Өткен мен бүгіннің алтын көпірі

/
Өткен мен бүгіннің алтын көпірі

Қазақтың атақты математик ғалымы, академик, Ұлттық инженерлік академияның президенті, Түркі ғылым академиясының президенті, Мемлекет және қоғам қайраткері, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың 2025 жылы «Атамұра» корпорациясынан шыққан «Тайталас-тағдыр» атты кітабы тосын қырынан танылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұл – ойлы кітап. Сырлы кітап. Өткен мен бүгіннің алтын көпіріне айнал­ған дүние. Ішкі мазмұны мен формасы ар­хи­тектоникалық жағынан дәстүрлі ғұмыр­на­малық кітаптан өзгерек екенін атап өткім ке­леді.
Бұл кітап Кеңес Одағының ыдырауы мен Тәуел­сіз Қазақстан дәуірінің соңғы  34 жы­лы­ның тарихи жылнамасы іспетті.
Өз кітабында Бақытжан Тұрсынұлы кө­не дәуірден бергі бүгінгі заманымыздағы тари­хи тұлғаларды  жаңғыртады.
Ең алдымен, кітап неге «Тайталас-тағ­дыр» деп аталады? Әуелі осыған жауап іздеп көрелік.
Біріншіден, Бақытжан Тұрсынұлы өз за­­манының перзенті. Өз заманының – үні. Өз заманының қайраткер тұлғасы. Ал кез кел­ген тұлғаның көтерілер биігі мен «әт­те­ген-ай» дейтін күйігі де болады. Осы ретте Ба­қытжан Тұрсынұлы төрт рет құлап, төрт рет кө­теріл­ген тұлға. Көрнекті саясаткер. Міне, осы­ның бәрі «Тайталас- тағдыр» көріністері.
Өткенсіз – бүгін жоқ. Кітап арыдан айт­сақ, атақты Маман би, Тұрысбек би, Тәнеке батыр, Алаш ардақтысы Барлыбек Сырт­танов­тан жалғасқан бір отбасының жүзжыл­дық тағдыры деп қабылдауға болады.
Ақсу-Қапал өңірінің тарихымен астасып жат­қан Жұмағұловтар әулетінің тағдыры осы кітапта терең зерттеліп, жазылып тұр.
Кітаптың кіріспесінде ғалым, профессор, ака­демик «Тұран» университетінің ректоры, Қа­зақстан жоғары оқу орындары ассо­циа­ция­сының президенті Рахман дос Алшанов жаз­ғандай, «Бұл ел мен жер, ата-ана, өскен орта шаңырақ шуағы туралы толғау. Бірде есте­лік, бірде сұхбат, бірде көркем публи­цис­ти­каға ұласып кететін кітап».
Расында солай, әл-Фараби, Бируни, Абай, Өмірбек Жолдасбеков сынды ғұла­ма­лар туралы танымдық көркем публицисти­ка­мен басталып, өзінің логикалық жолымен қа­лыптасады.
Кітап  12 тараудан тұрады. Бірінші тарау «Же­тісу – жерұйығым» деп аталады. Сол жерұйық Жетісудың ең әдемі, көрікті Ақсу-Қа­пал өңірі туралы толғау деп қабылдауға да болады. Осы өлкенің тарихын әртүрлі тұр­ғыдан қарастырады. Әуелі тарихи де­ректер, ғалымдар мен жиҺанкездердің жаз­балары зерделенсе, одан соң анасы, құрметті профессор Кенжетай Батырбекқызы жазған тарихи деректерді кірістіреді. Кейін, пат­шалық Ресей кезінде Жетісу облысының ста­тистика бөлімінің бастығы болған П.Ру­мян­цевтің 1913 жылы Санкт-Петербургте ба­сылып шыққан «Материалы по обс­ле­до­ва­нию туземного и русского старожи­ль­чес­ко­го хозяйства и землепользования» деген кі­­табын сараптап, талдап, ғылыми айна­лым­да сирек пайдаланатын деректерді ортаға са­ла­ды. Солардың ішінде тарихшыларды селт еткізетін бір керемет дерек бар. Ру­мян­цев былай деп жазады: «Сол кезеңдегі Жетісу өзен­деріне Қаратал, Көксу, Қызылағаш, Бүйен, Ақсу, Сарқан және Лепсі кірген». 
Екінші П.Румянцев 1846 жылы 20 шілде­де Аягөзде Көкбекті, Қарқаралы уездерінің сұл­тандары мен ақсақалдарының алдында ұлы жүздің біраз рубасылары орыс үкіметін қол­дайтындықтары туралы кепілдік беріп, Кеңе­сарыны жау деп тану туралы мәмілеге ке­леді. Бұл атақты Кенесарының Іле бойына ке­ліп, туын тіккен шағы болатын. Яғни, 1846 жыл.
Кенесары хан Жетісу жерінен аса қолдау тап­пай, Шуға ығысады. Содан қырғыздарға шабуылдайды. Мерт болады.
Кейбір тарихшылар Кенесары қолын Жетісу батырлары қолдамай кетіп қал­ды деп жазып жүр. Оның тарихи сыры жо­ғарыда айтқан Аягөз келісімінде жатыр ғой деп ойлаймын. Хан Кенені бір жағынан Қо­қан бектері, екінші жағынан орыс пат­ша­лы­ғы қыспаққа алған көрінеді. Міне, Бақыт­жан Жұмағұлов «Көне Қапал күмбірі» атты бөлімінде осы жазбаларға қатысты де­ректер арқылы тағы бір тарихи шындық­тың көмбесін ашады.
«Әкем бір күйеу болған жер» айдары ая­сын­да автор әкесі Тұрсын Жұмағұловтың, ал «Шешем бір келін болған жер» атты айдар ая­сында аяулы анасы Кенжетай Батыр­бек­қы­зы туралы толғанады. Ата-анаға деген ма­хаббат, құрмет, олардың алдындағы жауап­кершілік естелік мақалаларында  жар­қырап көрініп тұр.
Екінші тарауында «Балалық шаққа сая­хат» туралы жазса, үшінші тарауында «Ма­хаб­бат, қызық мол жылдар», яғни, отба­сылық өмірі қызықты баяндалады.
Валентина Ивановна мен Бақытжан Тұр­сынұлының танысуы, білісуі өте қызық. Бә­кең екі жыл Германияда әскери борышын өтеп келген соң, КазГУ-дың қолданбалы ма­­­­­тематика факультетінің дайындық бөлі­мін­де оқып, одан соң студент атанады. Атақ­ты Виноградов 88-дегі жатақханада тұрады. Қарсы бөлмеде – Валентина Ивановна. Оған ұнау үшін Бәкең  Валентина Ивановнаның тере­зесіне қарама-қарсы турникке тарты­лып, әртүрлі сальтолар жасайды. Қуырып жат­қан балығын табасымен алып кетіп, «қа­рақшылық» та жасағаны бар екен. Оның бәрі өз кітабында тұр.
Осындайда менің есіме Бақытжан Тұр­сын­ұлының 70 жылдық мерейлі мерекесі түседі. Сөйлеген адамдардың бәрі жеңгеміз Ва­­­­лентина Ивановнаның арқасында Бәкең «биік-биік табыстарға жетті» деп мадақтау сөз айтып жатты. Өз құттықтауында Ва­лен­тина Ивановна: «Барлық биікке Бәкеңнің өзі жет­ті. Ал мен кедергі келтірген жоқпын»,  – деді.
Жарасымды, үйлесімді әділ айтылған сөз Бәкеңнің беделін одан әрі кө­тере түсті.
«Таным мен тағылым», «Партия: жылдар мен сындар» бөлімдерінен Бақытжан Тұр­сын­ұлы өзінің саяси қызметке келу жолы­ның сан-тарап соқпағын, көлеңкелі тұс­тарын да ағынан жарылып, сыр шертеді.
Әсіресе, Қазақстанның абыз ақсақалы, КПСС Орталық Комитеті Саяси Бюросының мүшесі болған, Қазақстан Компартиясы Ор­талық Комитетінің бірінші хатшысы Дін­мұхаммед Ахметұлы Қонаев туралы, елі­міздің Тұңғыш Президенті мен Мемле­ке­тіміз­дің бүгінгі Басшысы, «Жаңа Қазақ­стан­ның» жаңғыртушысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіп отырған  сындарлы саясатқа бай­ла­нысты өз ойын ашық білдіреді.
Назар аударалық:
«Димаш аға... Қазақтың Дінмұхаммед Қонаевы! Ұлт тарихындағы ерекше тұлғаны білгенім, дәмдес-тұздас болғаным ешқашан ұмы­тылмайды.
...Табиғат Ана оған сыртқы сұлулықпен бір­ге, жан сұлулығын да берген екен. Жасы ұлғайғанына қарамастан, әңгіме барысында нұрланып, бойына қуат құйып, әдемі қал­жыңдары ақсақалдығына жарасып, ғажайып бір күй кештік.
Сол күндер ұмытылар ма? Ғажайып адам, абыз адам, аңыз адам!
...1992 жылы Димаш ағаның 80 жылдығы еді. Көп адам жиналды...
...Салтанатты күндердің қарсаңында, ака­демик Өмірбек Жолдасбеков екеуміз құт­тықтау үшін Димекеңнің үйіне бардық.
...Қоштасар сәт туды. Қонақтармен Ди­мекең кезек-кезек қол алысып, қоштасып жат­ты. Бұл қонақтардың ішіндегі ең жасы мен ғой деп ойлаймын. Қолымды ұсындым. Ол: «Асықпа, тұра тұр», – деді. Мен Диме­кең­нің қасында тұрып қалдым. Өмірбек Арс­ланұлы жақындап қоштасар сәтте мені «бө­гегенінің» сыры ашылды.
«Өмеке, Бақытжан мен сені таныс­тыру­дың қажеті жоқ болар. Бұл азаматқа көз қы­рыңды сала жүр. Оның болашағы үлкен бо­лады. Біздің ғылым мен білімде осындай адам­дар жұмыс істеуге тиіс. Бақытжан кез кел­ген жауапты жұмысты атқара алады. Бірақ енді оған ғылым докторы болу керек. Қор­­ғат, қолдарсың», – деді Қонаев аға бала­сын­­дай бауырына тартып.
Осы бір кездесу ұстазым Өмірбек Арс­лан­ұлы екеуміздің арамыздағы қа­ты­насты мүл­дем өзгертіп жіберді. Өмекең ен­ді маған ұс­таз көзімен ғана емес, өзінің із­ба­сары се­кілді қарай бастады. Сол ағалы-іні­лі достық Өмекең дүниеден өткенше үзіл­ген жоқ.
Димекеңнің жүректе қалған бейнесі мен сөзі менің тағдырымның ең шырайлы шақ­тары болып қала береді.
Ал Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев туралы былай тұжырымдайды:
«Мемлекет басшылығына әркім әртүрлі жол­мен келеді. Бүгінгі Қазақстан Респуб­ли­ка­сының Президенті Қ.Тоқаев комсомол, пар­тия қызметінен іргелі саясатқа келген жоқ. Ол – әлемдік деңгейдегі кәсіби дипло­мат. Сындарлы ғұмырының негізі – әуелі Кеңес Одағының, одан соң, Тәуелсіз Қазақ­стан­ның сыртқы саясатымен тығыз байла­нысты болды.
Халықаралық қоғамдастық таныған – ірі мемлекет және қоғам қайрат­кері, саяси ғылымдар докторы, 5 тілді жетік меңгерген, үлкен дәрежедегі саяси тұлға.
1999-2002 жылдары Премьер-ми­нист­­р, 2013-2019 жылдары Сенат төрағасы бол­ды.
2019 жылы Қазақстанда билік транс­фор­мациясы өтті. Қазақстанның Тұңғыш Пре­зи­денті отставкаға кетіп, билік басына Қ.Тоқаев келді. Одан кейінгі сайлауда Қ.Тоқаев 70 пайыздан астам дауыспен заңды түрде Пре­зидент болып сайланды.
Билік басына келген күннен бастап, Пре­зидент өзінің терең ойлы саясат­кер екенін та­нытты. Ол өзінің алдындағы Пре­зиденттік сая­си жолын жетілдіруді бірін­ші орынға қой­ды.
Қазақстанның бүкіл саяси-эконо­ми­ка­лық, рухани-әлеуметтік жүйесін өзгертпей, мем­лекет дамымайтынын мәлімдеді. Сон­дық­тан да, «Әділетті Қазақстан, естуші мем­ле­кет» саясатын алға шығарды.
...Мемлекет басшысы сын сағаты кезінде дұ­рыс шешім қабылдай алатын, жауапкер­ші­лікті өз мойнына ала алатын аса ірі саяси тұл­ға екенін көрсетті.
Қаралы қаңтар оқиғасынан кейін, енді қо­ғам да, адам да бұрынғыдай өмір сүре ал­майтынын халыққа жария етті. Кезектен тыс сайлау өткізді. Қазақстан дамуының жаңа концепциясы ұсынылды. Бұл халық қол­дауы­на ие болды.
...Сарабдал саясаткер ретінде Қ.Тоқаев «Әді­летті Қазақстанның» даму страте­гия­ла­рын бірте-бірте жүзеге асырып келеді.
...Әділетті Қазақстан жолы – халық таң­дауы жолы. Әділ қоғам құру процесі бас­тал­ды.
Халық пен билік арасы жақындады. Елі­міз­дің болашағына сенім ұялады».

*  *  *
Бақытжан Тұрсынұлы министр де, Мә­жі­ліс депутаты да, сенатор да болды. Пре­зи­дент Әкімшілігі мен Үкіметтің ішкі саясат бө­лімдерін басқарды. Әртүрлі саяси инт­ри­га­­ларды көрді, тобығынан шалынды. Бірақ оған мойымады. Ішкі рух, терең білім, үлкен ұйымдастырушылық қабілет Бақытжан Тұр­сынұлын талай қиындықтардан алып шық­ты.
Осы қызметтерінің бәрінен ол КазГУ-дың ректоры болған сәтті ең ыстық, ең биік, ең тұғырлы қызмет деп санайды. Сол сәттер ту­ралы тебірене жазады. Айталық, КазГУ-де ком­сомол, партия ұйымдарын басқарды. 1986 жылдың желтоқсаны кезінде 100 сту­дентті оқудан шығару туралы бұйрыққа ке­лісім бермей, принципті қарсылық білдір­гені үшін партиядан шығарылып, партком хат­шысы қызметінен қуылады. Тіпті қара­пайым лаборанттық қызмет те бұйырмаған. 
Қысылтаяң сәтте бүгінгі мемлекет және қоғам қайраткері, досы Жақсыбек Құлекеев Халық шаруашылығы институтындағы өз кафедрасына жұмысқа алған.  
Бірақ қызыл репрессия тоқтамай, ақыры Бақытжан Тұрсынұлы КазГУ-ге қайта оралады. Новосібір мектебінің көр­нек­ті өкілі, академик Шалтай Смағұлов өз кафедрасына ассистенттік қызметке алып, жоғарыдан жасаған қысымға төтеп береді.
«Тайталас-тағдыр» деген осы. 10 жыл ішін­де Бақытжан Жұмағұлов ғылым канди­даты, докторы, профессор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды.
Бұл  ерлік емей, немене?
Кейбір кітапқа енген деректерді оқы­ған­да ұстаздарымыздың арасында мықты адам­дар болғаны туралы ақпарат естіп, бір мар­қайып қалдық. Мәселен, академик Зейнолла Қаб­долов партия жиналысының үстінде «Жол­дастар, Бақытжан Жұмағұловты пар­тия­дан шығарудың қандай қажеті бар? Оған орден беру керек», – деп ұсыныс берген.
Академик Зейнолла Қабдоловтың шә­кірті ретінде осы бір сәтті оқығанда ерекше толқығанымды жасыра алмаймын.
Өз кітабында Бақытжан Тұрсынұлы КазГУ-дың бірінші ректоры Федот Озикеев, Иван Лукьянец, Өмірбек Жол­дас­беков, бүгінгі ректор Жансейіт Түйме­баев­қа дейінгі ректорлар шоғыры туралы жы­лы лебіз білдіреді.
Әсіресе, өзінің ұстазы Инженерлік акаде­мияның құрушысы, академик Өмірбек Жол­дасбеков туралы жазған мақалалары көп ой салады.
Министр болу оңай ма? Бақытжан Тұр­сынұлы министрлік қызметінде жаңа реформалар алып келді. Сапалы білім берудің қазақстандық моделін жасады. Үлкен мәселелер көтерді. «Отандық білім беруде неге «пайғамбарлар» жоқ», – деп ашық пікір білдірді. 
«Министр: күнгейі мен көлеңкесі ту­ралы» ойлы сұхбат жариялады. Министрлік қызметінен кетті, бірақ өзінің биік азамат тұлғасын сақтап қалды. Жоғарыда айтқан биік­теулер мен төмендеулер Бақытжан Тұр­сынұлының тайталас-тағдырының куәсі болып қалды.
Бақытжан Тұрсынұлы өз кітабында әлем­дік өркениетте өзіндік орны бар тұл­ға­лар мен кездесулер туралы керемет баян­дай­ды, сыр шертеді, ойлы сөз қозғайды. Михаил Горбачев, Фарух Легери, Рим Папасы Фран­циск, Николай Рыжков, Эдуард Шевернадзе, атақты Николай Калашников туралы есте­лік­тері жылы юмордан құрылған. Бұдан Бақыт­жан Тұрсынұлы математик қана емес, жақ­сы публицист-эссеист екенін де білуге бо­лады.
Кітаптың ең соңында «Парыз бен қарыз» дейтін Бақытжан Тұрсынұлының ой толғағы бар. Онда Бақытжан Жұмағұловтың бүкіл жан-дүниесі  және ру­хани әлемі тұр.
Бақытжан Тұрсынұлының «Тайталас-тағ­дыр» кітабы өзінің құрылымдық сипа­ты­мен ерекшеленеді. Ғылымдағы ұлы тұл­ға­лар туралы толғанысы қандай. Үлкен саясатта адамзат үшін із қалдырған іргелі тұлғалар тура­лы жазған мөлтек эсселері танымды­лы­ғымен баурап алады. 

Уәлихан ҚАЛИЖАНОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҰҒА академигі

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары