Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында 14-16 қазан аралығында Astana Media Week 2026 медиа апталығы өтуде. Биыл 10-рет ұйымдастырылып жатқан айтулы іс-шарада отандық және шетелдік БАҚ-тың, сондай-ақ мемлекеттік органдар мен технологиялық компаниялардың өкілдері бас қосты. Биылғы форумның негізгі тақырыбы – «MEDIA. HUMAN. AI: 10 жылдық трансформация. Сенімнің жаңа архитектурасы».
ЖИ дәуіріндегі журналистика және аудитория сенімі
Алғашқы күнгі талқылаулардың өзегінде жасанды интеллект және ақпаратқа деген сенім мәселесі тұрды. Нейрожелі жасаған мәтін мен бейнені шынайы ақпараттан қалай ажыратуға болады? Жасанды интеллект журналистің жұмысын қаншалықты өзгертеді? Ақпарат тарату жылдамдығы артқан сайын оның дұрыстығына кім жауап береді? Қатысушылар осы және басқа да өзекті сұрақтарды талқылады.
Пленарлық сессияға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Meta компаниясының өкілі Филип Чуа, Q.AI бас директоры Дмитрий Мун, Euronews өкілдері және өзге де халықаралық сарапшылар қатысты. Олар технологиялық өзгерістердің медиа саласына ықпалын, ақпараттың шынайылығын сақтау және аудитория сенімін нығайту мәселелерін талқылады.
Пленарлық сессияның негізгі тақырыптарының бірі – жасанды интеллектіні жедел енгізу жағдайында бұқаралық ақпарат құралдарына деген сенімді сақтау. Қазақстанның Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов сенімнің жаңа архитектурасын қалыптастыратын үш негізгі тетікті атап өтті. Олар – кәсіби әрі қуатты редакциялар, журналистің жеке жауапкершілігі және ақпараттың шынайылығын қамтамасыз ететін технологиялық шешімдер.
Бірінші вице-министрдің айтуынша, бүгінде нейрожелілер медиа-контент өндірудің деректерді іздеу мен өңдеуден бастап, мәтін, сурет және бейнематериалдар жасауға дейінгі барлық дерлік кезеңінде қолданылады. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар, жалған әрі шындыққа жанаспайтын ақпараттың таралу қаупі де артып келеді.
«Алгоритм мәтін жаза алады, бірақ айтылған сөз үшін жауап бере алмайды. Жауапкершілік әрдайым журналист пен редактордың мойнында қалады. Сондықтан медиа қауымдастықпен бірлесе отырып, редакцияларда жасанды интеллектіні жауапкершілікпен қолданудың бірыңғай қағидаттарын әзірлеуді ұсынамыз. Ең алдымен, бұл – аудитория үшін ашықтықты қамтамасыз ету және жасанды интеллектінің қатысуымен жасалған барлық материалды адамның міндетті түрде тексеруі. Бұл қағидаттар жоғарыдан берілген нұсқау емес, журналистердің өздері қабылдайтын кәсіби стандартқа айналуы маңызды», – деді Қанат Ысқақов.
Жасанды интеллект контент өндіру мен таратуды едәуір жеделдете алады. Бұл ретте Q.AI бас директоры Дмитрий Мун контент өндіру үдерісі жеңілдеген сайын, ақпараттың шынайылығы мен журналистің жауапкершілігі бұрынғыдан да маңызды бола түсетінін атап өтті.
«Контент өндіру арзандаған сайын, оған деген сенімнің құны арта түседі. Жасанды интеллект қазірдің өзінде журналистке ақпарат іздеуге, жүздеген құжатты талдауға, сұхбатты аударуға, мәтін немесе видео дайындауға көмектесе алады. Алайда біз машинаға сеніп тапсыра алмайтын нәрселер бар. Олар – пайымдау, жауапкершілік және аудиторияның сенімі. Мен бұл ойды былай тұжырымдадым: Жұмысты жасанды интеллектіге тапсыруға болады. Бірақ жауапкершілікті оған жүктеуге болмайды», – деді Дмитрий Мун.
Жасанды интеллектіні қолданудағы жауапкершілік мәселесі «AI, IT & MEDIA: жауапкершілік шекарасы» атты пікірталаста жалғасты. Бұдан бөлек, жасөспірімдердің жас ерекшеліктеріне сай қауіпсіз цифрлық орта қалыптастыруға арналған практикалық семинар өткізілді. Семинар аясында балалар мен жасөспірімдердің интернеттегі қауіпсіздігін қамтамасыз ету, цифрлық кеңістіктегі ықтимал қауіптердің алдын алу және олардың медиасауаттылығын арттыру мәселелері қарастырылды. Мұндай бастамалар өскелең ұрпақтың ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдауына және цифрлық технологияларды саналы пайдалануына ықпал етеді.
Медиа апталықтың тағы бір маңызды бағыты – Қазақстан мен Орталық Азия туралы ақпаратты халықаралық аудиторияға жеткізу және отандық медианың жаһандық ақпараттық кеңістіктегі орнын нығайту. Бұл ретте шетелдік аудиторияның өңірге деген қызығушылығын арттыру, Қазақстанның мәдениеті, қоғамдық өмірі мен жетістіктерін таныстыратын сапалы контент әзірлеу мәселелері өзекті. Сонымен қатар халықаралық медиа алаңдарында отандық журналистер мен контент өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту, шетелдік әріптестермен кәсіби байланыстар орнату және тәжірибе алмасу маңызды рөл атқарады.
Осы мақсатта «Central Asia in English: Неліктен аударма бізді жаһандық деңгейге шығармайды?» атты редакциялық зертхана ұйымдастырылды. Онда медиа өкілдері шетелдік аудиторияға арналған контент әзірлеудің ерекшеліктерін талқылады.
Кездесуде ағылшын тіліндегі журналистиканы дамыту, Қазақстан мен Орталық Азияның өзіндік ерекшеліктерін шетелдік оқырманға түсінікті әрі тартымды жеткізу және редакциялар арасындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелеріне назар аударылды.
Бұл бағыттағы негізгі міндет – дайын материалдарды басқа тілге аударумен шектелмей, халықаралық аудиторияның сұранысы мен ақпаратты қабылдау ерекшеліктеріне сай мазмұн әзірлеу.
Ақпараттық саясат, креативті индустрия және жарнама нарығы
Ал апталықтың екінші күні Қазақстанның ақпараттық саясаты, отандық контентті дамыту және жарнама нарығының экономикасы талқыға түсті.
Бағдарлама бойынша «Қазақстанның ақпараттық саясатындағы жаңа ережелер» атты сарапшылық кездесу, «Qazaq Creative Power: қазақстандық вайбты кім қалыптастырады?» пікірталасы және жарнама медианарығының жаңа экономикасына арналған сессия өтті. Екінші күні өткен алғашқы жиынға Қазақстанның Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің баспасөз қызметінің жетекшісі, баспасөз хатшысы Лаура Жақыпова, медиа менеджер Асқар Жалдинов, «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфулин және «Власть» аналитикалық интернет-журналының елордалық бюросының жетекшісі Тамара Вааль қатысты. Кездесудің модераторы PR және медиа мамандары қауымдастығының төрайымы Ақерке Берлібай болды.
Жиында қатысушылар журналистердің қызметіне, БАҚ саласына қатысты ең өзекті мәселелерді қозғады. Сарапшылар кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, ақпараттық саясаттағы өзгерістерді, қазақстандық медиаконтенттің дамуын және цифрлық құралдардың мүмкіндіктерін талқылады. Заманауи технологиялардың контент жасауға, аудиториямен байланыс орнатудың жаңа форматтарын табуға және уақыт талабына сай сын-қатерлерге жауап беруге қалай көмектесетініне ерекше назар аударылды.
Талқылаудың негізгі тақырыптары қатарында ақпаратқа қол жеткізу, жарияланымдар үшін жауапкершілік және журналистік қауымдастықтың өзін-өзі реттеу қажеттілігі болды. Бұл ретте Қазақстанның Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов журналистік қауымдастықтың бірігуі қажет деген пікірмен келісетінін айтты. Оның сөзінше, заңнама барлық мәселені бірдей реттей алмайды, өйткені кәсіби стандарттардың бір бөлігі журналистік этикаға байланысты. Сондықтан мұндай мәселелерді шешуде Журналистер қауымдастығының ортақ ұстанымы мен кәсіби жауапкершілігі маңызды рөл атқарады.
Медиаменеджер Асқар Жалдиновтың пікірінше, кәсіби қауымдастық өзін-өзі реттеудің ортақ қағидаларын әзірлеуі қажет. Бұл ретте журналистік этика стандарттарын қалыптастыру, мүдделер қақтығысын қарастыру, сондай-ақ журналистің табандылығы мен әдейі арандатуға бағытталған әрекетінің аражігін ажырату мәселелері маңызды.
«Бүгінде журналистиканың мемлекеттік тапсырыспен сатып алуға, боттар арқылы қолдан көбейтуге немесе алгоритмнің көмегімен иеленуге болмайтын бір ғана капиталы қалды. Ол – сенім», – деп атап өтті медиаменеджер.
Ал «Qazcontent» АҚ басқарма төрағасы Әділ Сейфуллин редакциялардың кәсіби жауапкершілігі және журналист мәртебесіне қойылатын талаптар мәселесін көтерді. Оның айтуынша, кейбір бұқаралық ақпарат құралдары шындыққа жанаспайтын мәліметтерді таратып, қателік анықталғаннан кейін жарияланымды өшірумен ғана шектеледі.
«Бұл – журналистің жауапкершілігіне қатысты мәселе. Редакциялар ақпаратты тексеруге мұқият қарап, жіберілген қателерін көпшілік алдында түзетуі керек. Сондай-ақ жарияланымнан зардап шеккен адамдардан кешірім сұрау да маңызды», – деді Әділ Сейфуллин.
Сонымен қатар практикалық сабақтарда ақпаратты тексеру мен сыни тұрғыдан қабылдау, жасанды интеллект көмегімен көптілді хабар тарату және басқаруда бизнес-аналитиканы пайдалану мәселелері қамтылды.
Қатысушылар цифрлық шешімдерді жасанды интеллект көмегімен әзірлеуге мүмкіндік беретін вайбкодинг тәсілімен де танысты. Ал TikTok LIVE платформасына арналған семинар жеке медианы дамыту және тікелей эфир мүмкіндіктерін пайдалану жолдарын қарастырды.
Сондай-ақ қазақстандық медианың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, ұлттық контенттің әлеуетін дамыту және отандық ақпарат өнімдерінің халықаралық деңгейдегі орнын нығайту мәселелері де назардан тыс қалған жоқ. Осындай пікір алмасулар медиа саласының алдағы даму бағдарын айқындап, кәсіби қауымдастықтың ортақ ұстанымдарын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Үш күнге жоспарланған Astana Media Week 2026 медиа апталығы бүгін, 16 қазанда QAZAQSTAN MEDIA AWARDS марапаттау рәсімімен аяқталады. Салтанатты жиында медиа саласындағы кәсіби жетістіктері үшін үздік мамандар мен сала өкілдері марапатталады.
Astana Media Week 2026 – медиа саласының бүгінгі ахуалын талқылап қана қоймай, оның болашақ даму бағыттарын айқындауға арналған кәсіби алаң. Жасанды интеллектінің мүмкіндіктері кеңейген кезеңде технология мен адам жауапкершілігінің арақатынасын анықтау, сапалы журналистиканың құндылықтарын сақтау және қазақстандық медианың халықаралық деңгейдегі орнын нығайту негізгі назарда болмақ. Биылғы медиа апталықтың басты мәні – технологиялық өзгерістерге бейімделе отырып, журналистиканың негізгі құндылықтарын сақтау. Өйткені ақпарат тарату мүмкіндігі артқан сайын оның шынайылығы, сапасы және қоғам алдындағы жауапкершілігі де маңызды бола түседі. Ал осы талаптарды үйлестіре білу – болашақ медианың тұрақты дамуының басты шарттарының бірі.
Әсел ӘНУАРБЕК