Тарихтың тамыры тереңге кеткенде, сол шежірені бүгінгі ұрпаққа жеткізетін көпірдің бірі – энциклопедия. Көне шаһардың атауы ғана емес, тұтас бір өркениеттің жадына айналған Түркістан туралы жуырда жарық көрген екі томдық энциклопедия осындай танымдық көпірдің бірі. «Ғылым» баспасынан шыққан еңбек түркі дүниесінің тарихына, мәдениетіне және рухани құндылықтарына кеңінен үңілуге жол ашады.
Бас редакторы – академик Дархан Қыдырәлі, жауапты редакторы – Таласбек Шаңбай. Энциклопедия түркі әлемінің аса кең мағынадағы тарихи мекені Түркістан ұғымын, түркі өркениеті мен халықтарының ортақ құндылықтарын және осы дүниенің киелі бесігі саналатын көне Түркістан қаласын бір арнаға тоғыстырады. Бұл – бір қаланың тарихын баяндаумен шектелмейтін, тұтас мәдени кеңістіктің келбетін танытуға ұмтылған еңбек.
Энциклопедия беттерінде археология, сәулет өнері, этнография, әдебиет пен фольклорға қатысты ғылыми-танымдық мақалалар мен деректер қамтылған. Сонымен қатар түркі әлемінде ерекше орын алатын танымал тұлғалар да бар. Әр салаға арналған материалдар Түркістанның сан ғасырлық тарихын әр қырынан ашып, оның тарихи жадтағы орнын тереңірек пайымдауға мүмкіндік береді. Карталар, жаңғыртылған сызбалар мен фотосуреттер де мәтін мазмұнын толықтырып, оқырманды өткен дәуірлердің кеңістігіне жетелейді.
Еңбектің тағы бір ерекшелігі – редакция алқасының ауқымы. Оның құрамына Қазақстанмен қатар Бішкек, Қазан, Мәскеу, Анкара, Ташкент, Баку, Сегед, Ыстанбұл және өзге де ғылыми орталықтардан мамандар енген. Мұндай құрам Түркістан тақырыбының бір елдің шеңберіне сыймайтынын, оның түркі халықтарының ортақ тарихи әрі мәдени кеңістігімен сабақтас екенін аңғартады.
Түркістан – керуен жолдары тоғысқан мекен, талай дәуірдің үнін бойына сақтаған шаһар, рухани сабақтастықтың символы. Сондықтан бұл энциклопедияны тек анықтамалық басылым деп қабылдау аздық етеді. Ол – тарихи деректі жүйелеп, мәдени мұраны жаңаша тануға үндейтін, өткен мен бүгіннің арасын жалғайтын танымдық еңбек. Ғылыми ізденуші үшін дереккөз, тарихқа қызыққан оқырман үшін бағыт-бағдар, ал кейінгі ұрпақ үшін ата мұраны танытатын құнды кітап болмақ.
Наурызбек САРША