Маржанның «Жалғыз қол» поэмасы хақында

/
Маржанның «Жалғыз қол» поэмасы хақында

Тәуелсіздік алып, нарық енгелі экономиканың бір тетігі бизнес деген ұғым қалыптасты. Біздің қоғамда алыпсатарлық психология жанданды. Тез баю, оңай пайда табуға мәжбүрлік көп адамдардың дүниетанымын өзгертіп жібергендей болды, алаяқтық молайды.

Маржан Ершудың «Жалғыз қол» атты поэмасы адал еңбектің кеніші және ел мен жер құты – шынайы еңбек адамын құрметтеу сияқты қасиетті танымды қайта жаңғырту мақсатында жазылған. Поэма Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына өзіндік үлес қосу және ел мен жер тарихында кісілік ізгі атымен танылған деректі тұлғаның аруағын асыру болатын. Соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетовтың өмір жолы мен қайраткерлігін Маржан Ершу ақындық шабытпен суреттейді. 
Жылыойдың тарихынан сыр іздесең,
Көрінер баба қарттың нар тұлғасы. 
Ақын аты аңызға айналған ардақты азаматты өз көзімен көрмесе де, ел жадында сақталған тұлғалық болмысын дәстүрлі стильде бастайды, мұнда шежірелік деректер, елге елеулі кісі аттары, өткен заманнан тарихи деректер айқын берілген. Мәмбет шалдың бір ұлы Оңдас Жылыойға мұнай іздеп келген ағылшынның ат айдаушысы болып істегені Қазан төңкерісіне дейінгі Каспий жағалауында болған оқиға. 1928 жылы «Қызыл Жем» балық шаруашылығы құрылып, оны коммунист Оңдас Мәмбетов басқарған екен. Елде Совет үкіметі орнады. Ал Оңдастың баласы Тұрдығали Мәмбетовтың өмір жолының негізгі белестері қазақ жерінде жаңа қоғам орнауымен тікелей байланысты. Ол 1941 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, 1943 жылы әйгілі Курск доғасында қанды шайқастарға қатысқан. Днепрден совет солдаттары қайықпен жүзіп өтерде дұшпан самолеттен оқ жаудырған. Жүз қаралы солдаттан аман қалған жалғыз қазақ баласының оң қолын иығынан кесіп тастаған. «Жаралы солдат мекені енді / Кім біледі: өр ме, көр ме?». Өмір үшін күрес күн райы бұзылса сүйек сырқырататын жазылмас дертті елемей, азапқа төзе білуді үйретеді, үмітін өлтірмей, күш-жігерін арттыруға бастайды. 
1944 жылы елге оралған 21 жасар жас жігіт, соғыс мүгедегі Тұрдығали колхоз жұмысына белсене кірісті, адал сүт емген Үмітжан қызға үйленді. Саратов, Гурьевте оқып техникум бітірді, қарапайым есепшіден директорлыққа өсті, үнемі ел ырзығын арттыру мақсатында шаруашылықтың басы-қасында жүрді. Еңбек Ері Тұрдығали ағаға қол астындағы жұртқа бұйрық беріп, жан ауыртпай жалғанды жалпағынан басатын менмендік, жемқорлық мүлде жат болғаны поэманың өн бойынан білінді. Күн қуырған тақыр жерде су тапшылығын жою үшін Тұрдығали Мәмбетов «Ырғызбай», «Қасқасу» су бөгеттерін салдырған. 
«Жерасты су – қара жердің көзі» деп
Бұрғылаумен су жеткенше қаздырды. 
Со заманның қазақтарында асқан адалдық, ортақ іске жауаптылық, ел мен жерді сүю сезімінен туған шынайы азаматтық биік қасиеттер баршылық екені айдай шындық. Маржан кейіпкер бейнесін: «Жұмыспенен ауырып, / Жұмыспенен жазылатын, / Бір бейнетқор жан иесі»; «Жалғыз қолмен талай шыңды алыпты / Күш жігері күрестерде қайралған»; «Мәмбетовтың парасатты пайымы / Сөйлей қалса, әр сөзінің жаны бар» – деп, оның айтқандары жұртқа мақал болып кеткен шешен, дана етіп суреттейді. Мәскеуден «Правда» газетінің тілшісі Фомин ауылға келгенде кей деректер жалған болар деген («Еңбекте көбік сөздің лаңы көп») күдіктен арылған ғой. Ол шын картинаны көзімен көрген соң «Жалғыз қолмен үйіріп тұр совхозды / Көреген басшы қысқасы!» деп еңбек сүйгіш адал өр қазақ Мәмбетовке құрмет білдіріп жазған.  
«Еңбек еді ежелден,
Ер адамның – ажары.
Ерлік туар еңбектен
Қайнағанда қазаны.
Еңбек етсең,
дандайсып көпке шашпа күліңді
Еңбегіңнің жемісі – өз халқыңның базары». 
Қазіргі қазақ қоғамына ең қажет елдік қағида осы емес пе! Себебі толып жатқан блогер, коуч, психолог атымен алдампаз алаяқтар оңай баюдың жолын үйретемін деген желеумен шынайы адалдықтан түңілтіп, сенгіш халықты қарадай шығынға батырып, өміріне зиян келтіріп, жолдан оңбай адастырып, бекер несиеге белшеден батырып жатыр. 
Маржан туған жерінің топонимдерін бас-басына атай келе мадақ жыр жазуы орынды: 
Пір Бекеттің кіндік қаны тамған жер,
Атажұрты – Ақмешіт болып қалған жер.
Ақкиізтоғай қасиетті мекенсің
Асан Қайғы барған жер.  
Әулиені пір тұту, аруақтарды қастерлеу дәл қазір ерекше мәнге ие. Руханият, ұлттық сана үшін үздіксіз күрес жүріп жатыр. Ақтоғайды ақындардың ауылы деп орынды атайды. Маржанның өз әкесі айтулы ақын Аманқос Ершу, суреткер Әбіш Кекілбаевтың ізі қалған жер. 
Мәтжан би, Аралбай – жыр болып еседі үміт,
Ақмешітті айналып көшеді бұлт.
«Қаби, Меңдекеш, Аманқос, Өтегеннің
Жыр қонған жұрты ғой бұл» деседі жұрт. 
Адам бала жер бетінде өмір сүреді, тумақ бар да, өлмек бар. Тіршіліктің түп мақсаты адам болып қалу, адамшылық қасиеттерді берік ұстау екені шүбәсіз. Отбасында берекелі, үлгілі әке, сүйген жар болып баянды тіршілік кешкен азамат Тұрдығали Оңдасұлы 53 жасында өмірден озғанда (соғыс салған жара оңай емес) ел-жұрт текті ұлымен егіліп қимай қоштасқанын автор ізетпен жазады. Мұндай кесек тағдыр екінің біріне бұйыра бермейді. 
Балалары балдай тәтті қылықты,
Жары әркез үнсіз сүйеп тұрыпты.
Отбасында бағы жанған бұл адам
Бақыт деген адалдық деп ұғыпты.
Тұрдығали Мәмбетовтың жалғыз қолмен Еңбек Еріне айналуының шын сыры осында жатыр, алғаны жақсы ер жігіт ел игілігі жолында небір ауыр бейнеттен қашпайды. Отан үшін, отбасы үшін беріле жұмыс істейді. 
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы «Жылыой» ауданының құрметті азаматы, ақын, аудармашы, драматург, сыншы-сатирик Маржан Ершу есімін ел сүйген деректі тұлғалардың шығармашылық портретін үзбей жасап келе жатыр. Керемет дауыс иесі Ерік Құрманғалиев, күйші Дина, Қыпшақ нәсілінен шыққан Қоңыр Иштван Мандоки туралы туындыларының қатарына міне, ерен еңбегімен көгерген ел азаматы, 2024 жылы туғанына 100 толған Тұрдығали Мәмбетов қосылды. Бұл ана аманатымен, Тұрдығали ағаның сүйікті қосағы Үмітжан апаның қалауымен жазылған «Жұлдызды ғұмыр» естеліктер кітабының жалғасындай кітап екені де көңілге биік ой салары анық. Бүгінгі ұрпаққа осындай сом кейіпкерлер ауадай қажет.

Айгүл Кемелбаева

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары