Қостанай облысы біртіндеп елдің цифрлық трансформациясындағы көшбасшылардың біріне айналып келеді. Өңірдегі адамдардың тұрмыс сапасына тікелей әсер ететін агроөнеркәсіптік кешендерде, өнеркәсіпте, денсаулық сақтауда, білім беру және байланыс саласында цифрлы шешімдер енгізілуде. Осы бағыттағы жұмыстарды «Цифрлық мемлекет: өңірлік аспект» атты дөңгелек үстелде Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Альберт Рау, Екатерина Смышляева және Еркін Әбіл талқылады.
Жиында Мәжіліс төрағасының орынбасары Альберт Рау Қазақстанның цифрландыру деңгейі бойынша әлемде көшбасшы орынға ие екендігіне назар аударды.
–Цифрландыру – эксперимент емес, ведомстволық жоба да емес. Бұл – мемлекеттің стратегиялық бағыты. Былтыр Мәжіліс жасанды интеллект туралы заң қабылдады, ол ЖИ технологияларын жауапкершілікпен әрі қауіпсіз қолданудың негізін қалады. Сонымен қатар, деректер, цифрлық платформалар, сервистер және «ақылды өңірлер» саласындағы нормаларды жүйелейтін Цифрлық кодекс бойынша жұмыс жүргізілуде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің бағдарламалық сұхбатында айтқандай, Қазақстан цифрлық державаға айналуға тиіс. Сондықтан Президент 2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялады,– деп атап өтті Мәжіліс вице-спикері.
Қостанай облысында цифрлық трансформацияның нақты нәтижелері бар. Өңірдің агроөнеркәсіп кешенінің өсімдік шаруашылығында 238 цифрлық ферма бар, онда нақты егіншілік пен мониторинг элементтері қолданылады. Ал өндірісте 49 өнеркәсіптік робот жұмыс істейді. Ол шығынды азайтып, жұмыс тиімділігін арттырады. Бұл шешімдер өңірлік экономиканың жаңа технологиялық базасын қалыптастырып отыр.
Денсаулық сақтауды цифрландыру да ерекше назарда. Атап айтқанда, облыстық және қалалық деңгейдегі 18 медициналық ұйымды қамтитын жасанды интеллектіні пайдаланатын PACS-жүйесі енгізілуде. Бұл онкологиялық ауруларды, туберкулезді және пневмонияны ерте бастан анықтауға мүмкіндік береді. Кешенді медициналық ақпараттық жүйе өңірдегі медициналық мекемелердің барлығына енгізілді, тіркелген халықтың бәрінің электронды денсаулық паспорттары бар.
Жұмыс сапары аясында депутаттар қалалық емханаға барып, цифрлық құралдардың жұмысымен танысты. Мұнда дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету үшін әлеуметтік әмиян қолданылады, ол арқылы дәрі-дәрмекті қағаз рецептісіз электронды ваучерлер арқылы алуға болады. Пациенттерді биометриялық сәйкестендіру (Face-ID) енгізіліп, қабылдау жұмысы жеделдеді. Face-ID тіркеу жұмысына, деректердің бұрмаланбауына көмектеседі. Сонымен қатар, медициналық ақпараттық жүйеде Alima интеллектуалды көмекшісі қолданылады. ЖИ модулі, дәрігердің цифрлы көмекшісі ретінде Alima күнделікті жүктемені азайтуға және медициналық шешімдердің сапасын жақсартуға ықпал етіп отыр.

Мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева атап өткендей, мемлекеттің басты міндеті – цифрландырудың оң әсерін әр қалаға және әр ауылға тарату.
– Біз қарапайым қалалық емханалар мен шағын моноқалаларда цифрлық шешімдердің қаншалықты жұмыс істейтінін, дәрігерлер мен пациенттердің өмірін жеңілдететін көруіміз керек. Цифрлық кодекске «Ақылды аймақтар» моделін енгіземіз, онда әр қала өз тұрғындарының қажеттіліктеріне қарай өзінің цифрлық экожүйесін қалыптастырады, – деп атап өтті ол.
Цифрлық трансформацияның маңызды бөлігі байланыс пен интернетті дамыту болып қала береді. «AMANAT» партиясы сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру үшін ауылдық жерлерде байланысқа қол жеткізуді қамтамасыз ету бағытында жұмыс жүргізуде. 44 елді мекенге діңгек антенна орнатылды. Биыл тағы 51 ауылда антенна орнатуды бастау жоспарланған. Бұл облыстың барлық ауылдарын 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұдан бөлек, өңірдегі 300 ауылда жалпы инвестиция көлемі 22,9 млрд теңгені құрайтын талшықты-оптикалық байланыс желілерін салу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, соның арқасында интернеттің жылдамдығы артуға тиіс.

Депутаттар сондай-ақ «AMANAT» партиясы фракциясының бастамасымен Мемлекеттік қызметтерді бюрократиядан арылту жұмысы ілгерілеп келе жатқанын атап өтті. Бүгінгі таңда жеке куәлік пен басқа құжаттарды мобильді қосымшалар арқылы цифрлық форматта алуға болады, мемлекеттік органдарға қажетті анықтамалар саны азаяды, «бір терезе» қағидаты барлық жұмысты жеңілдетеді әрі ашықтықты арттыра түседі.
Кездесу барысында өңір тұрғындары интернет сапасы, ауылдық аумақтардағы цифрлық сервистер, IT-кадрларды даярлау, «ақылды» қалалардың телемедицинасы мен технологияларын енгізу мәселелерін көтерді. Барлық ұсыныстар тіркеліп, одан әрі пысықтауға қабылданды.