Ғалымдар қанды бір секундта тоқтататын ұнтақ ойлап тапты

/
Ғалымдар қанды бір секундта тоқтататын ұнтақ ойлап тапты
сурет: istockphoto.com

Оңтүстік Кореяның KAIST (Korea Advanced Institute of Science and Technology) ғалымдары бір секундта қан тоқтататын ерекше ұнтақ жасапшығарды . Зерттеу нәтижелері Advanced Functional Materials ғылыми журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Дәстүрлі дәкелер мен медициналық губкалар ұсақ жарақаттарға ғана тиімді. Ал терең, тегіс емес немесе қатты қан кетіп жатқан жараларда олардың әсері шектеулі. Бұған қоса, мұндай құралдар температура мен ылғалға сезімтал болғандықтан, ауруханадан тыс жағдайда қолдану қиын.

Жаңа материал AGCL деп аталады және төтенше жағдайларға – операция кезінде, табиғи апат аймақтарында немесе далалық медицинада қолдануға арналған әмбебап шешім ретінде әзірленген.

Ұнтақ табиғи, биологиялық тұрғыдан үйлесімді компоненттерден тұрады. Альгинат пен геллан камеді қандағы кальциймен жанасқанда бірден тығыз гидрогельге айналып, жараны физикалық түрде бітейді. Ал хитозан қан құрамындағы элементтермен байланысып, қан ұюын қосымша күшейтеді. Нәтижесінде жара бетінде жоғары қысымға да төтеп бере алатын үш өлшемді қорғаныш қабаты түзіледі.

Зертханалық сынақтар көрсеткендей, AGCL өз салмағынан жеті есе көп қанды сіңіре алады. Ал оның жабысу күші 40 кПа-дан асады – бұл қолмен қатты басқандағы қысымға тең.

Жануарларға жүргізілген тәжірибелерде, соның ішінде бауыр жарақаты модельдерінде, жаңа материал коммерциялық аналогтармен салыстырғанда қан жоғалтуды едәуір азайтып, гемостазға кететін уақытты қысқартқан. Сонымен қатар жараның жазылуы жылдамырақ жүріп, екі апта ішінде бауыр қызметі толық қалпына келген.

Зерттеушілердің айтуынша, ұнтақ бөлме температурасында және жоғары ылғалдылықта екі жылға дейін қасиетін жоғалтпай сақталады.

«Біздің мақсат – дәстүрлі медициналық құралдарды қолдану мүмкін емес жағдайда да тез әрі сенімді жұмыс істейтін материал жасау болды», – деп атап өтті авторлар.

Ғалымдар бұл технология болашақта жедел медициналық көмек пен далалық хирургияда кеңінен қолданылуы мүмкін екенін айтады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары