10 жыл ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры 400-ден астам әлеуметтік маңызы бар жобаны іске асырды.
Қайырымдылық көп жағдайда сандармен өлшенеді. Бірақ әрбір санның артында адам тағдыры жатыр: оңалту шараларынан кейін алғаш рет құлағы естіген бала; туған ауылында спортпен шұғылдану мүмкіндігіне ие болған оқушы; жаңа мамандықты меңгерген әйел. Кейінгі 10 жыл ішінде «Самұрық-Қазына» компаниялары тобы Samruk-Kazyna Trust ұйымы арқылы 400-ден астам жобаны іске асырып, миллиондаған адамға қолұшын созып, қайырымдылықты бүкіл елге әсер ететін жүйелі жұмыстарға айналдырды.
Тек 2025 жылдың өзінде 12,5 млрд теңгеге 39 әлеуметтік жоба іске асырылған. Қордың бастамалары инклюзия, медицина, білім беру, мәдениет пен спорт сияқты ел игілігі үшін маңызы зор бағыттарды қамтиды. Нәтижесінде, 1 миллионнан астам отандасымызға қолдау көрсетілді. Қор жобаларының арқасында шамамен 600 адам тұрақты жұмыс істеп жүр.
«Самұрық-Қазына» басшысы Нұрлан Жақыповтың айтуынша, корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік – бір реттік акция емес, ұзақмерзімді стратегия.
«Өңірлерде жүйелі түрде жұмыс істейтін және адамдар үшін нақты нәтижесі бар бастамаларды жүзеге асыру маңызды», – деді ол өз сөзінде.
Негізгі бағыттардың бірі – ерекше қажеттілігі бар балаларды қолдау. Бұл бағытта Алматы мен Қызылорда қалаларында үш жасқа дейінгі балаларға арналған ерте араласу орталықтары ашылды. Түркістан, Қарағанды және Ақтауда аутизмі бар балаларға арналған арнайы алаңдар іске қосылды. Ainala аралас типтегі оңалту орталықтары жұмысын бастады. Осылайша, қор елімізде жалпы саны 55 оңалту орталығын ашқан. Бүгінде бұл орталықтарда жыл сайын 21 мыңдай балаға диагностикадан бастап әлеуметтік бейімдеуге дейінгі кешенді көмек көрсетіледі.

Бұдан бөлек, Ақмола, Атырау облыстары мен Астана қаласы мектептерінде инклюзияны қолдау бойынша 17 кабинет ашылды. Сөйтіп, кейінгі екі жылда инклюзивті сыныптар саны 31-ге жетті.
Әлеуметтік бастамалар қатарында «Саламатты Қазақстан» жобасының орны бөлек. Еліміздің шалғайдағы ауыл-аймақтарына дейін жеткен медициналық және құқықтық көмек көрсететін пойыз былтыр 123 елді мекенде болып, 100 мыңнан астам тұрғын дәрігерлердің, заңгерлер мен медиаторлардың кеңесін тегін алды. Олардың 57 мыңы – әйелдер. Бұл бастама Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссиямен және Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүзеге асырылған.
Кейінгі бес жылда Қордың қолдауымен ел бойынша 18 спорт кешені салынды. Бұл нысандарда 740 мыңдай бала спортпен айналысып жүр. 2025 жылы Қажымұқан, Дәулет және Жаңаөмір ауылдарында жаңа кешендер ашылды. Шағын елді мекендер үшін бұл жай ғана ғимарат емес, бұл жастарды дамытуға, спортқа баулуға, болашақ чемпиондарды тәрбиелеуге арналған кеңістік.
Сонымен қатар Жұмысшы мамандықтары жылы аясында балалар үйінің тәрбиеленушілеріне арналған «Самұрық Үміті» жобасы іске қосылды. Осы бастаманың арқасында 100 қатысушының 39-ы жұмысшы мамандықтары бойынша орта техникалық білім алып жатыр. Қор қызметкерлері олардың тәлімгерлеріне айналып, кәсіби бағдар беру мен жеке дамуына қолдау көрсетіп келеді.
Сондай-ақ Маңғыстау облысында 177 бала «Жарқын болашақ» жобасы аясында гранттарға ие болды. Олардың 56-сы биыл оқуын аяқтады. Ал «Туған елге саяхат» кәсіби бағдар беру бағдарламасы бойынша 400 оқушы еліміздің түрлі өңірлеріне саяхаттап, тарихи және өндірістік нысандарды аралап көрді. Сондай-ақ Stem Hanym бастамасы аясында Атырау облысындағы 1 000 әйел технологиялық мамандықтар бойынша білім алып, олардың 300-і сертификатталған тренер атанды.

Қор өңірлердің мәдени дамуына да қолдау көрсетіп келеді. Мәселен, Орал қаласында креативті хаб, Қызылордада жаңа тарихи-өлкетану музейі ашылды. Семейде зағип жандарға арналған кітапхана, Тараз бен Шымкентте белсенді ұзақ өмір сүру орталықтары іске қосылды. Қордың қолдауымен Алматыдағы Әбілхан Қастеев атындағы Ұлттық музей ауқымды жаңарту жұмыстарынан кейін қайта ашылып, көрермендерді қуантуда.
«Самұрық-Қазына» биыл корпоративтік әлеуметтік жауапкершілік бағытында жаңа жоспарлар құрып, жұмыстарды жалғастыруда. Іске асырылған әр жоба – миллиондаған отандасымыз үшін жаңа мүмкіндік екені сөзсіз.