Бюджет, инфляция және табыс саясаты: Үкіметтің үшжылдық бағдарламасы қалай жұмыс істемек?

Бюджет, инфляция және табыс саясаты: Үкіметтің үшжылдық бағдарламасы қалай жұмыс істемек?
gov.kz

Үкімет пен Сенаттың соңғы талқылауларынан кейін алдағы үш жылға арналған экономикалық курс біртіндеп айқындала бастады. 2026-2028 жылдарға арналған макроэкономикалық тұрақтандыру және халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасы, республикалық бюджет пен жалпы трансферттер туралы заң жобалары – осы жаңа курстың өзегі.

Билік тармақтарының ұзақ талқысынан өткен бұл құжаттар Қазақстан экономикасын «қатаң бюджет – таргеттелген инфляция – өсіп келе жатқан табыс – күшейген аймақтар» формуласы бойынша дамытуға бағытталған.

5% экономикалық өсім және 2-3% табыс өсімі: Үкіметтің басты уәдесі

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жаңа бағдарлама елдің алдағы үш жылдағы экономикалық бағытын айқындайтынын атап өтті.

Оның айтуынша, Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бірлескен іс-қимыл бағдарламасы Президент тапсырмаларын орындауға – тұрақты өсімге, инфляцияны төмендетуге, импортқа тәуелділікті азайтуға және азаматтардың табысын арттыруға тікелей бағытталған.

Бағдарламаның негізгі мақсаттары:

         •        экономиканың жыл сайынғы өсімі – кемінде 5%;

         •        халықтың нақты табысының жыл сайынғы өсімі – орта есеппен 2-3%;

         •        инфляцияны кезең-кезеңімен әлдеқайда төмен деңгейге түсіру;

         •        мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, жеке сектордың белсенділігін күшейту;

         •        жаңа инвестициялық циклды іске қосу, цифрландыру мен жасанды интеллектті дамыту, шикізаттық емес экспортты ұлғайту.

«Экономиканың сапалы әрі орнықты өсуі және инфляцияны төмендету есебінен халықтың тұрмыс деңгейі мен әл-ауқаты артады», – деді Олжас Бектенов.

Инфляцияға қарсы басты құрал: импорт емес, ішкі өндіріс

Инфляцияны тежейтін негізгі бағыттардың бірі – азық-түлік бағасын тұрақтандыру және ішкі нарықты отандық өніммен толтыру.

Премьер-министр Ауыл шаруашылығы, Сауда және Өнеркәсіп министрліктеріне:

         •        ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін арттыру;

         •        тұрақтандыру қорларын, форвардтық шарттарды, бағаны арзандатуға арналған субсидияларды белсенді пайдалану;

         •        сауда желілерімен баға тұрақтылығы туралы келісімдерді күшейту;

         •        импортқа тәуелділігі жоғары азық-түлік өнімдерінің өндірісін ұлғайту жөнінде тапсырма берді.

«Аталған шаралар азық-түлік бағасын тұрақтандырып, инфляция деңгейін төмендетуге тиіс», – деп атап өтті Бектенов.

Вице-премьер – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин инфляцияның құрылымдық себебін ашық айтты:

«Бағаның өсуінің басты себебі – сұраныс пен ұсыныс арасындағы дисбаланс. Біз тауарлардың едәуір бөлігін шетелден сатып аламыз, ал импорт оларды автоматты түрде қымбаттатады. Сондықтан бірінші кезектегі міндетіміз – өз өндірісімізді арттыру», – деді ол.

Жаңа тарифтік саясат та инфляциялық күтулерді төмендетуге бағытталған. Жұманғариннің сөзінше, бизнес энергияны көп қажет ететін зауыттарға, жылыжайлар мен фабрикаларға инвестиция салу үшін алдағы 2-3 жылда тарифтердің қалай өзгеретінін нақты білуі керек.

Қатаң бюджет ережесі: тапшылық 0,9%-ға дейін қысқарады

Үкімет алдағы үш жылда инфляцияны тек монетарлық емес, фискалдық тәртіп арқылы да тежеуді көздеп отыр.

Вице-премьер Жұманғариннің баяндамасына сәйкес:

         •        бюджет тапшылығы 2028 жылы ЖІӨ-ге шаққанда 0,9% деңгейіне дейін төмендейді;

         •        мұнайға қатысты емес тапшылық – ЖІӨ-нің 2,7% деңгейіне дейін қысқарады;

         •        мемлекеттік қарыз ЖІӨ-ге шаққанда 26%-дан аспайтын деңгейде ұсталады;

         •        Ұлттық қор қаражатын пайдалану қатаң бюджет ережелерімен шектеледі.

