Баланың оқу үлгерімі мен анасының денсаулығы арасында байланыс бары анықталды

/
Баланың оқу үлгерімі мен анасының денсаулығы арасында байланыс бары анықталды
сурет: istockphoto.com

Баланың математика мен оқу сауатындағы көрсеткіштері анасының денсаулығына байланысты болуы мүмкін. Ғалымдар осындай қорытындыға келді. Зерттеу нәтижелері Intelligence ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Линда Ванстрём бастаған зерттеушілер АҚШ-та бірнеше онжылдық бойы 11 мыңнан астам бала мен олардың аналарының дерегін талдаған. Ғалымдар балалардың 5 пен 15 жас аралығында математика және оқылым бойынша тапсырған тест нәтижелерін аналарының 40 және 50 жастағы денсаулық көрсеткіштерімен салыстырған.

Зерттеу барысында математикадан жақсы нәтиже көрсеткен және оқыған мәтінін жақсы түсінетін балалардың аналары орта жасқа келгенде физикалық және психикалық денсаулығына жақсырақ баға бергені анықталды. Ал балалары оқуда қиындық көрген әйелдердің 40 пен 50 жас аралығында денсаулығы көбірек нашарлаған.

Ғалымдар мұны бірнеше фактормен байланыстырады. Соның бірі – ата-ананың баласының оқу үлгеріміне алаңдауы. Ұзақ уақыт бойы баласының оқудағы қиындықтарына уайымдаған ананың күйзеліске түсуі оның денсаулығына да әсер етуі мүмкін.

Зерттеушілер отбасы мүшелерінің танымдық қабілеттеріне де назар аударған. Олардың пайымдауынша, ақпаратты жақсы меңгеретін, түрлі мәселелердің шешімін таба білетін отбасы мүшелері күнделікті қиындықтарды еңсеруге, денсаулығына қатысты дұрыс шешім қабылдауға және созылмалы ауруларды бақылауда ұстауға бейім болуы ықтимал.

Дегенмен ғалымдар зерттеу барысында балалардың интеллект деңгейін арнайы тест арқылы анықтамаған. Оның орнына математика мен оқу сауаттылығы бойынша нәтижелерін негізге алған.

Сондай-ақ зерттеу баланың нашар оқу үлгерімі анасының денсаулығына тікелей зиян келтіретінін дәлелдемейді. Ғалымдар әзірге екі көрсеткіштің арасында статистикалық байланыс барын ғана анықтаған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар