Көңіл гравитациясы

/
Көңіл гравитациясы

«Жарқ еткен алмастың жүзіндей» дейтін әдемі бір теңеу бар.  Таңдандыратын, риза қылатын, еріксіз назар аудартатын алабөтен құбылыс осылай суреттеледі. Тағы бір анық: адамның өзгелерге ұқсамайтын болмыс қасиетін көрсететін өлшемді де осы сөз тіркесімен әспеттеп жатамыз. Шыны сол, Серікқали – жүрегі гармония мен үйлесімділікке толы жігіт. Оның шығармашылығы оқушысын өзіне ерекше тартып тұратыны – осы гармонияны жүрекке қондырып тұрған көңіл гравитациясы атты құдіретті күштің қонақтай алғаны.

Журналист-публицист Серікқали Мұқашевтің шығармашылық жолына на­зар аударсам, ілкі сәтте осындай ойға қа­латыным рас. Қалам ұстаған ағайын бас­пасөз айдынында өзінше із тастап, өзін­дік қолтаңбасын қалдырып, оқыр­ман­ның көзайымына айналып жатады. Ха­лық өзін танымаса да сөзін таниды. Есі­мін ұмытпай, сөзін жаттап, сырттай қа­нық болып жүреді. Біреуі тасқын судай ек­пінді, біреуі есіліп аққан Есілдің өзе­нін­дей болып салмақпен келетін шы­ғар­ма­шылық қауым өкілдерінің қалайда ха­лықтың тамыр соғысын тап басатын шол­ғыншыдай атқа қонатыны – ақиқат іс. Солардың ішінде Серікқали бауырым­ның сонау «Өркен-Горизонт» – студент­тер газетінде жиі жарияланатын өткір ма­қа­ла-зерттеулері әлі есімде. Бүгін олар­мен тағы да қауышып, таң-тамаша болып отыр­мын. Баяғы социализм заманында Бо­рис Полевойдың «Журналист – это пи­сатель, который не выпускает книги» де­ген сөзі жоққа шығарылған мына за­ман­да өзің шығармашылығына қанық қа­ламгердің публицистикасымен кітап бо­лып шыққанында тағы бір мәрте қауы­шу­дың өзі – ғажап құбылыс. 
 Серікқали Мұқашев – сол шабыттың үр­кек көгін қамшылаған ортада мүлде бас­қаша жолды таңдаған қаламгер. Ол Абай­ша айтқанда, «жүрек – теңіз, қызық­тың бәрі асыл тас» деп, тіршілікте кезде­се­тін астарлы, көмескілеу тұстарға, басқа біреу мән бере бермейтін құпиясы мол түйткілдерге тура шауып, қиядан қызыл көр­ген түлкідей өзінің журналистік бас­тауында бұрын-соңды ел жазбаған тың тақырыптарға шүйліге келді. «Жарқ ет­кен алмастың жүзіндей» деп отырға­ны­мыз сол. Оның тоқсаныншы жылдары жаз­ған дүниелері осы сөзімізге дәлел. 
Негізі, Серікқали шығармаларындағы кез келген тақырып әлеуметтік жүкті қа­ра нардай көтеретін соқталы дүниелер еке­нін айтпай кетсек – арымызға сын. Әді­летсіздік пен парықсыздыққа деген туын­дыгер қарсылығы адами ішкі жан дүниесімен арпалыса астасып көрініс береді. Кез келген шығармасында. Тағы бір назар аударарлығы – оның кестелі көр­кем тілмен, халықтық болмыс бояуы­мен әрлеген сөйлемдері жаңағы әлеу­мет­тік жүктің ауқымын, танымдық мұратын одан сайын ұлғайта түсетіні де жүректі дір еткізіп өтетіні тағы бар.    
Қаламы жүйрік журналистің төмен­нен салсаң төске озған, қыраттан салсаң қия­ға өрлеген шалымдылығын, күмбез көк­тің, қараңғы тұңғиықтың жымың­д­а­ған «шамдарын» санаған жұлдызшыдай ал­ғырлығын айтпай тағы отыра алмай­сың. 
Талай басылымда белсенді автор бол­ған қаламгердің қалам қуаты қандай еке­нін осыдан-ақ пайымдай беріңіз. Әр га­зет-журналдың өзіндік бағыт-бағдары, кө­теретін тақырыптары болады. Серік­қали соған сай материалдар жазып отыр­ған. Және олар жай ғана қара сөздің, ар­зан ойдың желісімен туындаған дү­ние­лер емес, әбден қайнауына жеткізіліп, көп­шілігіміз біле бермейтін соны дерек­тер­мен байытылып, тіл құнарымен суы­ры­лып жазылған мақалалар екені айқын. Жур­налистің энциклопедиялық білім­ді­лігі болмаса әр салада, әр бағытта мұндай қы­зықты материалдар жазылар ма еді?!  Әй, қайдам?!
Өмір шіркін шапқан аттай зуылдап ал­ға жылжып барады. Кешегі  оқыр­ман­ның көзайымына айналып, қызықтыра қа­лам сілтейтін жалындаған жас журна­лист Серікқали бұл күндері сақа қалам­гер­ге айналған, қазақ журналистика­сы­ның қара нарындай қажырлы, байсалды, то­лымды дүниелері елең еткізеді. Тәуел­сіздіктің жемісін, халқымыздың жеңісін паш ететін, еліміздің әлем өркениетінің керуеніндегі орнын, мерейі өскен қа­зақ­тың шаттығы мен қуанышын баяндай­тын са­лиқалы еңбектер жаза бастады. Қолыңыз­­­дағы кітапқа үңілсеңіз, Серік­қалидің ендігі мақсат-мұратын жазбай та­ни­сыз. Ол – Қазақстанның әр қада­мын, әр биігін, әр белесін жүрегінен өткі­зіп, зер­­делі  ойдың тұнығымен әр­лендіріп, адам­­дарға, әсіресе, жастардың бойына Ота­­нымызды, туған жерді қас­терлеу, ая­лау сезімдерін сіңіретін соны еңбек­терін ұсыну. Мен осылай түсіндім. Бұған қалам ұстаған ағайындар да, оқыр­­­­­­мандар да қа­пысыз сенетіні сөзсіз. Өйткені Серік­қа­лидің кеудесінде жанартаудай бұғып жат­­қан кесек-кесек айтылмаған соны ой­­лар­дың алғышар­тындай көрінген осы кі­­тап менің Серік­қали шығармашылы­ғы­на деген үкілі үмітімді үрлей түсті. 

Шархан ҚАЗЫҒҰЛ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары