Sam Altman жасанды интеллекттің энергия шығыны туралы пікірталастарға өзгеше қырынан қарауды ұсынды. Ол 20 ақпанда өткен Express Adda алаңында, India-AI Impact Summit 2026 саммиті аясында сөз сөйлеп, ChatGPT-ті адаммен салыстырды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Альтманның айтуынша, көпшілік жасанды интеллектіні үйретуге кететін энергияны ғана есептеп, оны адамның бір сұраққа жауап беруімен салыстырады. Бірақ адамды «үйретуге» де орасан ресурс қажет.
«Адам бір сұраққа жауап бере алуы үшін алдымен оны шамамен 20 жыл асырап, оқытып, өсіру керек. Сол уақыттағы барлық азық-түлік, білім, тәжірибе – бәрі энергия. Бұған қоса, сіздің пайда болуыңыздың артында миллиардтаған адамдардың эволюциялық тәжірибесі жатыр», – деді ол.
Яғни Альтманның логикасы бойынша, бір жауаптың құнын есептегенде нейрожеліге кеткен энергия адамзаттың ондаған жылдық тәрбиесімен салыстырғанда арзан көрінуі мүмкін.
Дегенмен бұл пікір әлеуметтік желіде қызу талқыланды. Сыншылар адамның құндылығын тек «энергия шығынымен» өлшеу дұрыс емес екенін айтады. Адам – тек есептеу жүйесі емес, ол эмоция, этика, интуиция және шығармашылық иесі.