Қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан сынға түсетін 16 жастағы спортшы кім?

Қысқы Олимпиадада Қазақстан атынан сынға түсетін 16 жастағы спортшы кім?
olympic.kz

Бірнеше күннен соң Милан мен Кортина-д’Ампеццода (Италия) Қысқы Олимпиада ойындары басталады. Ел ішінде Ақ Олимпиада атанып кеткен байрақты бәсекеде Қазақстан құрамасының намысын 36 спортшы қорғайды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Олардың көпшілігі үшін бұл жарыс спорттық мансабындағы алғашқы Олимпиада болмақ. Басты додаға жолдама алғандардың 18-і – ер, 18-і – әйел спортшы. Атлеттердің жасы үлкені шорт-трек шебері – Абзал Әжғалиев болса, ал ең жасы – фристайл акробатикадан – 16 жастағы Асан Асылхан. Небәрі 16 жасында Олимпиада жолдамасын жеңіп алған Асан Асылханның 2025 жылғы Азия ойындарында жеңіп алған күміс жүлдесі – мансабындағы ең елеулі жетістіктерінің бірі. Сонымен қатар Әлем кубогының соңғы кезеңінде қазақстандық спортшы оныншы орынға тұрақтады.

"2026 жылғы Олимпиада ойындарына толық дайынмын. 16 жаста Олимпиадада ел намысын қорғау – мен үшін зор мәртебе. Бұл – үлкен жауапкершілік әрі көп жылдан бері алға жетелеп келе жатқан арманым.

 Спортқа бес жасымда келдім. Мені бұл жолға әжем алып келді. Бұған дейін әпкем фристайл-акробатикамен айналысқан. Мансабымда жарақаттар болды, бірақ отбасым әрдайым қолдау көрсетті. Мен физикалық әрі психологиялық тұрғыдан сынбадым. Себебі басты арманым – Олимпиадада өнер көрсетіп, алтын медаль жеңіп алу. Негізі, әр спортшыны алға жетелейтін мақсат осы", – дейді спортшы olympic.kz-ке берген сұхбатында.

Еске сала кетейік, 2026 жылғы қысқы Олимпиада ойындары 6-22 ақпан аралығында өтеді. Фристайл-акробатика жарыстары 17 ақпанда басталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары