Алматыда алаяқтар 81 жастағы зейнеткерді ұрлап әкетіп, баспанасын тартып алмақ болған

/
Алматыда алаяқтар 81 жастағы зейнеткерді ұрлап әкетіп, баспанасын тартып алмақ болған
stan.kz коллажы

Алматыда 81 жастағы зейнеткерді заңсыз ұстап, мүлкін иемденбек болған күдіктілер қолға түсті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Полицияның мәліметінше, жалғыз тұратын қарияның жоғалып кеткенін таныстары байқап, құқық қорғау органдарына жүгінген. Жедел іздестіру шараларының нәтижесінде зейнеткер қала маңындағы елді мекендердің бірінен, жергілікті тұрғындардың үйінен табылған.

Тергеу барысында күдіктілердің жәбірленушінің сеніміне кіріп, оның әлсіз жағдайын пайдаланғаны анықталған. Олар зейнеткердің бостандығын шектеп, жылжымайтын мүлкін өз атына рәсімдеуге мәжбүрлемек болған.

Аталған дерек бойынша адам ұрлау фактісімен қылмыстық іс қозғалды. Екі ер адам мен бір әйел уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Түрксіб аудандық полиция басқармасының бастығы Думан Аухадиевтің айтуынша, тұрғындардың дер кезінде хабар беруі мен полицияның жедел әрекетінің арқасында ауыр салдардың алдын алу мүмкін болған.

Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға және күдіктілердің әрқайсысының рөлін белгілеуге бағытталған тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар