Келер жылдан бастап ойын бизнесі мен лотерея қызметі қосылған құн салығынан босатылмақ. Бұл – жаңа Салық кодексінде бекітілген өзгеріс.Табысы таудай құмар ойындары мен лотерея қызметін ҚҚС-дан босатуға не себеп болды? 1 қаңтардан бастап салық мөлшерлемесі өсетінін ескерсек, бұл осы салаларға жеңілдік жасалатынын білдіре ме? Әлде бұған басқа да себептер бар ма? Жауап іздеп көрдік.
Казинолар қанша салық төлейді?
Ұлттық статистика бюросының дерегіне сүйенсек, былтыр құмар ойындар мен ставкаларды ұйымдастыру саласындағы көрсетілген қызмет көлемі 484,5 млрд теңгеге жетіп, бір жыл ішінде 31,4 пайызға өскен (физикалық көлем индексі – 117,8 пайыз). Бұл сома 2022 жылғы көрсеткішпен шамалас, ол жылы сектордағы қызмет көлемі 553 млрд теңгеден асқан болатын. Жалпы, қызметтің 91,1 пайызын Алматы облысы, оның ішінде Конаев қаласы көрсеткен. Бұл аймақтағы жалпы қызмет көлемі – 441,5 млрд теңге. Ал Шучье-Бурабай аймағы – 8,8 пайыз немесе 42,9 млрд теңге үлес қосқан.
2024 жылғы салық деректері заңды ойын бизнесі секторында өсім болғанын растайды. Жалпы, ойын бизнесі қазынаға 86,7 млрд теңге құйған. Ең ірі салық төлеушілер Realbet букмекерлік кеңсесі (1xBet) мен CashVille казиносы («СВ Менеджмент») болды. Бұл ретте Realbet-тің салығы екі есеге өсіп, 18,6 млрд теңгеге жеткен, бұл Қазақстандағы ірі көмір өндіруші компаниялардың төлейтін салығымен бірдей деуге болады. Былтыр CashVille-дің нарыққа кіргеніне екі жыл ғана болғанымен, осы уақыт ішінде айтарлықтай қарқын алған: төлеген салығы 75 есе көбейіп, 2,4 млрд теңгеге жетіпті. Ал Bestam Corporation (Montana) мен «РК Макао» (Makao) сияқты операторлар салығы 500 млн теңгеден астам өскен. Айта кетерлігі, «Курсив» дерегінше, ірі казино бір жылда орта есеппен 2,6-2,7 млрд теңге салық төлейді.
Қолдау ма, қорғау ма?
Ойын бизнесі, лотерея саласында қызмет көрсетушілер 2019 жылдан бері қосылған құн салығын төлеп келеді. Сондай-ақ оларға 20 пайыздық корпоративті табыс салығы да салынған. Бірақ келесі айдан бастап бұл ереже өзгермек. Жаңа Салық кодексінің 474-бабында жазылған ҚҚС-дан босатылған салалар тізімінде осы екі қызмет түрінің аты аталады. Дегенмен корпоративтік табыс салығы 25 пайызға өспек.
Бұл ретте, жаңа Салық кодексінің әзірленуін күткен бірден-бір сала осы ойын бизнесі болатын. Бұл бизнес ахуал қиын екенін алға тартқан еді. Кейінгі 12 жылда Қазақстандағы казино саны 3,6 есеге қысқарған: 2013 жылы лицензиясы бар 22 казино болса, 2017 жылы – 13, 2021 жылдың басында – 9, ал 2025 жылы елде заңды түрде жұмыс істеп тұрған 6 казино қалыпты. Сала өкілдері отандық басылымдарға жоғары салық пен реттеудің қатаңдығы бизнесті «тұншықтырып отырғанын» айтқан, мемлекеттік органдар да бұл үрдіске алаңдайтынын жасырмайды. Туризм саласындағы уәкілетті комитет казино санының азаюы бюджетке түсетін түсімдердің, жұмыс орындары мен туристердің азаюына апарып соғуы мүмкін деп есептейді.
Сонымен қатар бұл мәселеге күдікпен қарайтындар да аз емес. Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсенбаев былтыр ойын бизнесінің айналасындағы ахуалды тек экономикалық қиындықтармен шектеуге болмайтынын айтып, мәселе көтерген болатын. Оның пікірінше, лудоманиямен күрес пен букмекерлік кеңселерді реттеуге арналған заң жобасының 1,5 жылдан бері Парламентке жетпей отыруы лоббистердің ықпалының белгісі болуы мүмкін. Депутат бұл жерде ірі қаржылық мүдделер барын, ал заң жобасын созбалаңға салу жемқорлық қаупін күшейтетінін ашық айтып жүр.
Түпкі иелері кім екені беймәлім
Тағы бір айта кететін мәселе – ресми органдардың өзі елдегі казино бизнесінің түпкі бенефициарларын нақты айта алмай отыр. Мәселен, Бурабайдағы CashVille казиносының иесі саналатын «СВ Менеджмент» жалғыз құрылтайшысы Fernglen атты компания. Алайда бұл компанияның қай елде тіркелгені, артында кім тұрғаны ашық дереккөздерде көрсетілмеген.
Қонаев қаласындағы ASTORIA мен Bombay казинолары да – тура солай. Олар ASTORIA ЖШС мен «Капшагай Палас» ЖШС арқылы жұмыс істейді. Құрылтайшылар қатарында Рая Даулеткалиева есімді азамат көрсетілгенімен, ол туралы да жария ақпарат жоқ. Бұдан бөлек, аталған компаниялардың құрылтайшылары ретінде Aselsin, Landent секілді белгісіз заңды тұлғалар тіркелген. Бұл фирмалардың да юрисдикциясы мен нақты иелері беймәлім.
Bombay казиносы орналасқан жер телімі де күмән туғызады. Ол «Аудит Сервис Алматы» ЖШС меншігінде, ал бұл компанияның құрылтайшыларының бірі тағы да сол Рая Даулеткалиева және Estatel атты белгісіз компания. Яғни, бизнес нысаны, жері және қызметін жүргізіп отырған субъектілер бір-бірімен қабаттасқан, бірақ соңғы бенефициарлар тізбегі ашық емес.
«Курсив» дерегінше, Қаржы министрлігіне жолдаған сауалына салық органдары нақты жауап бере алмаған, олардың сөзінше, бизнестердің түпкі иелері туралы мәлімет жоқ. Ал Туризм және спорт министрлігі бұл ақпаратты «Дербес деректер туралы» заңмен бүркемелеп, ашудан бас тартты. Осылайша, мемлекет бір жағынан ойын бизнесінің салық, жұмыс орны мен туризм үшін маңызды екенін алға тартса, екінші жағынан оның кімге тиесілі екенін өзі де нақты білмейді.
Біреуге – бюджет доноры, біреуге – қолдау тетігі
Ал әлем бойынша құмар ойындары нарығындағы табыс 2025 жылы 449,67 млрд АҚШ долларына жетеді деген болжам айтылған еді. 2025-2030 жылдар аралығында нарықтың жылдық орташа өсім қарқыны (CAGR) 3,05 болады деген болжам тағы бар. Нәтижесінде, 2030 жылға қарай нарық көлемі 522,54 млрд АҚШ долларына дейін ұлғаюы мүмкін. Жалпы, әлемдегі лотерея мен ойын бизнесіне салынатын салықтардың айырмашылығы тек экономикалық емес, әр қоғамның құмар ойынға қатысты көзқарасын айқындайтын көрсеткіш. Бір ел бұл саланы бюджет донорына айналдырса, енді бірі оны туризм мен цифрлық кәсіпкерлікті қолдаудың тетігі көреді. Сондықтан салық саясаты әр жерде әртүрлі және ол айырмашылықтар кездейсоқ емес.
Ойын бизнесіне ең көп салық салатын елдердің көшін бүгінде Франция бастайды. Кейінгі жылдары бұл ел ойын бизнесін қатаң қадағалауға көшіп, лотерея операторларының жалпы табысынан (GGR) алынатын мөлшерлемені бірнеше рет өсірді. Кей өнімдерге салынатын салық 60 пайыздан да асып, EuroMillions секілді ірі лотереялардың жүктемесі 69 пайызға дейін жетеді. Мұндай тәсілдің артында бір мақсат жатыр: мәдениет, спорт және әлеуметтік бағдарламаларды қаржыландыру үшін қосымша табыс көзін қалыптастыру.
Шығыс Еуропадағы Болгария мен Чехия да табысқа тікелей салық салатын елдер қатарында. Болгарияда лотерея мен ставкалардан түсетін табысқа орта есеппен 20 пайыздық жүктеме қойылса, Чехияда бұл көрсеткіш кей бағыттарда 30-35 пайызға дейін көтеріледі. Бұл елдер үшін ойын бизнесі – стратегиялық бюджет көзі. Сол себепті олар жоғары салық арқылы ішкі нарықты бақылауда ұстап, әлеуметтік тәуекелді азайтуға тырысады.
Ал енді салық жүктемесі ең жеңіл елдерге назар аударсақ, мүлде басқа философияны көреміз. Мальта – әлемдік онлайн-ойын индустриясының «жылы орны». Мұнда операторларға салынатын салық төмен әрі икемді, лицензия рәсімдеу тәртібі ашық. Сол себепті көптеген халықаралық компания серверін Мальтада ұстауды жөн көреді. Ұлыбританияда да жүйе тұрақты, ережелері түсінікті. Бұл ел операторларды толықтай босатпайды, бірақ салық пен реттеу арасындағы тепе-теңдік ойластырылған.
Жеңімпаздарға салынатын салық мәселесінде әдіс-тәсілдер әртүрлі. АҚШ – ерекше феномен. Федералдық деңгейде кем дегенде 24 пайыз ұсталады, оған қоса штат салығы бар. Нью-Йорк секілді штаттарда бұл жүктеме 40 пайыздан асып кетуі мүмкін. Испания да ұтысқа салық салатын аз ғана Еуропа елінің бірі: 40 мың еуродан жоғары жүлденің үстіне арнайы мөлшерлеме қосылады.
Ал Ұлыбритания, Канада және Аустралия мүлде басқа ұстанымда: операторларға салмақты салық салады, ойыншы ұтқан ақшасына салық салынбайды. Мемлекет өз үлесін оператордан алады, ал азаматтың жеңісі жеке табыс ретінде қарастырылмайды. Мұндай модель ойынға деген қоғамдық көзқарасты жұмсартып, лотереяны әлеуметтік көңіл көтеру форматы ретінде көруге мүмкіндік береді.
Еркін Әбіл,
Мәжіліс депутаты,
Қаржы және бюджет комитетінің мүшесі:
Қосылған құн салығының табиғаты басқа
– Ойын бизнесі мен лоторея қызметі қосылған құн өндірмейді, тауар шығармайды, ешқандай өнімді сатып алып, халыққа сатпайды. Тек ойын қызметін көрсетеді. Сондықтан бұл салаға қосылған құн салығын салуға болмайды. Бұған дейін бұл салаға ҚҚС қате салынған, сондықтан оны алып тастадық. Өйткені қосылған құн салығын негізінен тұтынушы төлейді: ол қызметтің құнына қосылып, тұтынушыдан алынады.
Бірақ біз оларды салықтан босатқан жоқпыз. Оларға корпоративтік табыс салығын салдық. Жалпы мөлшерлеме 20 пайыз болса, ойын бизнесіне салынатын корпоративтік табыс салығы – 25 пайыз. Түскен ақшаның бәрі табыс болып есептеледі және соның 25 пайызын салық ретінде төлейді.
Яғни бір салықтың орнына басқа салық түрін енгіздік. Нәтижесінде, ойын бизнесінен жиналатын қаражат керісінше көбейеді. Салық түрі өзгергенімен, ойын бизнесінен түсетін түсім артады. Салық тұтынушының ақшасынан емес, ойын бизнесінің өз тапқан табысынан алынады.
Оған қоса, ойын бизнесіне ғана салынатын басқа да салықтар бар. Әрбір ойын үстелінен, әрбір ойын автоматынан, сондай аппараттардың бәрінен олар қосымша жеке салық төлейді. Сондықтан олардың жалпы салық жүктемесі артады.
Ойын бизнесінің басқа өнім өндірмейтін салалардан ерекшелігі сол –олар корпоративтік табыс салығын төлейді. Оларда ешқандай бастапқы мөлшер деген түсінік жоқ: тіркелген күннен бастап барлық табысына 25 пайыз салық салынады. Ал жеке табыс салығын сол компанияда істейтін директор мен қарапайым қызметкерлер өздері төлейді.
P.S.Елімізде ойын мен лотерея бизнесін дөңгелетіп отырғандар келер жылдан бастап ҚҚС төлемейді. Депутаттар бұдан қандай да бір астар іздемеу керек екенін, жалпы, теориялық тұрғыда, қосылған құн салығы тек өнімге салынатынын айтып, түсіндірді. Яғни, бұған дейін салаға бұл салық қате салынып келген. Ал бұл саладағылардың өзі жағдайы нашар екеніне, салық пен реттеудің қатаңдығы бизнесті «тұншықтырып отырғанына» шағымданады, бұған мемлекеттік органдар да бас изеп отыр. Дегенмен саланы реттеуге лоббистер кедергі келтіріп отырғаны туралы мәселе көтеріп жүрген депутаттар да бар.