Күндіз ойы басқа жаққа жиі ауып, қиялға берілетін адамдар түнде де өзгелерге қарағанда тосын оқиғаларға толы түс көруі мүмкін. Италия ғалымдары адамның күндізгі ойлау ерекшелігі мен түсінің мазмұны арасында байланыс бар екенін анықтады. Зерттеу нәтижелері Communications Psychology ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Италиядағы Лукка жоғары зерттеулер мектебінің ғалымдары адамдардың түсінде көргендері мен күндіз ойлағандары туралы 3 717 жазбаны талдаған.
Негізгі зерттеуге 18 бен 69 жас аралығындағы 207 адам қатысқан. Олар 15 күн бойы әр таң сайын оянған бойда көрген түсін диктофонға жазып отырған. Ал күндіз күтпеген уақытта телефонға хабарлама келгенде, сол сәтке дейін не туралы ойлағанын айтып берген.
Ғалымдар бұдан бөлек, COVID-19 пандемиясы кезінде басқа 80 адамнан жиналған 351 түс сипаттамасын да зерттеген.
Барлық жазбаны жасанды интеллект көмегімен талдап, ондағы эмоцияларды, адамдарды, оқиға орындарын, қимыл-қозғалысты және тосын жағдайларды салыстырған. Автоматты талдау нәтижелері арнайы дайындықтан өткен сарапшылардың бағаларымен де салыстырылған.
Нәтиже қызық болып шықты. Адамдардың түстерінде күндізгі ойларына қарағанда әлдеқайда көп қозғалыс, түрлі кейіпкерлер, айқын көріністер және қисынға келе бермейтін оқиғалар кездескен.
Мысалы, адам түсінде бір сәтте үйінде жүріп, келесі сәтте мүлде басқа қалада немесе белгісіз жерде пайда болуы мүмкін. Оқиғалар арасында логикалық байланыс болмаса да, түс көріп жатқан кезде мұндай өзгерістер қалыпты болып сезіледі.
Ал күндізгі ойлар көбіне нақты мәселелерге, жоспарларға және абстрактілі пайымдарға бағытталған. Адамдар ояу кезінде өз ойы мен әрекетін көбірек басқара алатынын сипаттаған.
Бір қызығы, жұмысқа қатысты оқиғалар түстердің шамамен үштен бірінде кездескен. Ал күндізгі ойлар туралы жазбалардың тек 16%-ында жұмыс тақырыбы қозғалған.
Ғалымдар тағы бір ерекшелікті анықтаған: күндіз ойы жиі бөлініп, бір тақырыптан екіншісіне ауыса беретін адамдар түсінде де оқиға орындарының жиі өзгеретінін сипаттаған. Олардың түстерінде әдеттен тыс, қисынсыз жағдайлар да көбірек кездескен.
Сонымен қатар түске ерекше мән беретін, оны өміріндегі маңызды құбылыс деп санайтын адамдар көргендерін көбірек егжей-тегжейімен сипаттаған. Олардың әңгімелерінде айқын бейнелер, ерекше оқиғалар мен күшті эмоциялар жиірек болған.
Алайда зерттеушілер мұның екі түрлі түсіндірмесі болуы мүмкін екенін айтады. Бір жағынан, мұндай адамдар шынымен де әсерлі түс көруі ықтимал. Екінші жағынан, түсіне қызығатын адам оянғаннан кейін оның ұсақ бөлшектеріне көбірек назар аударып, жақсырақ есте сақтауы мүмкін.
Пандемия кезінде жиналған жазбалар да қызықты нәтиже көрсеткен. Қатаң карантин кезеңінде адамдардың түстерінде шектеулер, еркін қозғала алмау және күшті жағымсыз эмоциялар жиірек кездескен. Ал шектеулер алынғаннан кейінгі жылдары мұндай көріністер біртіндеп азайған.
Ғалымдардың пікірінше, бұл түстердің күнделікті өмірден толық ажырап қалмайтынын көрсетеді. Адамның уайымы, қызығушылығы, естеліктері мен жеке тәжірибесі ұйқы кезінде жаңа оқиғаларға бірігуі мүмкін.
Дегенмен зерттеу түстердің қалай пайда болатынын толық түсіндірмейді. Ғалымдар адамның миында түс көріп жатқан сәттегі оқиғаларды емес, оянғаннан кейін есте қалған әңгімелерді талдаған. Сондықтан естеліктің өзгеруі немесе кейбір бөлшектердің ұмытылуы нәтижеге әсер етуі мүмкін.
Зерттеушілердің негізгі тұжырымы – түс күндіз болған оқиғалардың жай қайталануы да, кездейсоқ бейнелердің жиынтығы да емес. Ол адамның ойлау ерекшелігі, көңіл күйі мен өмірлік тәжірибесі араласатын күрделі құбылыс.