Семей қаласында қазақы тазы тұқымын насихаттау және дамыту мақсатында тұқымдық байқау мен монотұқымдық көрме ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тұқымдық байқауға 27 ит қатысып, олардың ресми тұқым стандартына сәйкестігі бағаланды. Сондай-ақ иттердің тұқымдылығы расталып, есепке қоюға қажетті құжаттар рәсімделді.
Ал монотұқымдық көрмеге 40 тазы тіркелді. Көрме барысында куәлігі бар иттер жоғары тұқымдық атақтар үшін сынға түсті.
Қазылар алқасының шешімімен «Үздік беби» атағы SHAGANE-ге, «Үздік юниор» атағы KOKDAUL-ға берілді. «Үздік арлан» және «Тұқымның үздік өкілі» номинацияларында DASTER топ жарса, «Үздік ұрғашы» атағын REYCHEL иеленді.
Ұйымдастырушылардың мәліметінше, DASTER 3–7 маусым аралығында Италияның Болонья қаласында өтетін Әлем чемпионатында Қазақстан атынан қатысып, қазақы тазы тұқымын халықаралық деңгейде таныстырады.
Іс-шара барысында қатысушылар иттерді күтіп-бағу, өсіру, экстерьер талаптары мен құжат рәсімдеу мәселелері бойынша тәжірибе алмасты.
Мамандардың айтуынша, мұндай шаралар ұлттық тұқымның сапасын арттыруға, жауапты өсіру мәдениетін қалыптастыруға және қазақы тазыны кеңінен насихаттауға мүмкіндік береді.