Биыл ұлт руханиятының қара шаңырағы Әуезов театры өзінің ғасырлық мерекесін атап өтеді. Күрделі жөндеуден өтіп жатқан театр ғимараты жоспар бойынша биыл күзде пайдалануға берілуге тиіс. Ғасырлық белес туралы театр директорымен әңгімелескен едік.
– Биыл «Қазақ өнерінің қара шаңырағы» атанған Әуезов театрына 100 жыл толды. Қызылорда қаласында тұсауы кесілген іргелі өнер ордасының тарихына көз жүгіртсек, күрделі де қиын белестерден өткенін байқаймыз. Театр алғаш құрылған жылдары театрға көрермен тарту, театр труппасын жасақтау, қойылымдарды іріктеу барысында түрлі қызық жайттар болғанын естіп жатамыз. Сол шақтағы аңызға бергісіз оқиғаларды өз аузыңыздан естісек деген ойымыз бар.
– XX ғасырдың 20-жылдарында театр қазақ қоғамы үшін шынымен де бұрын-соңды болмаған құбылыс еді. Ғасырлар бойы ауыз әдебиетіне, жыр мен айтысқа, салт-дәстүрлік көріністерге үйренген халық үшін сахнадағы драмалық әрекет тосын көрінді. Тірі адамның көпшілік алдында жылап-күліп, бір сәтте «өліп», қайта тірілуі, бір адамның басқа біреу болып сөйлеуі кей көрерменге түсініксіз, тіпті күмәнді құбылыс болып қабылданды. Алғашқы қойылымдардан кейін ел арасында: «Мыналар неге өтірік жылайды?», «Өлді дегені рас па, әлде ойын ба?» деген сауалдардың тууы – соның айғағы. Бұл кезең қазақ көрерменінің театр тілін енді ғана танып, үйреніп жатқан шағы болатын. Театр шындығы мен өмір шындығының аражігі әлі ажырамаған еді. Сол себепті кей қойылымдардан кейін сахнадағы жағымсыз кейіпкерді ойнаған актерге ренжіп, тіпті оны жазғырған жағдайлар да болғаны айтылады. Кей аңыздарда бас кейіпкерге көмектеспек болып, көрермен сахнаға ұмтылып, айқай-шу шыққан сәттер де кездеседі. Мұның бәрі қазақ көрерменінің театрды жасандылық емес, шын өмірдің жалғасы ретінде қабылдағанын көрсетеді. Яғни, сахнаның әсері тым күшті болған. Алғашқы жылдары көрермен жинау да оңайға соқпаған. Театр өнерінің мәнін түсіндіру, халықты жаңа өнерге үйрету қажет болды. Осындай кезде ұжым түрлі шығармашылық айлаларға барған. Ел аузында сақталған әңгімелердің бірінде кешкі қойылым алдында Әміре Қашаубаевтың театр маңында ән салып тұрғаны айтылады. Оның қоңыр да қуатты үні көшеге тарап, жұртты өзіне еріксіз тартқан. Ән тыңдауға келген халық біртіндеп театр залына да кіріп, спектакль көруге дағдылана бастаған. Тағы бір кең тараған аңыз – гас-трольдік сапарлардың бірінде болған оқиға. Уақытша сахна құрылымы әлсіз болып, қойылым үстінде декорация құлай жаздайды. Сол сәтте залда отырған Қажымұқан Мұңайтпасов еш ойланбастан сахнаға ұмтылып, арқасымен тіреп, декорацияны ойын бойы құлатпай ұстап тұрған деседі. Осылайша, спектакль де, артистер де аман қалған. Бұл оқиға нақты дерек емес, алайда сол дәуірдегі театрдың қандай жағдайда, қандай жанашырлықпен өмір сүргенін бейнелейтін символдық аңыз ретінде айтылады. Мұндай әңгімелер алғашқы қазақ театрының тарихында жетерлік. Олардың барлығы бір ғана шындықты аңғартады: театр халыққа жат өнер болған жоқ, қайта қазақтың жүрегіне бірден әсер еткен, сезімге тікелей ықпал еткен тірі құбылыс болды. Көрермен театрды біртіндеп танып қана қоймай, оны өз өмірінің, өз тағдырының бір бөлшегі ретінде қабылдай бастады. Сол себепті қазақ театры қысқа уақыттың ішінде елдің рухани кеңістігінде берік орын алды. Актер жетпеді –
бір адам бірнеше рөл ойнады. Актриса болмады – әйел адамды жігіттер өздері сомдады (Елубай Өмірзақовтың Еңліктің шешесі Қалампырды ойнаған күндері де болды). Жарық жетпеді – сөзге арқа сүйеді. Декорация болмады – қиялға ерік берілді. Ал көрермен келмесе, Әміре ән айтты. Оның даусы халықты театрға емес, өз рухына шақырғандай еді. Қазақтың алғашқы кәсіби театры осылайша тәй-тәй басты.
– Театрды алғаш құруға ат салысқандар мен ең алғашқы режиссер, драматург, басшылық құрам және актерлар туралы да айтып өтсеңіз. Театр қалай құрылды? Кімдердің еселі еңбегі сіңді?
– Қазақтың тұңғыш кәсіби театрының құрылу тарихы – бір ғана мекеменің емес, тұтас бір ұлттың рухани еңсесін тіктеу жолындағы үлкен арманның жүзеге асқан сәті деуге толық негіз бар. Бұл тарихи үдерістің бастауында тұрған тұлғалардың бірі әрі алғашқы қазақ кәсіби театрының тұңғыш директоры – Дінше Әділов (Дінше Мұхамеджанұлы).
Дінше Әділов – қазақ театрының алғашқы әкімшілік қазығын қаққан, сахнаның артында тұрып, оның алға жылжуына жол ашқан тарихи тұлға. Ол 1925-1926 жылдары Қызылорда қаласында құрылған қазақ драма труппасының ұйымдастыру ісін тікелей басқарды. Бұл кезеңде театрдың тұрақты ғимараты болмады, кәсіби жүйе әлі қалыптаспаған еді, ал актерлік құрам енді ғана жасақталып жатқан болатын. Осындай күрделі жағдайда театрды басқару айрықша табандылық пен көрегендікті талап етті. Дінше Әділовтің негізгі еңбегі – труппаны жасақтау, актерлердің тұрмыстық мәселесін шешу, гастрольдік сапарларды ұйымдастыру, репертуарлық бағытты айқындау, сондай-ақ театрдың мемлекеттік құрылым ретінде мойындалуына ықпал ету болды. Сол кезеңде директор қызметі тек әкімшілік міндетпен шектелмей, ағартушылық әрі идеологиялық жауапкершілікті де қатар алып жүруді талап етті. Ұлт зиялыларының ортасында тәрбиеленген Дінше Әділов Алаш идеяларына жақын болып, ұлттық мәдениетті жаңғырту ісіне белсене араласты. Ол театрды ойын-сауық мекемесі емес, халықтың санасын оятатын, ұлттың өзін-өзі тануына қызмет ететін рухани мінбер ретінде түсінді. Алайда 1930 жылдардағы кеңестік қуғын-сүргін оның тағдырын да айналып өтпеді. Тарихта Дінше Әділов есімі репрессия құрбандарының бірі ретінде аталады. Осы тарихи әділетсіздік салдарынан оның есімі ұзақ жыл бойы ресми мәдени майданнан тасада қалып қойды. Бүгінде Дінше Әділовтің еңбегін жаңаша бағалау – қазақ театрының қалыптасу тарихындағы шешуші тұлғалардың рөлін қайта тану деген сөз.
Театрды алғаш құру ісіне сол дәуірдегі өзге де ірі ойшыл, мемлекет және қоғам қайраткерлері тікелей атсалысты. Жүсіпбек Аймауытов, Мұхтар Әуезов сынды алыптар театрдың идеялық-шығармашылық негізін қалап, драматургия мен репертуар мәселесіне ерекше көңіл бөлді. Қаныш Сәтбаев, Орынбек Беков сияқты қайраткерлер де бұл істің маңызын терең түсініп, қолдау көрсетті. Ал 1925 жылдың күзінде театрды ұйымдастыру жұмыстары сол кездегі Қазақстан Халық ағарту комиссары Смағұл Сәдуақасовтың тікелей бақылауында болды. Мемлекет тарапынан арнайы қаржы бөлініп, бұл істің ресми әрі жүйелі түрде қолға алынуы – сол заман үшін аса батыл қадам еді. Театр құру үшін ел ішіне хабар таратылып, халық арасында аты шыққан, жер-жердегі дарынды өнерпаздар – әнші, күйші, актерлерге шақырту жолданды. Барлығы 23 адамнан тұратын алғашқы құрам жасақталды. Қазақтың сол кездегі астанасы Қызылордаға ең алғашқылардың бірі болып Қостанайдан Серке Қожамқұловтың келуі – бұл істің бастауында тұрған символдық сәттердің бірі. Театр шаңырағын көтеріп, уығын тіктеуге алғашқы бас режиссер Серке Қожамқұловтың сіңірген еңбегі айрықша. Онымен бірге Қалибек Қуанышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Бадыров, Құрманбек Жандарбеков сынды сахна саңлақтары театрдың алғашқы актерлік мектебін қалыптастырды. Өнердің әр саласынан келген тұлғалар да театрдың болмысын байытты. Төкпе ақын Иса Байзақовтың отты жыры, атақты әнші Әміре Қашаубаевтың үні, балуан Қажымұқан Мұңайтпасовтың тұлғасы – сол кезеңдегі театрды нағыз халықтық, ұлттық сипатқа ие еткен ерекше құбылыстар болды. Сонымен қатар театр өміріне Зуһра Атабаева, Мәлике Шамова, Айша Абдуллина сынды алғашқы актрисалардың белсене араласуы – қазақ сахнасындағы әйел бейнесінің қалыптасуына жол ашты. Бұл да өз кезеңі үшін үлкен мәдени серпіліс еді. Осылайша, уақыт талабы орындалып, Алаш азаматтарының көптен күткен арманы жүзеге асты.
– Театрдың негізін қалағандардың дені 1937-1938 жылдары қуғынға ұшырағанын білеміз. Сахнада трагедиялық драмаларда ойнап жүріп, өз тағдырлары да кейіпкерлерінің тағдыры секілді трагедияға айналғанын сарғайған естеліктерден оқыдық. Мерейтой аясында театрдың тұңғыш құрамын, олардың ғұмырнамасын арқау еткен тағылымды еске алу іс-шарасын өткізу ойларыңызда бар ма?
– Иә, бұл мәселе біздің назарымызда. Театрдың іргесін қалаған алғашқы буын өкілдерінің тағдыры – қазақ театры тарихындағы ең қасіретті, әрі ең тағылымды беттердің бірі. 1937-38 жылдардағы саяси қуғын-сүргін қазақ мәдениетіне, соның ішінде театр өнеріне орны толмас зардап әкелді. Сахнада трагедиялық драмалардың ауыр жүгін көтерген көптеген тұлғаның өз өмірі де сол кейіпкерлерінің тағдырымен астасып, трагедияға ұласқаны – тарихи шындық.
Осы орайда, мерейтой аясында театрдың алғашқы құрамына арналған арнайы тағылымды еске алу іс-шарасын, нақтырақ айтқанда, театр музейі базасында мазмұнды көрме ұйымдастыру жоспарда бар. Бұл көрме – құр естелік емес, тарихи әділеттілікті қалпына келтіруге бағытталған рухани қадам болмақ.
Көрме экспозициясында алғашқы қазақ кәсіби театрының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосқан, кейін репрессия құрбаны болған немесе тағдыры күрделі арнаға түскен тұлғалардың өмір жолы кеңінен қамтылады. Атап айтқанда, режиссерлік және драматургиялық ойлауымен қазақ сахнасының тілін байытқан Шахан Мусин, ұлттық драматургия мен психологиялық прозаның ірі өкілі, М.Әуезов театрының құрылу бастауында тұрған тұлғалардың бірі Жүсіпбек Аймауытов, сондай-ақ алғашқы қазақ кәсіби театрының тұңғыш директоры, ұйымдастырушы тұлға Дінше Әділов сынды т.б. қайраткерлердің ғұмырнамасы деректі материалдар арқылы ұсынылады. Айталық, Шахан Мусин 1932 жылғы аштыққа жаны төзбей «Наркомға хат» деп аталатын 16 шумақтан тұратын өлең жазды. Осы туындысы үшін ол 1936 жылдан 1954 жылға дейін бас бостандығынан айырылып, жалпы 18 жылын түрме мен айдауда өткізеді. Осы қаһарман жанның 1957 жылдан бастап өмірінің соңына дейін М.Әуезов театрында актерлік қызмет атқарғанын біреу білсе, біреу білмес. Көрме барысында архив құжаттары, сирек фотосуреттер, қолжазбалар, естелік үзінділер, театрдың алғашқы афишалары мен музей қорында сақталған бірегей жәдігерлер қойылады. Негізгі мақсат – алғашқы театр қайраткерлерінің тек шығармашылық жолын ғана емес, азаматтық болмысын, тағдырын, ұлт мәдениеті үшін істеген еселі еңбегін бүгінгі көрерменге тереңінен таныту. Бұл еске алу іс-шарасы арқылы біз театрдың жүз жылдық тарихындағы ең ауыр кезеңдерді еске алып қана қоймай, сол буынның рухына тағзым етуді, олардың аманатына адал екенімізді көрсетуді өзімізге парыз санап отырмыз. Театр тарихын білу – өткенге үңілу ғана емес, бүгінгі ұрпақтың рухани жауапкершілігін арттыру деп білеміз.
– Айтып отырғаныңыздай, Әуезов театры тарихының өзі драмаға толы ғой. Сол шақты бейнелейтін қойылым керек сияқты...
– Иә, дұрыс айтасыз. Әуезов театрының ғасырлық тарихы – өз алдына тұтас драма. Онда ұлттың тағдыры, рухани ізденісі, өнер үшін күрес, сенім мен күмән, үміт пен табандылық қатар өріледі. Сондықтан бұл тарих сахналық тілде сөйлеуге әбден лайық деп есептейміз.
Осы орайда биыл күзде, 100-маусымды қорытындалып, театр 101-маусымға қадам басар тұста, қадірлі көрермен назарына «Әуезов және театр» атты жаңа спектакль ұсынуды жоспарлап отырмыз. Бұл қойылымда Мұхтар Әуезовтің өмір жолы негізгі лейт-мотив ретінде алына отырып, қазақтың тұңғыш кәсіби театрының қалыптасу кезеңі көркемдік тұрғыда бейнеленеді.
Спектакльде Әуезов тұлғасы тек ұлы жазушы, драматург ретінде ғана емес, ұлттық театрдың идеялық негізін қалаған, оның тағдырына тікелей ықпал еткен тарихи қайраткер ретінде ашылады. Қойылым арқылы сол дәуірдің рухы, алғашқы актерлердің жанкешті еңбегі, театр өнерінің қоғамдағы орны, сондай-ақ шығармашылық жолдағы ішкі тартыстар мен рухани таңдаулар сахна тілімен көрерменге ұсынылады.
Бұл спектакль – бір адамның ғұмырнамасы емес, Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театры тарихымен біте қайнасқан тұтас бір дәуірдің көркем шежіресі болмақ. Біз бұл қойылымды мерейтойлық маусымның заңды жалғасы, әрі театрдың келесі ғасырлық жолына бағыт-бағдар беретін рухани дүние ретінде қабылдаймыз.
– «Еңлік-Кебек» қойылымымен ашылған театр осы ғасырлық уақыт барысында қанша қойылым сахналады? Театр музейінде олардың афишалары сақталған ба? Сол қойылымдардың мазмұндық, жанрлық, тақырыптық ерекшелігі туралы зерттеулер бар ма?
