Туысына сенген әйел арада бір жыл өткен соң қарызға батқанын білген

/
Туысына сенген әйел арада бір жыл өткен соң қарызға батқанын білген
pexels.com

Ақмола облысында 25 жастағы жігіт өз туысының атына оның келісімінсіз 2 миллион теңге несие рәсімдеді деген күдікке ілінді. Әйел өз атында қомақты қарыз бар екенін бір жылдан кейін ғана білген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ақмола облыстық полиция департаментінің мәліметінше, оқиғаға қатысты арыз биыл 2 қазанда түскен.

Жәбірленуші әйелдің айтуынша, 2025 жылы оның атына 2 миллион теңге көлемінде несие рәсімделген. Алайда өзі ешқандай банктен қарыз алмаған. Әйел бұл туралы тек арада бір жыл өткенде, банк қызметкерлері хабарласып, берешекті өтеу қажеттігін ескерткен кезде ғана білген.

Полиция қызметкерлері арызды тексеру барысында несие рәсімдеуге әйелдің 25 жастағы жиені қатысы болуы мүмкін екенін анықтаған.

Тергеу мәліметінше, өткен жылы жас жігіт туысынан телефонын уақытша пайдалануға сұраған. Құрылғыда әйелдің банк қосымшасына кіру мүмкіндігі болған. Жиенінің сөзіне сенген әйел телефонын оған еш күмәнсіз берген.

Құқық қорғау органдарының алдын ала мәліметі бойынша, күдікті осы мүмкіндікті пайдаланып, туысының атына 2 миллион теңге несие рәсімдеген болуы мүмкін.

Бір қызығы, алғашқы бірнеше ай бойы банк алдындағы ай сайынғы төлемдер уақытылы жүргізілген. Сондықтан әйел өз атына несие алынғанын байқамаған.

Алайда кейін төлемдер тоқтап, берешек жинала бастаған. Осыдан соң банк қызметкерлері қарыз алушы ретінде тіркелген әйелге хабарласқан.

Осылайша, ол өзінің атына қомақты көлемде қаржылық міндеттеме рәсімделгенін білген. Аталған дерек бойынша алаяқтық белгілерімен қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға тергеу нәтижелері бойынша беріледі.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары