Жаңа Конституцияның жобасы – қоғам сұранысына негізделген маңызды құжат

Жаңа Конституцияның жобасы – қоғам сұранысына негізделген маңызды құжат

Елімізде Конституцияға өзгерістер енгізу жөніндегі Конституциялық комиссия жұмыс істеп жатыр. Мен бұл процесті тек саяси-құқықтық жаңарту ретінде емес, сонымен бірге цифрлық дәуірге бейімделудің нақты құқықтық негізін айқындайтын маңызды кезең деп қабылдаймын. Ақпараттық технологиялар факультетінде еңбек ететін маман ретінде талқыланып жатқан ұсыныстардың ішінде біздің салаға тікелей қатысы бар бірнеше бағытты атап өтуге болады. Біріншіден, құжатта мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары ретінде заң мен тәртіптің үстемдігі, құқықтар мен бостандықтарды сақтау, қоғамдық диалог, білім мен ғылым құндылықтары, сондай-ақ прогресс пен инновация атап көрсетілген. Ең маңыздысы – мемлекет адам капиталы, білім беру, ғылым және инновацияны стратегиялық бағыт ретінде танитыны анық көрініп отыр. Бұл – жоғары технологиялы экономикаға ұмтылудың тек қағаздағы декларация емес, конституциялық деңгейдегі бағдарға айналуы деген сөз.

 Екіншіден, цифрлық қоғам үшін ең сезімтал тақырыптардың бірі – дербес деректер мен жеке өмірдің қорғалуы. Жоба мәтінінде жеке өмірге қол сұқпаушылық, жеке және отбасылық құпияны сақтау, дербес деректерді заңсыз жинау, өңдеу, сақтау және пайдалану, соның ішінде цифрлық технологияларды қолдану жағдайында қорғау мәселелері нақты бекітілген. Сонымен қатар банк операцияларының құпиясы, хат-хабар, телефон сөйлесулері және байланыс құралдарымен берілетін өзге де хабарламалардың құпиялығы, оның ішінде цифрлық коммуникациялар да осы қорғау аясында қарастырылған. Меніңше, бұл нормалар қоғамның «цифрлық сенімін» қалыптастыру үшін іргелі болып табылады: деректер қорғалмаса, цифрлық қызметтер, мемлекеттік сервистер мен бизнес толыққанды дамымайды.

 Үшіншіден, құқықтық өзгерістер сапасы технологиялық өзгерістердің қарқынымен тікелей байланысты. Осы тұрғыда заң шығару рәсіміне қатысты «жобаларды міндетті түрде үш оқылымнан өткізу және үшінші оқылымда құқықтық тазалығын қамтамасыз ету» тәсілін енгізу маңызды. Цифрлық салада, мысалы киберқауіпсіздік, дербес деректер, платформалар мен AI қолдану кезінде бір терминнің немесе анықтаманың дәл берілмеуі кейін үлкен тәуекелге әкелуі мүмкін. Демек, «құқықтық нақтылық» – цифрлық трансформацияның міндетті шарты болып табылады.

Төртіншіден, жеке өзім үшін жобадағы «ғылыми-техникалық шығармашылық еркіндігін» бекіту маңызды. Бұл инновациялық даму мен жаңа технологияларды енгізуге алғышарт жасайды және жоғары білім мен зерттеу экожүйесінің еркіндігі мен жауапкершілігін тең ұстайтын ұстаным ретінде бағаланады.

Осы өзгерістерді талқылау барысында университет қауымы, әсіресе IT бағыты бойынша мамандар, екі нәрсені қатар ойлауы қажет: цифрлық шешімдерді кеңейту және сол шешімдердің құқықтық-этикалық қауіпсіздігін, яғни дерек, құпиялылық және жауапкершілікті қамтамасыз ету. Өйткені цифрлық дәуірде Конституциядағы әрбір нақты бап ертеңгі күні азаматтардың құқығы мен мемлекеттің тиімділігіне тікелей әсер ететін «жүйелік код» қызметін атқарады.

Уәлихан АХАТОВ,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары