Балабақшаларды, перзертханаларды, мектептерді жеке меншігім деп жұтып, жалмап, егесі мен деп жүрген жебірлер күні кеше ғана Мұхтар Әуезовтің, Ғабит Мүсіреповтің табаны тиген киелі орданы ойрандап кетуге дайындалып, осқырынып жүргені анау. Бюджет деп аталатын, ел ырысы деп аталатын биік астаудың маңайында шашылып-төгілген, аузы қисық бай балаларының жыртық ернінен түсіп қалған кәшекке де ие бола алмай, шығармашылық одақтардың басшылары сенделіп жүр...
Кешегі зиялы қауым қоңыз теріп кеткен жоқ па? Талай-талай белгілі жазушылар базар жағалап жүргенін көрдім. Талай-талай жеңгелерім мен келіндерім шекілдеуік сатуға мәжбүр. Тіпті, атағы жер жарған ағаларымыздың бірі қыз-келіншектердің қолтығы иістеніп кетпесін деп, дезодорант САТЫП жүр екен! Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсірепов сабын сатып жүр екен десе, бүкіл қазақ намыстан өліп кетер еді ғой!
Қиналасың, түңілесің. Бірақ Қазақстан Жазушылар одағы деп аталатын қызығы мол шағын ауылда қалған жастық шағым бар еді, сол жастық шағымды сағынамын. Сол ауылда бірге өскен тентегім мен телім бар еді, соларды сағынам. Анда–санда бас қосқанда шұрқырқасып табысатын құрдастарым бар еді, жорта болса да, басымды иіп, ұзақ-ұзақ ақылын тыңдайтын ағаларым бар еді, соларды сағынамын.
Сондай бір сәттерде ойлаймын: ЕҢСЕЛІ болмаса болмай–ақ қойсын, ендігі жерде ЕҢСЕЛІ КЕҢСЕДЕН, КИЕЛІ КҮРКЕМ артық шығар! – деп.
Ал алты жүзге жеттік пе, алтау болып қалдық па, ол басқа әңгіме. Жаман болса, бір жазушының өзі – КӨП! Жақсы болса, жүз жазушы да – АЗ!
Иә, айтпақшы, ұлылар мен ұрылар кім десек, оған да жауап – анық. Ұлы жазушы деген болмайды. Жазушыларды саты–сатыға бөліп, «звания» берген тоталитарлық заман құрдымға кетті. Ендеше, «Ұлы жазушы» дегеніміз – шын жазушы. «Халтурпаздың» жегені желім, ішкені – ірің болады әлі-ақ.
Мәреге жетпей жығылған жүйрікке бәйге жоқ. Мәре дегеніміз – өмірдің ұзақтығы емес, таланттың тереңдігі. Талант тереңдігі дегенім – төмен қарай кететін тереңдік емес. Көкке қарай өрлеген шырқау шыңырау! Орысша айтқанда – Глубокая Высота.
Құлдырағанымызды да, зымырағанымызды да Еңселі кеңсемен емес, КИЕЛІ КҮРКЕМДЕН анықтайық. Ендігі жерде КИЕЛІ КҮРКЕ есігін қағынып ашпай, табынып ашатын болайық.
Кірпішбайдың күні өтті ме?
Мен бір әңгіме жазғым келді: тұтас бір дәуірдің символдық белгісі болғандай, отқа салсаң күймейтін, суға салсаң батпайтын, жаны сірі Кірпішбай (менің Кірпішпайым!) тарих сахнасынан кетті. «Қайта түлеген» мына қоғамда, кең тынысты «жаңа заманда» ол тәрізді күнбағарға орын жоқ. Сабағында тұрып суалған күнбағар өзінен-өзі қуарып, өзінен-өзі шіріп түсіп қалды. Мен солай тілеймін! Солай боларына күмәнім де жоқ. Жоқ еді. Ендігі жерде шаруашылық басына, мекемелер басына ылғи да іскер жігіттер келеді, формализм, әліптің артын күтушілік, сақтық, жігерсіздік дегендердің тамырына балта шабылады деп білдім ғой мен. Әлі де «деп білемін». Себебі...
Себебі өз бетімен мәселе шешпейтін, өз бейнесі жоқ, санадан, даналықтан жұрдай жандар, бар ақыл-білігін қулық-сұмдық, аяр-айланың иірім-жықпылына арнаған жандар өмірдің өзінен аяусыз соққы алды емес пе! Енді құрығаны құрып, түзелетіні түзеліп кез келді емес пе!
Менің Кірпішпайым үндемей жүріп, тек жүрсең тоқ жүресің, домаланып көп жүресің деп миығынан күліп жүріп, ақымақтар көзге түсіп даурыға берсін, біз осылай құйрығымызды қысып жүріп-ақ талай жерге жетеміз деп жүріп, талай жерге жеткен. 1972 жылы қойылған «Жолы болғыш жігіт» деген пьесамда ол шіркін облыстық деңгейдегі мықтылардың бірі болып көрінген жоқ па еді? Көрінген. Оқтау жұтқандай тіп-тік кекірейіп, аузына су толтырып алғандай тек қана бас шұлғып, тіс жармай, сыр бермей, көмекшісінің жазып берген баяндамасын мұқият та сауатты оқып берумен-ақ ол мерез талай биікке көтерілгенін де көріп жүргенмін.
Менің Кірпішпайым – құл, сана құлы. Өздігінен ештеңе шешпейді, жылт еткен ойы болса, өз миының терең қапасына жасырып, өз «қолымен» тұншықтырып өлтіріп тастайды. Өз бетімен ойлана білетін адамның өспейтінін ол әбден ұғып, біліп алған.
Құлдықтың ең жиіркенішті түрі – сана құлдығы, ой құлдығы. Сыртынан қарасаң Кірпекең жып-жылмағай, үстінен бит тайып жығылғандай, киімінен бір қылау таппайсың, самайына ақ кірген, ептеп қана томпиған қозы қарны бар, бірақ тұтас бейнесі баяғы сол, «ақшамды кассаға салдым, машина ұтып алдым!» деп өз есебі өзінде, бар шаруасын тындырып алып, іштей күліп тұрған арамза жігіттің, бүгіндері жігіт емес-ау, егде тартқан еңбек торының жинақталған кейпі.
Менің Кірпішпайымның және бір ерекше қасиеті – ол жарықтық ешқашан заман ағымынан қалып көрген емес, жас кезінде: «жүгері, ойбай, жүгері!» деп жүгірді, одан кейін: «химия, ойбай, химия!» деп аласұрды, бертін келе : «жоспар, ойбай, жоспар!» деп аттан салды; кеше ғана өткен бір үлкен жиында Кірпішпайды сыртынан көріп қалдым, сәлемдесуге жанына жақындай беріп едім, байқамаған сыңай танытып тап қасымнан кекірейіп өтіп кетті. Бұнысы несі деп танырқағам да қойғам, сөйтсем, таңырқаудың «көкесі» алда екен, әлгі беделді жиында сөйлеушілердің бірі менің Кірпішпайым болып шыққанда өз құлағыма өзім сенбедім. Ал сол Кірпекең өз
сөзін:
– Қайта құру дәуірін көптен бері армандай күткендердің бірі мен едім! – деп бастағанда миым шайқалып кете жаздады. Ол солай деп қана қоймайды: – Қайта құруды әрқайсымыз өзімізден бастауымыз қажет! – деді! – Қатып-семіп қалған ескі сана-түсініктермен аянбай күресуіміз керек! – деді.