«AMANAT» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «TALQYLAU» алаңында «Қазақстан – білім мен инновация мекені» тақырыбындағы отырыс өтті. Жиында жаңа Конституция жобасының бір бөлігі болып саналатын білім мен ғылым, мәдениет пен инновация бағыттары талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Іс-шараға негізгі спикерлер қатарында Ғылым және жоғарғы білім министрі Саясат Нұрбек, Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева, ЕҰУ түлегі, саясаттану ғылымдарының PhD докторы, қауымдастырылған профессор Индира Рыстина, Конституциялық кеңестің мүшесі, саясаттанушы әрі қоғам қайраткері Марат Шибұтов, сондай-ақ сарапшылар мен ғылыми қауымдастық өкілдері қатысты.
Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек жаңа Конституция жобасында адами капитал, білім, ғылым мен инновация Қазақстанның негізгі басымдықтары ретінде бекітілуі елді алдағы демографиялық, технологиялық және ғылыми өзгерістерге алдын ала дайындауға бағытталғанын баса айтты.
Оның айтуынша, жаһандық деңгейде халық санының өсуі баяулап, жасанды интеллект пен инновациялардың ықпалы күшейіп отырған кезеңде бұл шешім мемлекеттің ұзақ мерзімді дамуы үшін ерекше маңызға ие.
«Біріншіден, жаңа Конституцияның жобасында құныдылылқтарға, адами капитал, мәдениет, білім, ғылым, инновация сұрақтары Қазақстанның басым бағыттары болып енгізілді. Бұл неліктен маңызды? Дүниежүзінде үлкен революциялар, түбегейлі өзгерістер басталып жатқанын көріп отырсыздар.
Әр сөзді қысқаша талдасақ, мәселен адами капитал: әлемде балалардың саны, халықтың өсуі тоқтап қалды. 8 млрд 250-ге келді де тоқтап қалды. Фактор өте көп. Екі елде ғана бала өмірге көп келеді. Ол – Африка контингенті және Орта Азия.
Біз жақында ғана Президенттің мемлекеттің сапары аясында Пәкістан елінен келдік. Ол жақта 255 млн адам тұрып жатыр. Оның 94 миллионы – жастар, 170 миллионы – 35 жастан жас адамдар. 22 жас – орта жас. Ал Үндістанда тәуліктің ішінде 60 мың адам туады. 24 сағаттың ішінде екі Арқалық, 8 айда бір Қазақстан туады. Жылына 36 миллион адам өмірге келеді. Бірақ, соған қарамастан дүниежүзінде халықтың өсуі тоқтап қалды.
Халықаралық зерттеуге сәйкес, осы үрдіс жалғаса берсе, әлемдегі 8 млрд адамнан келесі 75 жылда үш-ақ буын 1 млрд-қа түсіп қалады. Тағы жалғасса он-ақ буынның ішінде бірнеше жылда 125 млн адам ғана қалады.
Сондықтан, адами капиталдың сапасы да, саны жағынан Ата Заңымызға енгізілуі – өте үлкен маңызды шешім. Жалпы әлемде демографиялық үрдістер бүкіл экономикалық, саяси, өндірістік сұрақтарға қатты ықпал етеді.
Екінші – ғылым мен инновация. Өздеріңіз көріп жүргендей біз үлкен ғылыми-технологиялық революцияның алдында тұрмыз. Оның алғышарты – жасанды интеллект. Қазір жасанды интеллект барлық технологиялық, инновациялық салаларға қатты әсер етіп жатыр. Жасанды интеллектіні толық меңгерген адамдар енді ғылымда ең жоғары сыйлыққа ие болатын әлеуеттер бар.
Үшінші – білім саласы. Мәселен Үндістанда халық саны 1,5 млрд-қа жуықтап қалды. Яғни, бір кеңістікте 2 млрд-қа жуық адам тұрып жатыр. Бірақ білімге деген қолжетімділік – үлкен мәселе. Ал Пәкістанда 94 млн адам оқушы мен студент бар. Соның ішінде 20 миллионы – мектепке бара алмайтын балалар. Мектеп жоқ, қолжетімділік шектеулі. Сондықтан жаңа Ата Заң жобасына енгізілген өте маңызды құндылықтар мен басым бағыттары Қазақстанның демографиялық, экономикалық, технологиялық, ғылыми, инновациялық революцияларға алдын ала дайындалғанын көрсетеді», – деді ол.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева жаңа Конституция жобасын болашаққа бағытталған қадам ретінде сипаттап, оның тек қана қазіргі уақытқа емес, сонымен технологиялық даму үшін маңызды екеніне тоқталып өтті.
«Қазір қызу талқыланып жатқан конституциялық реформа – өткенге емес, болашаққа берілген жауап. Бүгін талқылап отырған мәселе белгілі бір деңгейде қазіргі уақытты да, ең бастысы – болашақты да қамтиды.
Қазір барлық инновация қандай да бір деңгейде цифрлық шешімдермен байланысты. Барлық үдеріс цифрлық технологиялардың қатысуымен жүзеге асып жатыр.
Цифрлық технологиялар дамыған сайын, жасанды интеллекті бар әлемде табиғи интеллекттің, яғни адамның ақыл-ойының құндылығы алдыңғы орынға шығатынын атап өткім келеді. Алдағы уақытта бұл құндылық одан әрі арта түседі.
Біз интеллектуалдық әлеует үшін үлкен бәсеке жүріп жатқанын көріп отырмыз. Бұл әсіресе IT саласында айқын байқалады, өйткені IT мамандары – әлем азаматтары. Олар белгілі бір орынға байланбаған.
Қазақстанда адам капиталының әлеуеті өте жоғары, математикалық негізіміз мықты», – деді Е. Смышляева.

Оның айтуынша, цифрландыру, инновация, білім мен зияткерлік меншікті қорғау нормаларының Ата Заңда бекітілуі жаһандық технологиялық өзгерістер жағдайында Қазақстанның адами капиталын сақтап, елдің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға мүмкіндік береді.
«Конституция жобасында зияткерлік меншік Конституциямен қорғалатын құндылық ретінде көрсетілген. Жасанды интеллект дамыған, ақыл-ой үшін күрес жүріп жатқан қазіргі заманда мемлекеттің зияткерлік меншікті қорғау жөніндегі ұстанымы ерекше маңызды.
Өйткені цифрлық саланың барлығы – бағдарламалық кодтар – авторлық құқық объектілері. Алгоритмдер де қорғалады, кейбірі коммерциялық құпия ретінде сақталады. Цифрлық әлем – үлкен зияткерлік меншік жиынтығы.
Барлық осы шешімдерді әзірлейтін авторлар үшін мемлекет пен юрисдикцияның олардың өнертабысына, шығармашылығына қатысты ұстанымы қандай екені өте маңызды. Бұл ұстанымның Конституцияда бекітіліп, кейін оған сәйкес заңдар мен тетіктердің қабылдануы – адам капиталын елде сақтап қалу және жастарымыздың Қазақстанда жайлы жұмыс істеуі үшін аса қажет. Бұл – бірінші мәселе.
Екінші мәселе – цифрлық заңнаманың технологиялардан үнемі артта қалып отыратыны. Мен цифрлық заңдармен тікелей айналысатын депутат ретінде олардың қаншалықты тез ескіретінін көріп отырмын. Қандай да бір реттеу тәсілі талқыланып жатқан сәттің өзінде-ақ ескіріп үлгереді, себебі заң шығару үдерісі қанша жеделдетілгенімен, бәрібір ұзақ.
Кейбір технологиялар енді ғана пайда болғанда, біз оларды әуелі байқап көруіміз керек. Біз жасанды интеллект жүйелерінің барлық тәуекелдері мен мүмкіндіктерін әлі толық бағалай алмаймыз. Кей құралдарды әлі көрмедік, сынап көрмедік, олардың біздің ортада қалай жұмыс істейтінін білмейміз.
Ғылым мен инновацияның Конституция деңгейінде бекітілуі – үлкен прогресс. Бұл – мемлекеттің «Жұмыс істеңдер, үйреніңдер, елде қалыңдар» деген нақты сигналы, әсіресе жастар үшін маңызды», – деді депутат.
