Өндіруге бар, өңдеуге жоқ

/
Өндіруге бар, өңдеуге жоқ
ашық дереккөзден алынды

 Жыл сайын шамамен 100 млн тонна мұнай өндіреміз, бірақ оның тек 18 млн тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның салдарынан елімізде дизель отыны тапшы. Авиация керосині де шетелден келеді. Мемлекет басшысы 10 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында мұнай саласындағы бірқа­тар мәселеге тоқталып, Үкімет жаңа мұ­най өңдеу зауытының құрылысына бай­ланысты байыпты шешім қабыл­дауы қажет екенін айтты.

– Еліміздің импортқа тәуелділігі ту­ралы айтқанда мұнай саласындағы күр­делі ахуалға тоқталмай кетуге бол­май­ды. Қазақстанда жылына шамамен 100 миллион тонна мұнай өндіріледі, бірақ елімізде соның тек 18 миллион тоннасы ғана қайта өңделеді. Соның сал­дарынан біз мұнай өндіруші ел бол­сақ та, жыл өткен сайын дизель отыны бойынша тапшылық пайда болып ж­атыр, авиациялық керосин бойынша да импортқа тәуелді болып отырмыз, – деді Президент.

Президент ішкі нарықтағы отынға сұра­ныстың жоғары екенін ескере оты­рып, жұмыс істеп тұрған мұнай өңдеу зауыттарын жаңарту керек екенін айт­ты. Сондай-ақ бұл жұмысты жедел­дет­кен жөн. Ресми мәліметтерге сүйенсек, осы­ның бәрі жүзеге асса, жыл сайын өң­делетін мұнай көлемін 9 млн тон­на­ға жеткізуге мүмкіндік бар. Яғни, қазір­гі 18,4 млн тонна көрсеткіші 27,4 млн тон­наға дейін өсуі мүмкін. Дегенмен оны мемлекет қаржысына салу тиімсіз бол­мақ.

– Сондықтан отынға деген сұра­ныс­тың жоғары екенін ескере отырып, елі­мізде жұмыс істеп тұрған мұнай өң­деу зауыттарын жаңғырту керек. Бұл жұ­мысты жедел орындау қажет. Атал­ған қадам бір жылда өңделетін мұнай кө­лемін 9 миллион тоннаға арттыруға мүм­­кіндік береді (18,4 миллион тон­на­дан 27,4 миллион тоннаға дейін). Бұл – ми­нистрліктің мәліметі. Үкімет жаңа мұ­най өңдеу зауытының құрылысына қа­тысты байыпты шешім қабылдауы қа­жет. Ең алдымен, мұнай өңдеу зауы­ты­на шикізат қайдан жеткізілетінін, қан­дай өнімді және қанша көлемде өндіретінін дұрыс есептеу керек. Бұл жо­баны іске асыруға (егер жүзеге асса) же­ке инвестор тарту керек болады. Бү­гінде мұндай ірі жобаны тек мемлекет қар­жысына салу өте тиімсіз, – дейді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Жоспары жоқ жоспар

2024 жылы Энергетика министрлігі елімізде төртінші мұнай өңдеу зауытын салу жоспарда бар екенін мәлімдеген бо­латын. Жоспар бойынша оның құры­лы­сы 2030 жылдан кейін басталатыны ай­тылған еді. Ал былтыр мұнай өңдеу сала­сын дамытудың 2040 жылға дейінгі ұзақ­мерзімді тұжырымдамасы әзір­лен­гені туралы мәлімет шықты. Тұ­жырым­да­маны жүзеге асырудың алғашқы ке­зеңі басталып та кеткені хабарланды. Атап айтқанда, мемлекеттік органдар мен компанияларға хабарламалар жі­берілген, мұнай өңдеу зауыттарына ай сайын іссапарлар ұйымдастырылып, тү­сіндіру жұмыстары жүргізу бас­тал­ған, сондай-ақ МӨЗ жобаларының жол кар­талары әзірленген. Сонымен қатар авиаотын өндірісіне ерекше көңіл бө­лі­ніп отырғаны айтылған болатын. Де­генмен жарияланған мәліметтер мен жасалған мәлімдемелерге қарамастан, жаңа мұнай өңдеу зауытын салу мә­се­ле­сі әлі де жан-жақты зерделенбеген, жос­парланбағанға ұқсайды. 
Оған қоса, жылына өндірілетін 100 млн тонна мұнайдың небәрі 18 млн тон­насының өңделуі бір жағынан тех­никалық шектеулерге байланысты бол­са, екінші жағынан ішкі нарыққа жө­нелтілетін мұнай көлемі де жет­кі­лік­сіз болып отыр. Қазір жергілікті кә­­сіпорындар жыл сайын квота ар­қылы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тыры­сып отырғанымен, үш ірі кен ор­нын қоспағанда, қалған кен орын­дары­ның барлығында өндіріс төмендеп ке­леді. Сондықтан басқа кен орындары­на мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура келеді, алайда уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Мұ­най-газ саласының сарапшысы, SPE PRMS стандарты бойынша мұнай және газ қорларын тәуелсіз бағалаушы Абзал Нарымбетовтің сөзінше, егер үш ал­пауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жер­гілікті өндірушілердің шикізаты жет­пей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жо­бадан тыс компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тон­наға дейін қысқармақ. Ал жаңа мұ­най өңдеу зауытын салу мәселесінде де анық­талуы керек сұрақ пен шешілуі ке­рек түйін көп.

Абзал Нарымбетов,
сарапшы:

Мәселе баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты

– 100 млн тонна мұнайдың тек 18 млн тоннасының өңделуі бір жағынан техникалық шектеулерге байланысты екені рас. Екінші мәселе – ішкі нарыққа жөнелтілетін мұнай көлемі аз. Қазір жергілікті кәсіпорындар жыл сайын квота арқылы осы 18-19 млн тоннаны толықтыруға тырысып отыр. Алайда үш ірі кен орнын қоспағанда, қалған кен орындарының барлығында өндіріс төмендеп келеді. Сондықтан басқа кен орындарына мұнай жөнелтуді күштеп арттыруға тура барады. Уақыт өте келе оның өзі де жеткіліксіз болуы мүмкін. Үш алпауыт кен орнынан мұнай жеткізілмесе, жергілікті өндірушілердің шикізаты жетпей қалуы ықтимал. Себебі үш ірі жобадан тыс жергілікті компаниялардың өндірісі 2050 жылға қарай шамамен 10 млн тоннаға дейін азаймақ. Қазір олар шамамен 30 млн тонна өндіреді. Яғни, 20 жылдың ішінде үш есеге қысқару көзделіп отыр. 2035-2040 жылдары олардың ішкі нарыққа жеткізетін көлемі мұнай өңдеу зауыттарына жеткіліксіз болуы мүмкін. Сондықтан үш ірі кен орнының рөлі өте маңызды.
Осыдан 10 жыл бұрын төртінші мұнай өңдеу зауытын салу мәселесі талқыланып, нәтижесінде үш зауыт жеткілікті, оларды модернизациялау керек деген шешім қабылданды. Бұл мақсатқа 6-7 млрд доллар жұмсалды. Нәтижесінде, өнім сапасы мен көлемі белгілі бір деңгейде артты. Алайда бұл ішкі нарықты толық қамтамасыз етуге жетпеді. Ол кезде үш зауытты жаңғыртсақ жеткілікті болады деген пікір айтылған еді. Бүгінгі жағдай бұл шешімнің толық тиімді болмағанын көрсетіп отыр. Егер сол кезде жаңа, ірі әрі заманауи төртінші зауыт салынғанда, мүмкін қазір бүкіл елді қамтитын қуатты өндіріс іске қосылар ма еді. Үш зауытты жаңғырту сол кезеңде жеңіл жол ретінде таңдалды. Жаңа зауыт салудан гөрі қолданыстағы инфрақұрылымды жаңарту оңай болды. Қаржыны игеру де жеңілірек еді. Алайда қазір тұтыну жылдам өсіп жатыр, көлік саны артты. Үш зауыттың қуаты жетпей отыр. Авиациялық отынды сырттан аламыз. Дизель бойынша егін егу маусымында тапшылық туындайды, кейде бензин де жетіспейді. Соның нәтижесінде төртінші зауыт мәселесіне қайта оралып отырмыз.
Қолданыстағы зауыттарды жаңғырту арқылы өңдеу көлемін 27,4 млн тоннаға дейін арттыру жеткілікті ме деген мәселеге келер болсақ, Атырау зауыты ескі, Павлодарда да айтарлықтай кеңейту жоспары жоқ. Негізгі жоспар – Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту. Бірақ басты мәселе – қаржыландыру. Қытай тарапынан қаржыландыру болады деген пікір айтылғанымен, нақты келісім жоқ, жауапкершілік алынғаны туралы ресми мәлімет те жарияланған жоқ. Қазір үш нұсқа бар – Шымкенттегі зауытты кеңейту, төртінші зауыт салу немесе екеуін қатар іске асыру. Бірақ ешқайсысында нақты қаржыландыру көзі бекітілмеген. Қаржы болмаса, бұл жоспарлар сөз күйінде қалады. Егер Шымкент зауытын 6 млн тоннаға ұлғайту мәселесі шешілсе, бұл белгілі бір уақытқа жетуі мүмкін. Бірақ мұнайды ол жаққа кім жеткізеді деген сұрақ туындайды. Шымкент – оңтүстікте, ал негізгі кен орындары – батыста. Маңғыстау, Ақтөбе, Қызылорда облыстарында өндіріс төмендеп барады. Кейінгі 15 жылда кей өңірлерде төрт есеге азайған. Өсім тек Атырау аймағында. Артық мұнай негізінен сол жақта. Сондықтан логистика мәселесі бар. Мүмкін, жаңа зауытты – батыста, кен орындарына жақын жерде салып, сол жерде өңдеп, дайын өнімді елге тарату тиімдірек болар.
Жаңа мұнай өңдеу зауытын салуда бірнеше қиындық бар. Біріншісі – қаржыландыру. 10 млн тонна қуаты бар жаңа зауыт салуға қомақты инвестиция қажет. Қаржы шешіл­мейін­ше, бұл бастама да бұрынғыдай тек талқылау деңгейінде қалады. 
Екінші мәселе – шикізат. Үш ірі кен орнынан басқа артық мұнай жоқ. Егер олардан төр­тін­ші зауытқа мұнай жеткізу жөнінде нақты міндеттеме болмаса, шикізат жетпеуі мүм­кін. 
Үшінші мәселе – жобаны кім жүзеге асырады деген сұрақ. Бұған дейін үш зауытты жаңғыртуды мемлекет ұлттық компания арқылы, қарыз қаражаты есебінен қаржыландырды. Төртінші зауыт та солардың мойнына жүктеле ме, әлде жеке инвесторлар тартыла ма, бұл да – беймәлім. Егер жеке инвесторлар болса, олар экономикалық тиімділікті есептейді. Егер мемлекет өз мойнына алса, бұл ұлттық компанияға үлкен жүк болады. Бұған дейін модернизацияға 6-7 млрд доллар жұмсалды, бірақ күткен нәтиже толық орындалмады. Сондықтан жаңа жобаға қыруар қаражат бөлінсе, оны кім бақылайды, сапасына кім жауап береді деген сұрақ туындайды. Қаржы игеру мәселесі, бақылау мен жауапкершілік тетігі нақты болмаса, жоба тиімсіз болуы мүмкін.
Мемлекет қаржысын салу неге тиімсіз дегенге келсек, Қазақстанда жанармай бағасы реттеледі. Бензин бағасы көрші елдермен салыстырғанда екі есе төмен. Егер зауыт нарық бағасымен сатпаса, инвестиция өзін ақтамайды. Технология шетелден доллармен алынады, ал өнім теңгемен, реттелген бағамен сатылады. Бұл экономикалық тұрғыдан тиімсіз болуы мүмкін. Мұндай жағдайда жеке инвестор да, мемлекеттің өзі де құлшыныс танытпауы ықтимал. Егер нарық толық ашық болса, шекаралар ашылып, баға еркін қалыптасса, онда отынды сырттан әкелу де мүмкін. Баға жоғары болуы мүмкін, бірақ тапшылық болмайды. Ал қазіргі жағдайда мемлекет ішкі нарықты қорғау үшін реттеу арқылы үш зауытты ұстап отыр. Сондықтан төртінші зауыттың қажеттілігі туралы мәселе баға саясаты мен нарық моделіне тікелей байланысты.
 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары