Алматыда дәрігерлер 9-қабаттан құлаған бойжеткенді аман алып қалды

/
Алматыда дәрігерлер 9-қабаттан құлаған бойжеткенді аман алып қалды
istockphoto.com

Алматы қалалық ауруханасының дәрігерлері тоғызыншы қабаттан құлап, аса ауыр жағдайда жеткізілген 17 жастағы қыздың өмірін аман алып қалды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Науқас ауруханаға ІІ дәрежелі кома, шок жағдайында түскен. Сондай-ақ оның кеуде қуысы ауыр жарақаттанып, аяқ-қолдары, омыртқасы мен жамбас сүйектері бірнеше жерден сынған.

Дәрігерлердің айтуынша, қыздың өміріне ең үлкен қауіп төндірген жарақат – көк еттің (диафрагманың) толық жыртылуы болған. Соның салдарынан асқазан, көкбауыр және ішектің бір бөлігі кеуде қуысына ығысып кеткен. Бұл шұғыл хирургиялық араласуды қажет еткен.

«Реаниматологтар, хирургтер, травматологтар және медициналық қызметкерлердің үйлесімді жұмысының арқасында науқастың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік туды», – деп мәлімдеді медициналық мекеме.

Шұғыл түрде құрылған хирургтар тобы алғашқы аса күрделі ота жасап, ішкі ағзалардағы зақымдарды қалпына келтіріп, қыздың өмірлік маңызды көрсеткіштерін тұрақтандырды. Осыдан кейін ол 12 тәулік бойы жансақтау бөлімінде ем қабылдады.

Кейін мультидисциплинарлық дәрігерлер тобы сынған сүйектер мен зақымданған буындарды қалпына келтіру үшін тағы төрт жоғары технологиялық операция жасады.

Жалпы алғанда, зардап шеккен қыздың өмірі мен денсаулығы үшін күрес стационарда 58 күнге созылды. Қазіргі таңда ол ауруханадан шығарылып, үй жағдайында дәрігерлер тағайындаған оңалту курсынан сәтті өтіп жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары