Apple жаңа iPhone 18 Pro моделін ерекше қою шие түсті нұсқада шығаруы мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz macworld.com-ға сілтеме жасап.
2026 жылы шығады деп жоспарланып отырған iPhone 18 Pro жаңа, шарап түстес «Dark Cherry» реңкінде шығады деген ақпарат тарады. Бұл түс алдыңғы буындағы iPhone 17 Pro-дағы «Cosmic Orange» реңкін алмастырады.
Жаңа модельдер желісіне iPhone 18 Pro, Pro Max және мүлде жаңа форматтағы жиналмалы iPhone Ultra кіруі мүмкін. Соңғысы жайылған кезде небәрі 4,7 мм қалыңдықта болып, шағын планшетке, iPad mini ұқсайды деген болжам бар.
Дизайнда да бірқатар өзгерістер күтіледі. Атап айтқанда, экрандағы Dynamic Island кішірейіп, дисплей кеңістігі арта түседі. Сонымен қатар камера блогының әйнегі мен корпус арасындағы саңылау азайып, құрылғының сыртқы келбеті біртұтас әрі тегіс болады.
Жаңа түстер қатарында ашық көк, қою сұр және күміс нұсқалар да болады, ал өткен жылғы түстер желіден алынып тасталады деп күтілуде.
