Құрылтай Спикері Айбек Дәдебайдың төрағалығымен өткен Бюро отырысында алдағы отырыстың күн тәртібінің жобасы айқындалды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Құрылтай бірінші оқылымда «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заң жобаларын және депутаттар бастамашы болған «Төрелік туралы» Заңға енгізілетін түзетулерді қарайды. Сондай-ақ Орталық Азия елдері мен Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шарт, Түрікменстан Үкіметімен арадағы жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттама сынды ратификациялық заң жобалары талқылауға шығарылды.
Тұқым шаруашылығы мәселелері бойынша ілеспе түзетулері бар «Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы» заң жобасы селекционерлер мен патент иелерінің зияткерлік құқығын қорғаудың заманауи жүйесін құру, сондай-ақ ұлттық заңнаманы өсімдіктердің жаңа сорттарын қорғау жөніндегі халықаралық конвенцияның талаптарына сәйкестендіру мақсатында әзірленген.
«Төрелік туралы» Заңға түзетулер енгізілген заң жобасы Қазақстанда осы институттың жұмыс істеуінің құқықтық негіздерін жетілдіруге бағытталып отыр. Құжат тұрақты жұмыс істейтін төреліктерді құру мен есепке алуды, сондай-ақ олардың жалпы қызметін ретке келтіреді, төрешілердің кәсіби стандарттары мен жауапкершілігін арттырады, сондай-ақ талқылаулардың ашықтығы мен азаматтардың құқығы қорғалуын қамтамасыз етеді.
Қазақстан Республикасы, Қырғыз Республикасы, Тәжікстан Республикасы, Түрікменстан, Өзбекстан Республикасы және Қытай Халық Республикасы арасындағы мәңгілік тату көршілік, достық және ынтымақтастық туралы шартты ратификациялау тараптар арасындағы халықаралық әріптестікті нығайтуға және «Орталық Азия – Қытай» форматындағы көпжақты өзара іс-қимылды кеңейтуге жол ашады.
Қазақстан мен Түркіменстан Үкіметтері арасындағы Жолаушылар мен жүктерді автомобильмен халықаралық тасымалдау туралы келісімге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттамаға 2024 жылғы 10 қазанда Ашхабадта қол қойылған. Заңның қабылдануы екі мемлекет арасындағы транзиттік-көліктік әлеуетті және сауда-экономикалық қатынастарды дамытуға ықпал ететін болады