Қайырымдылық – қайырлы іс

/
Қайырымдылық – қайырлы іс

Ислам дінін сан ғасырдан бері рухани тірегі еткен хал­­­­қымыз қайырымдылық істерді ерекше ыжда­ғат­ты­лықпен, ықыласпен, барын салып, беріле атқарған. Қа­мық­­қанға қамқор, жабырқаған жанға демеу болу – қа­нымызға сіңген қасиеттердің бірі. Сондықтан болар, ха­лық арасында шүлен тарату, сыбаға, егіннен – кеусен, асар­лату, немеурін, тамыздық, жылу жинау, ерулік пен қо­нақ асын беру сынды қайырымдылық істер күнделікті өмір тіршілігімізде көрініс тауып, дәстүрімізге айналған.

Халқымыз «Жылуы жоқ үйден без, қайырымы жоқ би­ден без» дейді. Расында, қайырымдылық жасау әр адам­ның қолынан келе бермейтін іс. Жомарт болу – өзің­де барды зәру адаммен шын жүректен бөлісу деген сөз. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы еліміздегі белсенді еріктілермен кездесуде: «Шын мә­нін­де жаны таза адам ғана волонтер бола алады. Ерік­тілер – өзгенің мәселесін өз ісіндей көретін жүрегі кең, ние­ті дұрыс жандар. Біздің еліміз дәл осындай аза­мат­тардан кенде емес», – деген болатын. Аллаға шүкір, біз­дің қоғамда қайырымдылық, адамгершілік қа­сиет­терді ту етіп, өзгелерге жанашырлық пейілдерін таны­тып жүретін жандар аз емес. 
Асыл дінімізде Алланың мейіріміне бөлейтін, оған жа­қындататын ізгі амал көп. Соның бірі – қайырым­ды­лық жасау. Өзгелерге жақсылық жасау жолында өмір сүр­ген пенде қос дүниенің бақытына бөленеді. Жара­ту­шы Иеміз қасиетті Құранда: «Сендер игілік жолында не сарп етсеңдер де, Алла оның орнын толтырады. Ол ри­зық берушілердің ең қайырлысы» («Сәбә» сүресі, 39-аят) деп мұсылманды ізгі істер жолында мал жұмсауға құлшындырған. Өмірін, тіршілігін, құлшылығын, мал-мүлкін жақсылыққа арнаған адам ешқашан молшылық пен берекеден кенде болмайды.
Алла ризалығы үшін жасалған әрбір іс пен берілген за­тты садақа дейміз. Берілетін садақаның үлкен-кішісі бол­майды. Не берілсе де ықыласпен Алла разылығы үшін берілуі қажет. «Оң қолың бергенді сол қолың көр­ме­сін» деген хадиске сәйкес берілген садақа мен жа­сал­ған жақсылықты жасырын жасау – ең абзал амал. Алла бер­ген нығметті Алла жолында жұмсау – сауапты амал. Шек­сіз нығмет иесі болған Алла мақлұқаттың таби­ға­тын­­да өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жа­рат­­қан. 
Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұр­ғыдан үш ерекшелікке ие болуы ке­рек: мұқтаж жанға беру; Алла разылығы үшін беру; беріл­ген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуға тиіс. Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне беріл­генімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі иесі – Алла. Алла бізге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкір­ші­лік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керек екенін ескертеді. Бұл туралы Құранда Алла Тағала былай дейді: «Олардың мал­дарында қайыршының және (сұрауға намысы жі­бер­меген) жарлының да ақысы бар» («Зарият» сүресі, 19-аят).
Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Керісінше, Алла оның мүл­кіне береке береді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алла­ның салауаты мен сәлемі болсын): «Садақа мал-дү­ниені ешқашан кемітпейді. Пенде қолын садақа беру үшін созғанда, ол садақа сұраушының қолына жет­пес­тен бұрын Аллаға берілгендей болады» деген.
Қайырымдылық жасау жай ғана сауапты амал емес, оның тағы бір ерекшелігі – Алланың ашуын басады. Әбу Һурай­радан (Алла оған разы болсын) жеткен риуаят бойын­ша Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сә­лемі болсын) былай дейді: «Садақа Раббының ашуын ба­са­ды және жаман өлімді қайтарады».
Хазіреті Әнәс (Алла оған разы болсын) Алла елші­сі­нің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бы­лай деп айтқанын жеткізеді: «Алла жерді жаратқан соң жер сілкіне бастады. Осыдан кейін таулармен оны берік етті. Сосын жер қимылдамады.
Періштелер таулардың қуаттылығына таңырқап:
– Уа, Раббымыз! Таулардан да күшті бір зат жараттың ба? – деді. Алла:
– Иә, темірді жараттым, – деді. Періштелер:
– Темірден де күшті бір нәрсе жараттың ба? – деді. Алла Тағала:
– Иә, отты жараттым, – деді. Періштелер:
– Оттан да күшті бір нәрсе жараттың ба? – деп сұ­ра­­ды. Алла Тағала:
– Иә, суды жараттым, – деді. Періштелер:
– Судан да күшті нәрсе жараттың ба? – деп тағы сұра­ды. Алла Тағала:
– Иә, желді жараттым, – деді. Періштелер:
– Желден де күшті нәрсе жараттың ба? – деп сұрады. Алла Тағала:
– Иә, адам баласын жараттым. Егер ол оң қолымен са­дақа беріп, оны сол қолы көрмейтіндей жасырса (ол одан да күшті), – деді. 
Бірде Фатима (Алла оған разы болсын) анамыз көңіл­сіз, ас ішуге деген тәбеті болмай отырған сә­тін­де хазреті Әли (Алла оған разы болсын) бөлмесіне кіріп келеді. Сөйтіп, жарына: «Уа, Фатима! Тәтті заттан не жегің келеді?» – деп сұрайды. Сонда Фатима анамыз: «Уа, Әли, анар жегім келеді», – деді. Хазреті Әли ақшасы бол­мағанымен сыртқа шығып, ойланып, қарыз алады да, базарға барып бір анар сатып алады. Үйіне келе жа­тып, жолда науқастанған кәрі кісіні көреді. Әли оған жа­қындап: «Не қалайсыз?» – деп сұрайды. Ол адам: «Уа, Әли! Бес күн болды, осында тастап кетті. Адамдар өтіп кетіп жатыр. Ешкім маған қол ұшын берейін демейді. Анар жегім келіп тұр», – дейді. Хазреті Әли  сәл ойла­нып: «Егер қолымдағы анарды мына қарияға берсем, Фа­тима анарсыз қалады. Ал егер бермесем, Алла Таға­ла­ның мына аяты бар: «Тіленшіге зекіме» («Духа» сүресі, 10-аят) және Пайғамбарымыздың «Сұраушыны бос қай­тармаңдар» деген сөзіне қарсы келген болам» деп, анар­ды әлгі қарияға береді. 
Хазреті Әли Фатима анамыздан ұялып, үйіне келеді. Фа­тима анамыз Әлиді орнынан тұрып қарсы алады. Әли болған оқиғаны айтып бергенде Фатима анамыз: «Уа, Әли, сен уайымдама. Аллаға ант етемін, сен сол қария­ға анарды берген кезде, анарға деген тәбетім ба­сылды», – дейді. Хазреті Әли осы сөзді естіген соң көңілі жай табады. Көп уақыт өтпестен есік қағылады. Хазреті Әли есік қағып тұрғанның кім екенін сұрағанда, Салман Фари­си  екенін айтады. Есікті ашып, ішке кіргізеді. Оның қолында беті орамалмен жабылған табақ бар еді. Ол табақты Әлидің алдына қояды. Хазреті Әли: «Бұны кім беріп жіберді?», – деп сұрайды. Салман: «Бұны Алла Пай­ғамбарына жіберген. Пайғамбар саған жолдады», – дейді. Әли әкелгенің маған болса, 10 болар еді. Өйткені Алла Тағала: «Бір жақсылық істеген адам он есе сауапқа ие болады деген», – дейді. Салман күлімсіреп, жасырып қой­ған бір анарды шығарып, табаққа қояды: «Уа, Әли! Аллаға ант етейін, анар саны он еді. Бірақ мен сені сы­найын деп біреуін жасырып қойып едім», – дейді. 
Асыл дінімізде «исар» деген ұғым бар. Исар – жо­март­тықтың шыңы. Өйткені мұсылман баласы өзі мұқ­таж бола тұра өзгеге көмектесіп, исар жасайды. Исар­дың рухани сыйлығы да пенденің жанқиярлығына қарай болады. Алла Тағала Меккелік мүһәжирлермен мүмкіндіктерін бөлісіп, олардың қажеттіліктерін өз қажеттіліктерінен жоғары санаған Әнсарларды былай мақтайды: «...өздері мұқтаждық тартса да, оларды өз нәпсілерінен артық көреді (исар жасайды). Кімде-кім нәп­сінің сараңдығынан сақ болса, міне, солар – кұтыл­ғандар» («Хашр» сүресі 9-аят).
Мына өмірде әр адам өзінің жақсы көрген нәрсе­сі­мен сыналады. Алайда мұсылман үшін Алланың разы­лы­ғы барлық нәрседен жоғары тұруға тиіс. Алла Тағала Құранда: «Сүйген нәрселеріңді (Алла жолында) жұм­са­майын­ша (садақа бермейінше), тақуалыққа (жақ­сылық­қа) қол жеткізе алмайсыңдар. Не жұмсасаңдар да, Алла оны сөзсіз біліп тұрады» («Әли-Ғимран» сүресі, 92-аят) дей­ді.
Алла жолында жақсы көрген нәрсемізді жұмсасақ, Хақ Тағала бізді бір сынақтан құтқарады. Алла жолында берілген садақа пенденің қате-кемшіліктері мен кү­нә­сінің кешірілуіне себепші болады. Әз Пайғамбар айт­қан­дай, су отты қалай сөндіретін болса, садақа да кү­нә­­­ларды солай өшіреді. Садақа беру адамдар арасында мейірімділік, қайырымдылық, сүйіспеншілік сынды ізгі қасиеттерді арттырады.

 Наурызбай қажы ТАҒАНҰЛЫ,

ҚМБД Төрағасы, Бас муфти

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары