Парасат шуағы

/
Парасат шуағы

Адамның шынайы болмысы кейде көп сөзден емес, жалқы ғана жымиыстан, байыппен айтылған бір ауыз сөзден, өзгені үнсіз тыңдай білетін қалпынан танылады. Кісінің ішкі мәдениеті мен рухани тереңдігі де осындай қарапайым сәттерде аңғарылады. Кей адамдардың жанында өзіңді асықпай ойлануға, айтқан сөзіңді таразылауға, өмірге сәл тереңірек қарауға бейім сезінесің. Олардың бойынан төгілген жылылық көзге көрінбегенімен, көңілге сәуле түсіреді. Мұндай қасиетті парасаттың шуағы деп атауға болатын шығар.

Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Перизат Бәйтеш­қызы Сейітқазымен жүздескенде, осындай әсерге бөлендік. Болмысынан сезілетін ақсүйектік әдеп, өзін де, өзгені де құр­мет­тей білетін тектілік бірден байқалады. Ғы­лым атты алып мұхиттың жағалауында жүр­ген біз үшін Перизат ханымның тәжі­ри­бесін тыңдау үлкен олжа болды. Әңгіме ба­рысында ғалымның әйел, жар, ана ре­тін­дегі болмысы да біртіндеп ашыла түсті.
Перизат Бәйтешқызының ғылымға келу жолы бала күнгі арманынан бас­тала­ды. Павлодар облысы Май ауданының Жал­тыр ауылында өскен ол мектепте жур­налист болуды армандаған. Алайда ата­сы қыз баланың журналистикадағы ты­­нымсыз тіршілігін құп көрмей, бұл таң­дауына қарсы болады. Сөйтіп, талапты жас Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар пе­дагогикалық институтының жараты­лыс­тану-география факультетіне түсіп, геог­рафия-биология мамандығын үздік тә­мамдайды. Мектепте сабақ беруді мақ­сат еткен студенттің қабілетін ұстаздары бай­қап, болашақ бағытына ықпал етеді.
– Мен бастапқыда мектепке барып, мұ­ғалім боламын деп ойладым. Бірақ сту­дент кезімде сабақ берген Айгүл Ерғалиева апайым жазуға бейімділігімді байқап, түр­лі жұмыстар тапсыратын. Осылайша, бірте-бірте педагогикаға қызығушылығым оянды, – деп студенттік жылдарын сағы­ныш­пен еске алды ғалым.
Өмір кейде адамды өзі ойлаған бағыт­пен емес, бойындағы қабілетіне қарай же­телейді. Журналист болуды армандаған бой­жеткеннің кейін ақпараттың тәр­бие­лік мәнін зерттейтін ғалымға айналуы да осыны аңғартады. Перизат Бәйтеш­қы­зы­ның ғылыми бағыты – медиапедагогика. Ақпараттың адам санасына, әсіресе бала тәр­биесіне ықпалын зерделейтін бұл сала бүгінгі қоғам үшін аса өзекті. Ғалым білім беру мен бұқаралық ақпарат құралдары­ның байланысын зерттеуге ден қойды.
Кандидаттық диссертациясының та­қы­рыбын қазақ әйелдерінің арасынан шық­қан тұңғыш педагогика ғылымдары­ның докторы, Ұлттық ғылым акаде­мия­сы­ның академигі Күләш Құнантайқызы ұсын­ған. Жас зерттеушінің қабілетін ерте та­ныған ұстазы оған бағыт-бағдар беріп, ғы­лыми ізденісіне қолдау көрсетеді. Пе­ри­зат Сейітқазы ұстазының жетекшілігі­мен «Республикалық мерзімді баспасөз беттерінде мектеп оқушыларын тәрбиелеу мә­селелері» тақырыбында зерттеу жүр­гізіп, 1960–1990 жылдардағы «Социалистік Қа­зақстан» мен «Лениншіл жас» басы­лым­дарының тәрбиелік мазмұнын қарас­тыр­ды. Ол кезде медиапедагогика бүгінгідей кең тараған ұғым болмаса да, ғалым ақ­парат құралдарының адам санасына ық­палын педагогикалық тұрғыдан зерттеудің маңызын ерте аңғарды.
Газеттегі мақала белгілі бір кезеңнің ты­нысын, қоғамның тәрбие туралы тү­сінігін сақтайды. Ғалым осы мәтіндер ар­қы­лы баспасөздің тәрбиелік мүмкіндігін зер­делеп, журналистика мен педагоги­ка­ның тоғысқан тұсын зерттеді. Журналист ақпаратты қоғамға жеткізсе, педагогика маманы оны дұрыс түсініп, білім мен тәрбие ісінде тиімді пайдалануға үйретеді.
Ақпарат көбейген сайын ақиқатты ажы­рату қиындайды. Технология дамы­ға­ны­мен, ақпаратты саралап, оның мәнін тү­сінуге үйрету қажеттігі жойылған жоқ. Ға­лымның «Журналист ақпарат ұсынады, ал педагогика маманы сол ақпаратты тиім­ді пайдалануға үйретеді» деген сөзі осы айырмашылықты айқын көрсетеді. Өйт­кені ақпараттың молдығы өздігінен бі­лімге айналмайды. Оған ой мен талдау қа­жет.
– Кейде өмірдің өз қисынына таңға­ла­сың. Журналист болғым келген, бірақ бас­қа мамандықты таңдадым. Кейін ғы­лыми тақырыбым баспасөзбен байланыс­ты болды. Сөйтіп, өзім қызыққан салаға бас­қа жолмен оралдым, – дейді Перизат Бәйтеш­қызы.
Оның сөзінен тағдырға өкпе емес, өмір жолына деген байыпты көзқарас се­зіледі. Ұстазының дер кезінде байқаған қа­білеті, ғылыми жетекшісінің ұсынған та­қы­рыбы мен зерттеуге деген қызығушы­лығы ғалымның қалыптасуына негіз бол­ды.
– Докторлық диссертацияның жауап­кер­шілігі өте ауыр болды. Он бір жылымды ар­надым. Қызмет бар, отбасы мен екі ба­ла­ның тәрбиесін және қосыңыз. Осы­лар­дың бәрін қатар алып жүру оңай емес. Бі­рақ бастаған жұмысты аяқтау керек бол­ды. Бұл жолда да ұстазым Күләш Құ­нантайқызы мен өмірлік жарымның тү­сіністігі мен қолдауы көп көмектесті, – де­ді ол.
Ғалымның бұл сөзінен табандылық пен жауапкершілікті аңғаруға болады. Ғы­лыми дәрежеге жету үшін біліммен бір­ге төзім мен уақыт қажет. Перизат Сейіт­қа­зының зерттеу бағыты да заман та­ла­бына сай кеңейді. Баспасөз материал­дары­ның тәрбиелік мәнін зерделеуден бастал­ған ізденіс теледидар мен радиоға, кейін әлеуметтік желілер мен цифрлық ақпарат кеңістігіне ұласты. Бүгінде ол медиа­пе­да­гоги­ка, цифрлық педагогика және ки­бер­педагогика мәселелерін зерттеп, болашақ мұ­ғалімдерге арналған арнайы курстарды оқытуға атсалысып келеді.
Перизат Сейітқазының ғылыми мұра­сы да ауқымды. Ол – 250-ден астам ғы­лыми және ғылыми-әдістемелік еңбектің, төрт монографияның, үш тұжырымда­ма­ның, жеті оқу құралының және басқа да оқу-әдістемелік басылымдардың авторы. Ғы­лыми жетекшілігімен ғылым кан­ди­даттары мен PhD докторлары даярланған. Ең­бегі «Қазақстан Республикасының ғы­лы­мын дамытуға сіңірген еңбегі үшін», «Ы.Алтынсарин» төсбелгілерімен бағалан­ған.
Ғалым Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-да «Ме­диапедагогика», «Медиабілім негіздері», «ЖОО-да медиабілім берудің әдістері мен тех­нологиялары» атты авторлық пән­дер­дің енгізілуіне де үлес қосты. Бұл пәндер ба­калавриат, магистратура және докторан­тура деңгейлерінде оқытылады. Шәкірт­тері осы бағыттағы тәжірибені жалғас­ты­рып, Павлодар, Қостанай, Арқалық қа­ла­ла­рындағы білім беру орындарында ме­диа­педагогиканы оқытып жүр.
Бір қызығы, журналистика Перизат Бәй­тешқызына ғылыми бағытын ғана емес, өмірлік жарын да табуға себепкер бол­ған. Көркем әдебиетті бала күнінен жа­нына серік еткен ол Алматыға келген соң да мерзімді басылымдарды үзбей оқи­ды. Бірде сол кездегі «Лениншіл жас» газе­тінің бетінен «Ғабит Мүсіреп» деген есімді кө­зі шалады. Ұлы жа­зушымен аттас жур­налистің кім екенін білгісі келеді. Көп ұза­­май өзі қызмет ететін уни­верситетке сұх­б­ат алуға сол журналистің өзі келеді. Кейін театрда тағы жолығады. Кез­дейсоқ жүз­­десулер бірте-бір­те жақындыққа ұла­сып, екі жастың тағдыры тоғы­сады.
Олардың отбасылық өмі­рі­нің берік не­гізі өзара түсіністік пен құр­мет болды. Ға­лым бұл тура­лы:
– Біз бір-бірімізге, арма­ны­мызға ке­дергі жасаған жоқ­пыз, жарысып, көңіл қал­­дыру­дан, сезім мен сенім­ге селкеу тү­сіруден қаштық. Кері­сінше, қиналған сә­тімізде демеу болып, әлі күнге дейін бір-бірі­мізді қолдап келе жа­тыр­мыз, – деді ол.
Бұл сөз отбасылық татулық­тың қа­ра­пайым қағидасын аңғар­тады: бірге өмір сүру – бірінің арма­нын екінші­сіне бағын­дыру емес, әрқай­сысының өз жолымен да­муына мүмкіндік беру. Жақы­ныңның же­тістігін бәсекеге айналдырмай, ортақ қуа­ныш ретінде қа­былдау – сый­ластықтың белгісі.
Өз биігіне жетіп қана қоймай, өзгеге де жол ашу, өз еңбегін бағалай отырып, өз­­генің еңбегін құрметтеу – рухани ке­мел­дік­тің белгісі. Перизат Бәйтешқызының ғы­лымға арнаған ғұмыры, шәкірттеріне ықы­ласы, отбасындағы түсіністікті қадір­леуі мен бала тәрбиесіне қатысты ақпарат­тық мәселелерді зерттеуі бір арнаға то­ғысады. Адам өз білімі мен тәжірибесін өз­гелердің игілігіне жұмсай алғанда ғана еңбегінің мәні арта түседі. Парасат шуағы да осындай болса керек.

Назерке ЖҰМАБАЙ, 
журналист

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары