Шахматты ойнайтын да, жырлайтын да ақындар жеткілікті. Өйткені бұл – миды қозғалысқа келтіретін сайыс. Ой додасы. Ақ пен қара аңдысатын алпыс төрт шаршының төбесінен төніп отырып дұрыс жүріс жасаған адам ғана жеңіске жетеді. Қаншалықты шахматшы екенін білмейміз, қазақтың көрнекті ақыны Қадыр Мырза Әлі ағам кезінде әйгілі ойындағы «ат» пен «мат» тақырыбын арқау етіп, мынадай өлең жазыпты:
Бір дүние қосылды –
Шахматын берді атам.
Жеңбесем де досымды,
Шайқасқанды ұнатам.
Бір ойында
Ойланбай
Пешкі беріп, ат алдым.
Есесіне
Сол бойда
Ұқсап тұрып «мат» алдым.
Былай қарасаң, тек шахматтың өзі ғана емес «ат» пен «мат» ұғымдарының да өзара ұқсастығы шайырлардың шабытын қоздыратын секілді. Қазақ шахматындағы «ат» пен «мат» мәселесі тағы бір белгілі ақынымыз Әбдірахман Асылбековтің балаларға арнап жазған өлеңіне өзек болды:
Інім көп ойнайды
Менімен шахмат.
Жеңем деп қоймайды,
Ойлайды жатып ап.
Кейде «аты» тұралап,
Қоршауда қалады.
Ондайда, сірә да,
Інім мат алады.
Кіжініп сонда аса,
Дейді ол батыл-ақ:
– Жеңер ем,
Болмаса
«Аттарым» ақымақ.
Ал ақын әрі прозаик Нұржан Қуантайұлының шаршы үстіндегі шахматының аттары онша ақымақ емес. Атты айтасың, өзі де салмақты Нұржанның пешкаларына дейін байсалды. Тек оның өлеңіндегі шахмат шайырдың тікелей нысанасы деуге келе қоймас. Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан ежелгі ойын тек ой айту құралы ретінде ғана пайдаланылған. Яғни, осы өлең нақ бір шахматтың өзін шындап
дәріптеп тұрғаны шамалы. Дәлірек айтқанда, шахмат сайысы сынды толғауы тоқсан тіршілік Нұржанды көбірек қызықтыра-
ды:
...Далада үстел. Шахмат – үстi...
Сүйрейдi үйден мына күн.
Тоқымдай қысты тақымға қысты:
Көктем бұл күткен сынағын.
Iнiнен шыққан суырдай шеттен
Ербиген терек тұр ұйып...
...Пешканы қозғап күн ұдайы өпкен:
– Жүр, – дейдi әкем жымиып...
Тағы бір танымал ақын Әділбек Ыбырайымұлының шахмат әлемі алдыңғы әріптестеріне қарағанда ауқымдылау. Оның поэзиядағы ойын тәсілі – «ат» пен «мат» емес, кәдімгі «шах» пен «мат». Ол ақ пен қараның арпалысын шахматтың
өзінен немесе шахматшының көзінен емес, биліктің тезінен, халықтың сөзінен іздейді. Былайша айтқанда, «шах» пен «матты» шиырлап, ширата түскен идеясын елдік мәселеге, ұлттық ұстанымға әкеп тірейді:
Малағамды бұрқ-сарқ еткен түндегі,
Білді құдай,
Өсекші де білмеді.
Ферзіменен «шах» жасады патшамыз,
Түркілерді көзіне де
Ілмеді.
«Шах!» деп қалды, жүрісіне шаттанып,
Қарсыласы жарылуға шақ қалып.
Әзер отыр,
Томағасын сыпырмай,
Бауыздадым екеуін де мақта алып.
...Қояр түбі барлығына «мат!»
Халық...
Қазақ жырының тағы бір перісі Маралтай Райымбекұлы бұл тақырыпқа сәл басқаша қырынан келеді. Оның шахматы – тіршіліктің тартысы, күшті мен тістінің тіресі, текті мен ептінің арпалысы. Соның бәрін елеп-екшеп, байқап-бағамдап барып, көкірегіндегісін ақтарған ақынның түйген түйіні: «Жердің беті – шахматтың тақтасы. Корольдері тоқтамайтын мат болмай».
Осындай шахматтанушы шайырлардың басын қосып, бірнеше жыл басқарған Ұлықбек Есдәулет те бұл ойынды теріс көрмейді. Теріс көрсе, дәл мынадай кейіпте шамырқанып-ширығып отырар ма еді? Әзірге ат та жоқ, мат та жоқ. Тек жеңіске деген құштарлық қана бар...
Берілмеңіз, Ұлаға!
Бауыржан ОМАРҰЛЫ