– Ұлттық театрдың тарихы – бір ғасырлық үлкен жол. Осы уақыттың ішінде сахнада 500-ге жуық қойылым көрерменге ұсынылды. Бұл – бір ұжымның ғана емес, тұтас қазақ кәсіби театрының қалай қалыптасып, қалай өсіп-жетілгенін көрсететін үлкен шығармашылық белес.
Осы тұста айта кету керек, театр музейі – қара шаңырақтың ең қымбат құтханасы. Өз жұмысын 500-ге жуық жәдігермен бастап, бүгінде олардың саны 200 мыңнан асып отыр. Қорда 30-жылдардан бастап осы күнге дейінгі қойылымдардың фотосуреттері, афишалары, бағдарламалары, өмірден озған театр әртістерінің өмірбаяны, жеке материалдары, қолжазбалары, алған сыйлықтары, сонымен қатар 30-жылдардан бастап көптеген спектакльде киілген алғашқы сахналық костюмдер сақтаулы. Кейде сол афишаларды қолыңа алып қарасаң, әр кезеңнің тынысын, сол заманның көрермен талғамын, режиссерлік ойдың қалай өзгергенін анық сезесің. Бұл – қағазға түскен тарих қана емес, тірі өнердің ізі.
Бір ғана «Еңлік – Кебек» спектакліне қатысты деректер өз алдына бөлек тарих. Ғасыр бойы сахнадан түспей келе жатқан пьесаны ойнап жатқан бүгінгі артистер 8-буын. Музей қоры 13 қаңтар театрдың туған күніне орай «Ұлттық театрдың бастауы – «Еңлік – Кебек» қойылымы» атты көрмені ұсынды. Көрмеде әр кезеңде сахналанған «Еңлік – Кебек» спектаклінен архивтік материалдар қойылды. Сондықтан афишалар ғана емес, көптеген тарихи жәдігер сақталған музейіміз бар деп мақтанышпен айта аламыз.
Зерттеу жұмыстарына келер болсақ, 100 жылдық қарсаңында, 13 қаңтарда «Тұңғыш ұлт театрына 100 жыл: дәстүр, жаңашылдық және көркемдік трансформация» атты халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Конференцияға шетелдік және отандық танымал ғалымдар, қоғам және өнер қайраткерлері шақырылды. Өзбекстан, Әзірбайжан, Қырғыз Республикасы елдерінің өнертану докторлары мен профессорлары қатысты. Театрдың тарихы мен даму бағыты, болашағы жайлы зерттеулер қамтылған 15 баяндама оқылды. Одан бөлек, өзге де зерттеу жұмыстары қосылған ғылыми жинақ дайындалып жатыр. Мұның бәрі қазақ театр өнерінің қалай дамығанын, қандай жолдардан өткенін, бүгінгі таңда қай бағытта дамып жатқанын зерттеу үшін жасалып отырған жұмыс.
– Театр ғимараты күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Жоспар бойынша биыл күзде берілуі керек. Жөндеу барысында ғимараттың бұрынғы архитектурасына өзгеріс енгізілмейтінін айтып жүрсіз. Театр сахнасының техникалық механизмін заманауи құрылғылармен жабдықтау ісі қолға алынған ба?
– Театр ғимаратының күрделі жөндеуден өтіп жатқаны ел назарындағы тақырып болып отыр. Жоспарға сәйкес, нысан биыл күзде пайдалануға берілуге тиіс. Жөндеу жұмыстары барысында ғимараттың тарихи және сәулеттік келбетін сақтауға ерекше мән берілуде, яғни бұрынғы архитектуралық ерекшеліктеріне өзгеріс енгізілмейді.
Жөндеу барысы Мәдениет және ақпарат министрлігінен бастап театр басшылығы мен тиісті қызметкерлердің тұрақты бақылауында. Жобаның әр кезеңі бекітілген талаптар мен стандарттарға сай жүзеге асырылып жатыр.
Сонымен қатар театрдың сахналық кеңістігін заман талабына сай жаңғырту да назардан тыс қалған жоқ. Сахнаның техникалық механизмдерін жаңарту, жарық, дыбыс, көтеріп-түсіру жүйелерін заманауи нұсқаулықтар мен технологиялар негізінде жабдықтау жұмыстары қолға алынған. Бұл өзгерістер шығармашылық мүмкіндіктерді кеңейтіп, қойылымдардың көркемдік және техникалық сапасын арттыруға бағытталған.
Біз де театрдың белгіленген уақытта қолданысқа берілуін күтіп, жаңа шығармашылық ізденістерге кірісетін күнді асыға күтеміз.
– Театрдағы жас буынның әлеуметтік жағдайы қалай?
– Театрдағы жас буынға әрдайым ерекше көңіл бөлінеді. Жас әртістер мен мамандардың әлеуметтік жағдайын жақсарту, олардың шығармашылықпен алаңсыз айналысуына мүмкіндік жасау – маңызды бағыттардың бірі.
Мемлекет тарапынан жастарды қолдауға арналған бірқатар әлеуметтік бағдарламалар бар. Театр жастары да жалпы мәдениет саласы қызметкерлері ретінде жастарға арналған тұрғын үй бағдарламаларына, жеңілдетілген ипотекалық жобаларға, жалдамалы тұрғын үй тетіктеріне қатысу мүмкіндігіне ие.
Сонымен қатар театр ұжымы шеңберінде де жас мамандарды қолдау мәселесі назардан тыс қалмайды. Жастардың кәсіби дамуына жағдай жасалып, тәжірибелі әріптестердің тәлімгерлігі, шығармашылық жобаларға тарту арқылы олардың өнер жолында орнығуына қолдау көрсетіледі.
– Соңғы жылдары театр ғимараты жөндеуге берілген соң, Алматыдағы әр театр сахнасында өнер көрсетіп жүрсіздер. Бұл қолайсыздық театр жұмысына кедергі екені белгілі. Театр репертуарын жаңа қойылымдармен толықтыру ісі қалай жүріп жатыр?
– Иә, соңғы жылдары театр ғимараты күрделі жөндеуге жабылғаннан бері біз Алматы қаласындағы әртүрлі театрлардың сахналарында өнер көрсетіп келеміз. Әрине, өз сахнаң болмау, өзге театрлардан сахнаны жалға алып, тіпті уақытты сағаттап, минуттап өлшеп пайдалану – шығармашылық ұжым үшін айтарлықтай қолайсыздық туғызатыны жасырын емес. Мұндай жағдайда толыққанды репетиция жүргізу, сахналық ізденістерге еркін бару оңай болмайды. Соған қарамастан, театрдың шығармашылық өмірі тоқтаған жоқ. Репетицияға мүмкіндік шектеулі болса да, театр драматургтері мен режиссерлері бірлесіп, өзіндік шығармашылық жұмыстарды қолға алып отыр. Қойылымдардың драматургиялық негізін әзірлеу, режиссерлік концепция жасау, сахналық шешімдерді қағаз жүзінде пысықтау, жалға алып отырған офисіміздің би залында репетициялар өткізу секілді жұмыстар үздіксіз жүргізілуде. Яғни, сахна уақытша қолжетімсіз болғанымен, ой мен идея тоқтаған жоқ.
Репертуарды жаңа қойылымдармен толықтыру мәселесі де назардан тыс қалған емес. Әсіресе, театрдың 100 жылдық мерейтойына орай қолға алынған «Әуезов және театр» қойылымы – соның айқын дәлелі. Аталған спектакль іргелі жоба ретінде дайындалуда. Бұл қойылымның маңызды ерекшелігі – оның мемлекет тарапынан толық қаржыландырылуы, яғни мерейтойлық маусымға берілген жоғары мәдени маңыздың белгісі. Біз үшін бүгінгі қиындық – уақытша сынақ. Ал шығармашылық бағыт, репертуар саясаты, көркемдік ізденіс өз арнасымен дамып келеді. Театр өз сахнасына оралған сәтте, осы кезеңде іште пісіп-жетілген идеялар мен дайындықтардың барлығы нақты сахналық өмірге жол тартады деп сенеміз.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