Түркияның туристер көп баратын Каппадокия аймағында табиғи жартас опырылып, қайғылы оқиға болды. Соңғы мәліметтерге сәйкес, кемінде екі адам қаза тауып, бірнеше адам жарақат алған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 29 қазанда Невшехир провинциясының Гөреме елді мекенінде болған. Туристер арасында ерекше пішінімен танымал, "сиқырлы мұржалар" деп аталатын табиғи жартас құрылымдарының бірі опырылған.
Жартастан бөлінген ірі тастар Гөреме ашық аспан астындағы музейінің маңына құлап, сол жерде жүрген адамдарды басып қалған. Жергілікті биліктің мәліметінше, қайғылы жағдайға аймақта бірнеше уақыт бойы жауған нөсер жаңбыр себеп болуы мүмкін. Невшехир губернаторы Хусейн Көк оқиға жергілікті уақыт бойынша сағат 15:15 шамасында болғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, қатты жауын-шашын салдарынан топырақ көшкіні жүріп, жартастың бір бөлігі құлаған.
Алғашқы құтқару жұмыстары кезінде екі адамның денесі табылып, бір зардап шегуші ауруханаға жеткізілген. Кейін Түркияның TRT Haber телеарнасы екі адамның қаза тауып, бес адамның жарақат алғанын хабарлады.
Оқиға орнына полиция, жандармерия, AFAD табиғи апаттардың салдарын жою агенттігі және медициналық қызметкерлер жіберілген. Құтқарушылар үйінді астында басқа адамдардың бар-жоғын анықтау үшін іздестіру жұмыстарын жалғастырып жатыр. Түркияның Әділет министрі Акын Гүрлек оқиғаға байланысты тергеу басталғанын мәлімдеді. Невшехир прокуратурасы тергеу жүргізуге прокурорларды тағайындаған.