Италиядағы Венеция қаласы болашақта толықтай көшірілуі мүмкін. Ғалымдар теңіз деңгейінің көтерілуі тарихи қаланы су басу қаупін күшейтіп отырғанын айтады, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
IPCC деректеріне сүйенген жаңа зерттеу Scientific Reports журналында жарияланды. Онда Венецияны қорғаудың қазіргі және ықтимал шаралары талданған. Сарапшылардың айтуынша, кейінгі 150 жылда қалада су тасқыны жиілеп кеткен. 2019 жылғы ірі су басу кезінде адам шығыны тіркеліп, жүздеген миллион еуро көлемінде шығын келген. Әсіресе Сан-Марко базиликасы қатты зардап шеккен.
Ғалымдар үш негізгі сценарийді қарастырып отыр. Егер теңіз деңгейі 0,5 метрге дейін көтерілсе, жағалауға бөгеттер салу қажет болады. Бұл жобаның құны 500 миллионнан 4,5 миллиард еуроға дейін жетуі мүмкін. Тағы бір нұсқа – лагунаны толық жабатын ірі қорғаныс дамбасын салу. Мұндай жоба қаланы тіпті 10 метрге дейінгі су көтерілуінен қорғай алады. Алайда оның құны 30 миллиард еуродан асады.
Ең шекті сценарий – теңіз деңгейі 4,5 метрден асқанда қаланы толық көшіру. Бұл шамамен 2300 жылдан кейін болуы мүмкін және шығыны 100 миллиард еуроға дейін жетеді. Роберт Николлсдің айтуынша, Венеция үшін мінсіз шешім жоқ. Кез келген қадам тұрғындардың қауіпсіздігі, экономика, экожүйе және мәдени мұра арасындағы тепе-теңдікті ескеруі тиіс. Қалаға қауіп тек теңіз деңгейінің көтерілуінен ғана емес. Көктемгі тасқындар, Адриатика теңізінен соғатын желдер және жердің жылына шамамен 1 мм-ге шөгуі жағдайды одан әрі қиындатып отыр.
Ғалымдар бұл мәселе тек Венецияға ғана тән емес екенін ескертеді. Болашақта осындай қауіп Мальдив аралдары мен Нидерланды сияқты төмен орналасқан аймақтарға да төнуі мүмкін.