Сенаттағы талқылауда Премьер-министр Олжас Бектенов Қазақстанның мемлекеттік қарызы туралы жеке акцент жасады:

«Қазақстанның мемлекеттік қарызы қазіргі таңда ЖІӨ-нің 23,6 пайызы шамасында. Бұл – халықаралық әдістеме бойынша төмен деңгей. Көптеген дамыған елдерде мемлекеттік қарыз 50-80 пайыздан асады, кейбірінде 100 пайыздан жоғары. Мен мұндай тәжірибені қолдайық деп отырған жоқпын. Керісінше, Қазақстанның мемлекеттік қарызы төмен болуы керек деп санаймын», – деді ол.

Оның айтуынша, Fitch, Moody’s және S&P секілді рейтинг агенттіктері Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын оң бағалап, елге инвестициялық рейтинг беріп отыр. Бұл сыртқы қарыз алуда тиімді шарттарға жол ашады.

Бектенов биыл орналастырылған еурооблигациялардың мөлшерлемесі небәрі 4,4% болғанын мысал ретінде келтіріп, оны инвесторлардың Қазақстанға сенімінің белгісі деп атады.

«Мемлекет асырауға міндетті емес»: әлеуметтік саясаттың жаңа акценті

Әлеуметтік сала әлі де бюджет шығыстарының ең ірі бөлігі болып қалып отыр. Үш жылдық бюджетте әлеуметтік төлемдер мен әртүрлі қолдау шаралары мемлекеттік бюджет шығыстарының шамамен 60%-ын құрайды.

Бектенов базалық шығыстар үлесінің 15%-дан 12%-ға дейін қысқарғанын айтқанымен, әлеуметтік төлемдердің ауыртпалығы жоғары екенін жасырған жоқ.

Сонымен қатар ол әлеуметтік саясат философиясын да айқындады:

«Мемлекеттен әлеуметтік қолдауды тек объективті себептермен еңбек етуге мүмкіндігі жоқ азаматтар ғана алады. Жұмыс істей алатын адам жұмыс істеуі тиіс. Оны мемлекет асырамайды және асырамайтын да болады», – деді Премьер-министр.

Бұл тезис алдағы жылдары еңбекке қабілетті, бірақ пассивті топтарға қатысты талап күшейетінін көрсетеді.

Отын нарығы: арзан бензин – қатаң бақылау

Жанар-жағармай бағасын көтеруге мораторий сақталғандықтан, Қазақстанда бензин мен дизель көршілес елдерге қарағанда анағұрлым арзан болып отыр. Бұл ішкі нарықта тапшылық қаупін және жанар-жағармайдың шекара асып кету тәуекелін күшейтеді.

Сол себепті Премьер-министр Энергетика, Сауда, Қаржы, ІІМ, Қаржылық мониторинг агенттігі және ҰҚК Шекара қызметіне отын балансын бақылауды, сондай-ақ мұнай өнімдерінің басқа елдерге заңсыз шығарылуына жол бермеуді қатаң тапсырды.

Бұл – инфляцияны тежеу, әлеуметтік толқулардың алдын алу және ішкі нарықты қорғау мақсатында қабылданып жатқан қысқа және орта мерзімді шаралар.

Инвесторға 25 жылдық кепілдік және «Бәйтеректің» жаңа миссиясы

Экономикалық өсімді қамтамасыз етудің негізгі тіректерінің бірі – инвестиция.

Серік Жұманғариннің айтуынша, қазіргі таңда Қазақстан жыл сайынғы жалпы ішкі өнімге шаққанда 16-17% деңгейінде инвестиция тартып отыр, ал мақсат – бұл көрсеткішті 23-24%-ға дейін көтеру.

Ол 2029 жылға дейінгі есепті де ашып айтты:

«Санға айналдырсақ, біз 2029 жылға дейін ештеңе істемесек, 280 миллиард доллар инвестиция тартамыз. Ал бізге 400 тарту керек. Сол 120 миллиард алшақтық – біз “Бәйтерек” арқылы жүргізіп жатқан проактивті экономикалық саясатымыз», – деді Премьер-министрдің орынбасары.

Жаңа инвестициялық саясаттың негізгі элементтері:

  • «Инвестицияларға тапсырыс» қағидатына негізделген жаңа тәсіл;
  • жобаларды жүзеге асырудың барлық кезеңдерін цифрлық түрде көрсететін ұлттық инвестициялық платформа;
  • құны 29,5 млрд теңгеден жоғары ірі жобалар үшін басым салаларда 25 жыл бойы заңнаманың тұрақтылығына кепілдік беретін инвестициялық келісімдер;
  • экономиканың нақты секторын қолдау үшін «Бәйтерек» холдингін шамамен 1 трлн теңгеге капиталдандыру;
  • инфрақұрылымдық жобаларға (жол, темір жол, жылу-энергетика) мемлекеттік кепілдіктер көлемін ұлғайту.

Халықтың қарыз жүктемесі: коллекторларға мораторий және жаңа шектеулер

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова мен Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменовтың баяндамалары несиелеу құрылымын өзгертуге бағытталған қатаң тетіктерді көрсетеді.

Коллекторларға мораторий – 2027 жылға дейін:

         •        Азаматтық проблемалық несиелерді коллекторларға сатуға енгізілген мораторий 2027 жылдың 1 мамырына дейін ұзартылмақ.

         •        Қолданыстағы мораторий нәтижесінде коллекторлардың портфеліндегі проблемалық қарыздар саны 54%-ға азайған.

Әбілқасымованың айтуынша, бұл мораторий азаматтардың әлеуметтік қорғалуын күшейтіп, банктерді қарызды қайта құрылымдауға итермелейді.

Сонымен қатар, соттан тыс банкроттық тетігін жеңілдету және проблемалық қарыз алушыларды қаржы ұйымдарының өзі анықтап, азаматтарға SMS арқылы ақпарат беру тетігін енгізу жоспарлануда.

Тұтынушылық кредитке талаптар күшейеді

2026 жылдан бастап:

         •        жылдық табысқа шаққандағы қарыздың жалпы коэффициенті (Debt-to-Income) енгізіледі;

         •        борыштық жүктеме коэффициентін есептеу тәртібі қатаңдатылады;

         •        бөлшек несиелер бойынша секторлық қарсыциклдік капитал буфері 2% деңгейінде енгізіледі (2026 жылғы 1 сәуірден бастап).

Тимур Сүлейменов Ұлттық банктің ұстанымын былайша түсіндірді:

«Халықтың шамадан тыс кредит алуын шектеу үшін кіріске қатысты борыш коэффициенті сияқты жаңа макропруденциалды құрал енгізіледі. Бұл – халықаралық практикада қарыз алушылардың төлем қабілетін бағалап, олардың жалпы берешегін шектеу үшін кеңінен қолданылатын тетік», – деді ол.

Мақсат – банктердің қызметін тұтынушылық кредиттен бизнеске несие беруге қарай бұру, қаржылық тұрақтылықты нығайту және азаматтардың шамадан тыс қарызға батуының алдын алу.

Аймақтарға көбірек еркіндік: трансферттер, субвенциялар және донор өңірлер

Сенатта қаралған «2026-2028 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобасы өңірлердің қаржылық дербестігін біртіндеп арттыруға бағытталған.

Серік Жұманғариннің айтуынша:

Жергілікті бюджеттердің болжамды кірістері:

– 2026 жылы – 10,7 трлн теңге,

– 2027 жылы – 12,1 трлн теңге,

– 2028 жылы – 13,3 трлн теңге;

Шығыстар:

– 2026 жылы – 14,9 трлн теңге,

– 2027 жылы – 17,3 трлн теңге,

– 2028 жылы – 18,7 трлн теңге.

Жалпы сипаттағы трансферттер құрамына:

Бюджеттік субвенциялар:

– 2026 жылға – 5,15 трлн теңге,

– 2027 жылға – 6,36 трлн теңге,

– 2028 жылға – 6,8 трлн теңге;

Бюджеттік алып қоюлар:

– 2026 жылға – 879,9 млрд теңге,

– 2027 жылға – 1,08 трлн теңге,

– 2028 жылға – 1,4 трлн теңге кіреді.

Маңыздысы – 2028 жылға қарай:

         •        Павлодар облысы өзін-өзі толық қамтамасыз ететін өңірге айналады;

         •        Маңғыстау облысы қайтадан донор аймақ болады;

         •        өңірлердің республикалық бюджетке тәуелділігі орта есеппен 50,7%-дан 33%-ға дейін төмендейді.

Даму бюджеті де айтарлықтай өседі:

         •        2026 жылы – 1,8 трлн теңге,

         •        2027 жылы – 3,2 трлн,

         •        2028 жылы – 4,1 трлн теңге.

Үш жылда барлығы 9,1 трлн теңге даму бюджетіне бағытталып, өңірлік стандарттар жүйесін қамтамасыз ету көрсеткіші 69,2%-ға жетуі тиіс.

Сенаттың түзетулері: ыстық су, жарық, су арнасы және тазы мен төбет

Сенат депутаттары үшжылдық бюджетті жалпы қолдай отырып, өңірлерге сапарлар мен азаматтардың өтініштері негізінде бірқатар нысаналы түзетулер енгізуді ұсынды.

Қосымша қаражат мына бағыттарға қайта бөлінбек:

         •        жылу беру жүйелері мен жылу желілерін жаңғырту (Лисаков, Қостанай және өзге өңірлердегі апатты учаскелер);

         •        газ және электр желілерін жаңарту;

         •        су ресурстары және ТЖ-ның алдын алу (Маңғыстауда су тарту арнасын салу, Атырау облысы Махамбет ауданындағы Жайық жағалауын бекіту, Жезқазған маңындағы ұңғымаларды реконструкциялау);

         •        денсаулық сақтау нысандарын жөндеу және қолдау (ұлттық трансфузиология орталығы және жаңа объектілер);

         •        қазақы ит тұқымдары – тазы мен төбетке арналған ұлттық орталық жобасын іске қосу.

Сенатор Нұрлан Бекенов қымбат өңірлік жобаларға қатысты сұрақ көтеріп, жергілікті бюджеттер кейбір ірі инфрақұрылымдық жобаларды өз күшімен орындай алмайтынын айтты.

Жұманғарин бұл ретте өңірлердің табыс базасы кеңейтілгенін, кейбір салықтарды қайта бөлу арқылы жергілікті бюджеттерге қосымша 80 млрд теңге қалдырылғанын, дегенмен ірі су құбырлары, магистральдық желілер, ЖЭО, туристік канат жолдары сияқты қымбат нысандардың республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатынын түсіндірді.

Ұлттық банк: өтімділікті тартып, несие құрылымын қайта құру

Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов экономиканың жалпы жағдайына шолу жасап, ақша-несие саясаты бойынша нақты сандар келтірді.

Сөзінше, 10 айдың қорытындысы бойынша:

– экономика 6,4%-ке өскен;

– жылдық инфляция – 12,6%;

– азық-түлік тауарлары – +13,5%;

– азық-түлікке жатпайтын тауарлар – +11,0%;

– ақылы қызметтер – +12,9%.

Ұлттық банк минималды резервтік талаптардың жаңа нормативтері арқылы банктердегі өтімділік профицитін 7,7 трлн теңгеден 5,8 трлн теңгеге дейін төмендеткен. Сонымен қатар, «айналау» операциялары арқылы он айда 2,7 трлн теңге артық өтімділікті экономикадан тартып алған, жыл соңына дейін тағы шамамен 1 трлн теңге алу жоспарланып отыр.

Мақсат – эмиссиялық қысымды төмендету, инфляцияны бақылау және артық ақша массасының спекулятивті секторларға кетуіне жол бермеу.

Инфляция болжамы: 2028 жылы – 5-7%

Үкімет пен Ұлттық экономика министрлігі алдағы үш жылға нақты инфляция болжамын да жариялады:

  • 2026 жылы – 9-11%;
  • 2027 жылы – 5,5-7,5%;
  • 2028 жылы – 5-7%.

Сыртқы саудада да біртіндеп өсім күтіледі:

         •        экспорт 2026 жылғы 77,1 млрд доллардан 2028 жылы 83,7 млрд долларға дейін;

         •        импорт 67,7 млрд-тан 75,2 млрд долларға дейін өседі.

Өсу драйверлері:

  • өңдеу өнеркәсібі – 2026 жылғы 6,2%-дан 2028 жылы 6,6%-ға дейін;
  • тау-кен өнеркәсібі – орташа 2,8%;
  • ауыл шаруашылығы – 3,9%;
  • құрылыс – 11%;
  • көлік қызметтері – 10,1%;
  • сауда – 6,7%.

Саяси теңгерім: Сенат заңдарды Мәжіліске кері қайтарды

Сенат         «2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» және «Жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» заң жобаларын қарастырып, жекелеген баптарына түзетулер енгізіп, құжаттарды Мәжіліске кері қайтарды.

Сенатор Сұлтанбек Мәкежанов бұл шешімді Конституцияның тиісті нормаларына сүйене отырып түсіндірді. Негізгі ой – бюджет параметрлерін өңірлердің нақты сұраныстарымен және азаматтардың күнделікті мәселелерімен барынша сәйкестендіру.

Сарапшылар не дейді?

Белгілі экономист Дінмұхаммед Ғали қазіргі бағдарламаның қажеттілігін түсіндіре отырып, Қазақстан экономикасы ұзақ уақыт бойы сандық өсімге сүйенгенімен, оның пайдасы халықтың нақты табысына сәйкес тимей келгенін атап өтті.

Экономисттің айтуынша, 2011-2024 жылдар аралығында ЖІӨ шамамен 5 есеге артқанда, орташа жалақының өсімі бар болғаны 3-3,7 есе деңгейінде қалған.

«ЖІӨ өсімі халықтың табысына пропорционалды әсер етпеді. Сондықтан жаңа бағдарламаның ең басты мақсаты – сандық емес, сапалық өсімге өту», – дейді Дінмұхаммед Ғали.

Оның айтуынша, импортқа тәуелділік те әлі жоғары. Осы себепті Үкіметтің қазіргі бастамалары – жаңа өндіріс орындарын ашу, технологиялық жабдықтарды ел ішінде шығару сияқты импортты алмастыруға бағытталған нақты қадамдарды қамтиды.

Қаржы сарапшысы Рүстем Тоқтаров экономикалық өсімнің нәтижесі халыққа толық жетпей отырғанын атап өтті.

Сарапшының айтуынша, қазір республикалық бюджеттің 60%-дан астамы әлеуметтік төлемдерге жұмсалады, ал бұл экономиканың өздігінен өнімді өсім қалыптастыруына мүмкіндік бермейді.

«Біз өндірісті, экономиканы дамыту арқылы емес, халықтың әл-ауқатын жасанды ынталандыру арқылы қолдап келеміз», – дейді Рүстем Тоқтаров.

Ол жаңа бағдарламаның басты ерекшелігі ретінде бұрынғыдай тек Үкімет емес, бірден үш орган – Үкімет, Ұлттық банк және Қаржы нарығын реттеу агенттігінің үйлесімді, ортақ жауапкершілікпен жұмыс істеуге дайын екенін атады.

Қорытынды: Үшжылдық жоспар – мүмкіндіктер мен тәуекелдердің теңгерімі

Жаңа үшжылдық жоспар қағаз жүзінде логикалық әрі үйлесімді көрінеді. Макродеңгейде – қатаң бюджет ережелері, төмен мемлекеттік қарыз, таргеттелген инфляция; микродеңгейде – халық табысының жылына нақты 2-3%-ға өсуі, қарыз жүктемесін шектеу, отандық өндірісті күшейту міндеттері қойылған. Өңірлік деңгейде трансферттер жүйесін қайта калибрлеу арқылы аймақтардың қаржылық дербестігін арттыру, даму бюджеті есебінен инфрақұрылымдық теңгерімге ұмтылу көзделіп отыр. Инвестициялар бағыты бойынша 25 жылдық заңнамалық тұрақтылық кепілдігі, «Бәйтерек» холдингі арқылы жаңа инвестициялық циклді жеделдету сияқты құралдар ұсынылуда.

Дегенмен бұл мақсаттардың барлығы тек құжаттағы әдемі формулаларға емес, оларды орындау тәртібі мен саяси ерікке тікелей тәуелді. Импорт үлесін қысқартпай, ішкі өндірістің нақты өсуін қамтамасыз етпей тұрып, инфляцияны тұрақты түрде төмен дәлізде ұстап тұру оңай болмайды. Әлеуметтік шығыстарды «оңтайландыру» барысында қоғаммен ашық коммуникацияның маңызы артады, себебі «мемлекет асырауға міндетті емес» деген қағидат еңбекке қабілетті, бірақ әлеуметтік қолдауға үйренген топтар арасында қызу пікірталас тудыруы мүмкін. Тұтынушылық кредитке қойылатын жаңа шектеулер де қысқа мерзімде нарықтың бір бөлігін салқындатып, банктердің бизнес-модельдерін қайта қарауды талап етеді, ал бұл өз кезегінде халықтың тұтынушылық белсенділігіне әсер етуі ықтимал.

Осы тұрғыдан алғанда, Үкімет пен Сенат алдында енді негізгі сын-қатер – қағаздағы уәделерді күнделікті экономикалық шындыққа айналдыра алу. Егер жоспарланған 5 пайыздық экономикалық өсім, инфляцияны 5-7% дәлізіне түсіру және халықтың нақты табысын жыл сайын 2-3%-ға арттыру көрсеткіштері қатар орындалса, онда бұл үшжылдық пакет Қазақстан экономикасы үшін сапалық жаңа кезеңнің бастауы ретінде бағалануы мүмкін. Ал егер сыртқы күйзелістер, ішкі реформалардың кешеуілдеуі немесе саяси ерік-жігердің әлсіреуі байқалса, бүгін ұсынылған жоспарлар қоғамда орындалмаған уәделердің кезекті тізіміне айналу қаупі де жоқ емес.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары