Кәсіпкерлік – экономика тірегі

/
Кәсіпкерлік – экономика тірегі
ашық дереккөзден

Ел экономикасының дамуы мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруда шағын және орта бизнестің орны ерекше. Кейінгі жеті жылда бұл салада жұмыспен қамтылғандар саны 36,7 пайызға өсіп, 4,5 миллионнан асты. Десе де, кәсіпкерлер санының көбеюі бизнестің сапалық тұрғыдан дамығанын білдіре ме? Мемлекеттік қолдау өндірістің өркендеуіне қаншалықты ықпал етіп отыр? Шағын кәсіпорындардың орта бизнеске айналуына не кедергі?

Ұлттық экономика министрлігінің мә­лі­метінше, бүгінде еліміздің ша­ғын және ор­та бизнес секторында 4 миллион 527 мың­нан астам адам еңбек етеді. Бұл жұ­­мыс­пен қамтылған халықтың 48,6 пайы­зына тең. 2018 жылы кәсіпкерлік саласында ша­ма­мен 3,3 миллион адам жұмыс істеген. Осы ке­зеңде кәсіпкерлік субъектілерінің саны 63,5 пайызға өсіп, жұмыс істеп тұрған бизнес нысандары 2,2 миллионға жетті.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ша­­ғын және орта бизнес өндірген өнім мен көр­сеткен қызмет көлемі 104,8 триллион тең­гені құрады. Бұл – жеті жыл бұрынғы көр­сеткіштен 3,2 есе көп. Ал саланың жалпы іш­кі өнімдегі үлесі 40,9 пайызға жетті.
Бұрын кәсіпкерлік көбіне сауда-саттық пен қызмет көрсету салаларында шо­ғыр­лан­са, қазір өңдеу өнеркәсібі, құрылыс, ауыл ша­руа­шылығы, логистика және ақпараттық технологиялардағы белсенділігі де артып ке­леді. Бұл экономиканы әртараптандыруға мүм­кіндік береді. Дегенмен кәсіпорындар са­­нының көбеюі өндіріс көлемінің ұлға­юы­на, еңбек өнімділігінің артуына және тұрақ­ты жұмыс орындарының құрылуына ұлас­қан­­да ғана ұзақмерзімді нәтиже береді.

Мемлекеттік қолдау – кәсіпкерге ашылған мүмкіндік

Кәсіпкерліктің өркендеуі қолайлы іскерлік ортаға, қаржыға қол­же­тім­ділік­ке және әділ бәсекеге байланысты. Кейін­гі жылдары мемлекет бизнеске қар­жы­лай көмек көрсетумен қатар, әкімшілік ке­дергілерді азайтуға да басымдық беріп ке­леді.
Үкімет мәліметінше, 2025 жылы кә­сіп­керлік субъектілерін тексеру саны 8,6 пайыз­ға қысқарған. Заңнамадан бизнеске артық сал­мақ түсіретін 10 мыңнан астам талап алы­нып тасталып, кәсіпкерлер тапсыратын есеп­тіліктің 49 пайызы оңтайландырылған. Мемлекеттік қызметтерді электрондық фор­матқа көшіру жұмысы да жалғасуда. Соның бірі – кәсіпкерлерге қажетті қызметтерді қол­жетімді етуге арналған eGov Business қо­сымшасы.
Әкімшілік рәсімдердің жеңілдеуі кәсіп ие­лерінің уақытын үнемдеп, өндіріс пен тұ­тынушы тартуға көбірек көңіл бөлуіне жағ­дай жасайды. Бірақ бизнестің өсуіне кедергі келтіретін негізгі мәселелердің бірі – ұзақ­мерзімді әрі қолжетімді қаржының тапшы­лығы.
Үкіметтің мәліметінше, 2025 жылы ша­мамен 9,5 мың кәсіпкерлік жоба жалпы со­масы 1,6 триллион теңгеге жеңілдетілген қар­жыландыру алған.
Осы бағыттағы бастамалардың бірі – «Өрлеу» бағдарламасы. Оның аясында кәсіп­кер­лерге жылдық 12,6 пайыздық мөлшер­ле­ме­мен он жылға дейін несие беру қарасты­рыл­ған. Бағдарламаның жаңа кезеңінде ша­ғын және орта бизнесті қолдауға қосымша 55,6 миллиард теңге бағыттау көзделген. Кәсіпкерлер инвестициялық жобаларды іске асыруға немесе бұрын алынған инвес­ти­ция­лық қарыздарын қайта қаржыландыруға жеті миллиард теңгеге дейін қаражат ала ала­ды.
Бағдарламада отандық өндірісті қолдау­ға да мән берілген. Қазақстанда жасалған жабдықтар мен техниканы сатып алуды ынталандыру кәсіпорындардың өндірістік қуатын жаңғыртуға және отандық машина жасау саласының өнімдеріне сұраныс қа­лыптастыруға мүмкіндік береді. Мұндай тап­сырыстар жабдық өндірушілермен бірге ши­кізат жеткізушілеріне, тасымалдау және сервистік қызмет көрсету салаларына да оң әсер етуі мүмкін.
Өңірлердегі өндірістік жобаларды қар­жыландыруға бағытталған «Іскер аймақ» бағ­дарламасы аясында өңдеу өнеркәсібі кә­­сіпорындарына 13,2 пайыздық мөлшерл­е­­мемен несие беру тетігі іске қосылған.
Қаржыға қол жеткізуді жеңілдетудің тағы бір жолы – кепілдік қорлары. «Даму» кә­­­­­сіпкерлікті дамыту қорының базасында құрыл­ған бұл тетіктер жеткілікті кепіл мүлкі жоқ кәсіпкерлерге несие алу мүмкіндігін кеңейтеді.
Үкімет дерегіне сәйкес, маусым айының ба­сындағы жағдай бойынша кепілдік қоры ар­қылы жалпы құны 189,9 миллиард теңге болатын 998 жоба қолдау тапқан. Екінші кепілдік қоры аясында жалпы сомасы 442,4 миллиард теңгені құрайтын алты ірі жоба мақұлданған.
Алайда қаржыландыру көлемі өздігінен экономикалық табысқа кепіл бола алмайды. Мұндай бағдарламалардың нәтижесі жаңа өндірістердің ашылуы, кәсіпорындардың қуаттылығы мен еңбек өнімділігінің артуы ар­қылы бағалануға тиіс.

Жеңілдетілген несие бизнесті қан­шалықты өсіреді?

Qazaq Expert Club сарапшысы, қаржыгер Саида Тілеуленова «Өрлеу» бағдарламасының басты артықшылығы кәсіпкерлерге ұзақ­мер­зімді инвестициялық қаржы тартуға мүм­кіндік беруі деп бағалайды. Дегенмен ол бағ­дарлама ауқымын бағалағанда бөлінетін қа­ражаттың көлеміне ғана сүйенуге бол­майтынын ескертеді.
«Мен 55,6 млрд теңгені бүкіл Қазақстан эко­номикасы үшін ауқымды ынталандыру ша­расы ретінде қарастырмас едім. Бұл – нақ­ты бағытталған қолдау шарасы. Оның тиім­ділігі бөлінген қаражат көлеміне емес, ең ал­дымен сол ақшаның нақты қайда бағытта­ла­тынына байланысты болады», – дейді сарапшы.
Егер кәсіпорын алған қаржыға жаңа өн­діріс ашып, қосымша жұмыс орындарын құ­рып, импорттың орнын басатын өнім шы­ғарса, оның экономикаға қайтарымы жо­ғары болмақ. Ал қаражаттың басым бөлігі бұрын­ғы қарыздарды қайта қаржыландыруға жұм­салса, өндірістік нәтиже шектеулі болуы мүмкін.
Сарапшы жеңілдетілген несиеге ұзақ уа­қыт тәуелді болудың тәуекелдеріне де на­зар аударады. Оның пікірінше, кә­сіп­орындар үнемі мемлекеттік субсидияға сүйен­се, шығындарын оңтайландыруға, ең­бек өнімділігін арттыруға және нарықтық қаржыландыру көздерін іздеуге деген ын­тасы төмендеуі ықтимал.
«Мемлекеттік жеңілдіктер бизнестің дамуын әрдайым автоматты түрде ынта­лан­дыра бермейді. Кәсіпкер жылдар бойы на­рық­тық мөлшерлемеден едәуір төмен мөл­шерлемемен қаржы алып отырса, оның өнім­ділікті арттыруға, шығындарды оңтай­лан­дыруға және қаржыландырудың өзге көз­дерін іздеуге деген ынтасы төмендеуі мүм­кін. Субсидияларға тәуелділік әсері пай­да болады: бизнес тұтынушы мен тиімділік үшін емес, жеңілдетілген ресурсқа қол жет­кізу үшін көбірек бәсекелесе бастайды».
Осы себепті Қазақстанға жеңілдетілген не­сие берумен қатар, нарықтық қаржылан­дыруды қолжетімді ету міндетін де шешу қа­жет. Әйтпесе, кәсіпорындар ірі инвес­ти­ция­лық жобаларды мемлекеттік бағдарлама бол­ған жағдайда ғана жүзеге асыруға бейім­делуі мүмкін.
«Егер жеңілдетілген қаржыландыру жаңа өн­дірістер құруға, қуаттарды кеңейтуге, им­порт­ты алмастыруға немесе экспортты ұл­ғай­туға мүмкіндік берсе, оның экономика­лық әсері қаражаттың едәуір бөлігі бұрыннан бар міндеттемелерді қайта қаржыландыруға жұмсалған жағдайға қарағанда әлдеқайда жоғары болады», – деп қорытындылады Саи­да Тілеуленова.
Демек, мемлекеттік көмектің мақсаты кә­сіпорындарды тұрақты түрде қолдап отыру емес, олардың бәсекеге қабілетті әрі дербес жұмыс істеуіне жағдай жасау болуы керек. Қаржыландыру бағдарламаларының тиімділігін бағалағанда өндіріс көлемі, жаңа жұмыс орындары, салық түсімдері мен экс­порттық әлеует ескерілуге тиіс.

Отандық кәсіпкерге жол ашатын нарық

Өндірісті кеңейту үшін қаржының бо­луы жеткіліксіз. Кәсіпкерге шы­ғар­ған өнімін өткізіп, тұрақты тапсырыс алу­ға мүмкіндік беретін нарық та қажет. Осы тұр­ғыдан алғанда, мемлекеттік сатып алу жүйесіндегі өзгерістер отандық өндірушілер үшін маңызды.
Жаңа заңнамалық өзгерістер нәти­же­сін­де мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің мер­зімі 30 жұмыс күнінен 10 жұмыс күніне дейін қысқартылған. Қазақстандық тауар өн­дірушілер үшін міндетті аванстық төлем кө­лемі 50 пайыз деңгейінде белгіленіп, келі­сімшартты қамтамасыз етуге қатысты бір­қатар талап жеңілдетілген. Тұрақсыздық айы­бының 3 пайызға дейін төмендетілуі де кә­сіпкерлердің қаржылық тәуекелін азайту­ға бағытталған.
Бұл өзгерістер айналым қаражаты шек­теулі шағын кәсіпорындарға мем­лекеттік тапсырыстарды орындауды жеңіл­детеді. Өйткені шикізат сатып алу, жұмыс­шылардың еңбекақысын төлеу және дайын өнімді жеткізу үшін алдын ала қаржы қажет.
Ұсынылған мәліметке сәйкес, биылғы алғашқы алты айда мемлекеттік сатып алу көлемі 7,7 триллион теңгені құраған. Оның ішін­де отандық тауар өндірушілермен 85,2 мил­лиард теңгеге 61 мыңнан астам келісім­шарт жасалған.
Сонымен бірге сатып алу жүйесінде ашық бәсекені сақтау, отандық өнімнің са­пасын арттыру және кәсіпкерлерге тең мүм­кіндік беру маңызды. Мемлекеттік тапсырыс бюджет қаражатын жұмсаудың тетігімен шек­телмей, ұлттық өндірісті дамытуға қыз­мет етуі керек.

Шағын бизнестен орта кәсіпке дейін

Қазақстанда шағын және орта бизнестің экономикадағы үлесі артып келе жатқа­ны­мен, кәсіпкерлік құрылымында шешімін күт­кен мәселелер бар. Мәселен, мақалада кел­тірілген деректер бойынша, Өзбекстан мен Қырғызстанда шағын кәсіпкерліктің экономикадағы үлесі 50 пайыздан асады. Қазақстанда бұл көрсеткіш 40,9 пайызды құрайды.
Алайда айырмашылықты экономикалық артта қалудың тікелей белгісі ретінде ба­ға­лау дұрыс емес. Қазақстан экономика­сын­да мұнай-газ, тау-кен өнеркәсібі және өзге де ірі кәсіпорындардың салмағы жоғары. Бұл шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнім­дегі салыстырмалы үлесіне әсер етеді.
Одан да маңызды мәселе – орта кәсіп­орындардың аздығы. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, орта кәсіпорын­дар кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы санының небәрі 0,1 пайызын құрайды. Соған қарамастан, бұл кәсіпорындарда 428,2 мың адам еңбек етеді. Бұл орта бизнестің жұ­мыс­пен қамтудағы әлеуетін көрсетеді.
Сондықтан кәсіпкерлік саясатындағы ба­сымдықтардың бірі шағын кәсіпорын­дар­дың орта бизнес деңгейіне өсуіне жағдай жасау болуы керек. Ол үшін қаржыландыру­мен қатар, өнім өткізу нарығын кеңейту, өн­дірістік технологияларды жаңарту және білікті мамандар тарту мүмкіндіктері де маңызды.
Мемлекеттік бағдарламалар кәсіпкерлер­дің бастамаларын қолдауға жол ашқанымен, ұзақмерзімді нәтиже бизнестің нарық жағдайында дербес жұмыс істеу қабілетіне бай­ланысты. Шағын кәсіпорындар тұрақты орта бизнеске айналып, отандық өндіріс бәсе­кеге қабілетті өнім шығара алғанда ғана кә­сіпкерліктің экономикадағы үлесі сапа­лық тұрғыдан артады.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар
Бүгін, 16:00
Жасасын, поэзия!