2026 жылы әлемді не күтеді? Осы сұраққа жауап іздеген The Economist басылымының жыл сайынғы дәстүрлі болжамын turkystan.kz назарларыңызға ұсынады.
Бұл – Дональд Трамптың әлемі. Қалғанымыз сол әлемде өмір сүріп жатырмыз. 2025 жылы жаһандық үдерістерге ең қатты ықпал еткен фактор – АҚШ-тың қайта сайланған президенті болды. Ол Ақ үйде отырған кезеңде бұл жағдай өзгермейді. Трамптың қалыпты нормаларды бұзатын стилі бір салаларда күйзеліс туғызды (саудада), бір жерлерде нақты нәтиже берді (Газа мәселесінде), ал кей тұста басқаларды амалсыз қадам жасауға итермеледі (Еуропаның қорғаныс шығындары секілді). «Трампнадо» 2026 жылы да тоқтамайды. Алдағы жылда әлемді айқындайтын негізгі үрдістерге көз жүгіртейік.
Американың 250 жылдығы
2026 жылы АҚШ өзінің 250 жылдығын атап өтеді. Бірақ бұл мереке ұлттық бірлікке емес, керісінше, қоғамның терең бөлінгенін айқын көрсетпек. Республикалықтар мен демократтар бір елдің өткенін, бүгінін және болашағын мүлде екі түрлі сипаттайды. Қарашадағы аралық сайлау осы пікірталасқа саяси баға береді. Алайда демократтар Өкілдер палатасын қайтарып алған күннің өзінде, Трамптың қысымға, тарифтерге және президенттік жарлықтарға сүйенген басқару стилі жалғаса береді.
Геосаяси «ағынмен кету»
Сарапшылардың пікірі екіге жарылған. Бірі әлем жаңа қырғи-қабақ соғысқа бет алды дейді, ол – АҚШ пен Қытай бастаған блоктар арасындағы текетірес. Екіншісі – Трамптық мәміле әлемді ықпал аймақтарына бөліп береді деп санайды. Алайда екі сценарий де толық жүзеге аса қоймас. Трамп ірі геосаяси доктриналардан гөрі, интуицияға негізделген мәмілегерлік саясатты ұнатады. Нәтижесінде ескі ережелерге сүйенген жаһандық тәртіп біртіндеп әлсірей береді, ал «қалаулылар коалициясы» қорғаныс, сауда және климат салаларында жаңа келісімдерге барады.
Соғыс па, бейбітшілік пе? Екеуі де
Газа секторындағы әлсіз бітім сақталуы мүмкін. Бірақ Украина, Судан және Мьянмадағы қақтығыстар созыла түседі. Ресей мен Қытай АҚШ-тың одақтастарына деген адалдығын «сұр аймақтағы» арандатулар арқылы сынайды – Солтүстік Еуропада да, Оңтүстік Қытай теңізінде де. Соғыс пен бейбітшілік арасындағы шекара бұлыңғырланып, шиеленіс Арктикада, ғарышта, теңіз түбінде және киберкеңістікте күшейеді.
Еуропа үшін ауыр таңдау
Бұл жағдайда Еуропаның алдында бірден бірнеше міндет тұр – қорғаныс шығындарын арттыру, АҚШ-пен қарым-қатынасты сақтап қалу, экономикалық өсімді жандандыру және бюджет тапшылығын бақылау. Мұның бәрін бір мезетте орындау қиын. Қатаң үнемдеу оңшыл радикал партиялардың беделін арттыруы мүмкін. Қорғанысқа мол қаржы құю өсімді сәл ынталандырғанымен, бұл барлық мәселені шешпейді.
Қытайдың мүмкіндігі
Қытай экономикасында да қиындықтар бар – дефляция, баяу өсім, артық өндіріс. Дегенмен Трамптың «America First» саясаты Бейжіңге жаңа мүмкіндік ашады. Қытай өзін жаһандық оңтүстікте сенімді серіктес ретінде көрсетіп, сауда келісімдерін белсенді түрде жасасып жатыр. АҚШ-пен қарым-қатынаста қақтығысқа емес, прагматикалық мәмілеге басымдық береді. Мәселе – осы қатынасты тек сауда деңгейінде ұстап тұру.
Экономикалық алаңдаушылық
Әзірге АҚШ экономикасы тарифтерге қарамастан төзімді көрінеді. Бірақ олар жаһандық өсімді тежейді. Бай елдердің шамадан тыс қарыздануы облигациялар нарығында дағдарыс қаупін күшейтуде. Барлығы Федералдық резерв жүйесінің жаңа басшысына байланысты болмақ. Мамыр айында Джером Пауэллдің орнына кім келетіні және орталық банктің саясилануы нарықта үлкен текетірес туғызуы мүмкін.
Жасанды интеллект төңірегіндегі күдік
AI инфрақұрылымына бағытталған ауқымды инвестициялар АҚШ экономикасындағы әлсіздікті жасырып тұрған жоқ па деген сұрақ туындайды. Егер «көпіршік» жарылса, бұл технологияның маңызы жоғалады деген сөз емес. Теміржол, электр және интернет те дәл осындай жолдан өткен. Бірақ ықтимал күйзелістің салдары кең ауқымды болуы мүмкін. Қалай болғанда да, жасанды интеллекттің жұмыс орындарына, әсіресе жоғары білімді жастарға әсері туралы алаң күшейе береді.
Климат – қарама-қайшы көрініс
Жаһандық жылынуды 1,5°C деңгейінде шектеу енді мүмкін емес. Трамп жаңартылатын энергия көздерін ұнатпайды. Соған қарамастан, әлемдік шығарындылар шегіне жеткен сияқты. Таза технологиялар жаһандық оңтүстікте қарқынды дамып келеді, ал көптеген елдер климаттық мақсаттарына жетеді немесе асып түседі. Бірақ оны ашық айтудан тартынуы мүмкін. Геотермалдық энергия – ерекше назар аударатын сала.
Спорт та саясаттан тыс емес
Спорт саясаттан қашып құтқарады деген түсінік 2026 жылы тағы да сыналады. Футболдан әлем чемпионатын АҚШ, Канада және Мексика бірлесіп өткізеді. Бірақ бұл елдердің арасындағы қатынас салқын. Көрермен саны азаюы мүмкін. Ал Лас-Вегаста өтетін Enhanced Games тіпті даулы болмақ – онда спортшыларға допинг қолдануға рұқсат етіледі.
2026 жыл тұрақсыздық пен мәміле, қақтығыс пен ымыра қатар жүретін кезең болмақ. Әлем бұрынғы ережелермен өмір сүрмейді, ал жаңа тәртіп әлі толық қалыптасқан жоқ. Осындай ортада ұтатындар – тез бейімделіп, ұзақ болашақты есепке ала алатындар.