Елімізде аграрлық салада маман тапшылығы қалай реттеліп жатыр?

Елімізде аграрлық салада маман тапшылығы қалай реттеліп жатыр?
ашық дереккөзден

Ауыл шаруашылығы бұрыннан ұлттық экономиканың негізгі салаларының бірі саналады. Сондықтан саладағы еңбек мамандықтарының рөлі, әсіресе, ауылдық жерлердің әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрғысынан ерекше маңызға ие. Қазір елімізде аграрлық бағыттағы мамандарды даярлайтын 23 жоғары оқу орны жұмыс істейді.

 Агросалаға маман даярлайтын үш негізгі университеттің қатарында Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет және Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті.  Осы үштік тікелей «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ-на қарайды. Ресми дерек бойынша жыл сайын ел бойынша шамамен 3400 түлек аграрлық мамандықтар бойынша оқуын тәмамдайды екен. Әрине, оқуын аяқтаған түлектердің барлығы таңдаған мамандығы бойынша жұмыс істесе, маман тапшылығы болады дегенге сенбес едік. Өкінішке қарай, түлектердің 50%-ы ғана өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасады деген ресми ақпарат бар. Сұраныс ең жоғары мамандықтар қатарында агроном, ветеринар, агроинженер, фитосанитар, зоотехник және жер ресурстарын басқару мамандары бар.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ төрағасы Бауыржан Асановтың айтқанын басшылыққа алсақ, бұл көрсеткішті жақсарту үшін өндіріс пен білімнің байланысын күшейту қажет.

«Біз аграрлық салаға кадр даярлауда тек теориямен шектелмеуіміз керек. Әрбір студент оқу кезінде нақты өндіріс орнында тәжірибеден өтуі тиіс. Сол үшін біз 1500-ге жуық шаруашылық базасымен серіктестік орнатып, дуалды оқыту жүйесін енгіздік. Мұның пайдасы көл-көсір. Себебі дуалды оқыту жүйесі елдегі басқа салаларда ғана емес, әлемде бар тәжірибе. Жасты тәжірибе, еңбек шыңдайды. Түлектер оқып жүріп, мамандығына тәжірибе аясында машықтана берсе, салаға қызығушылығы бұрыннан дар артады, болашағын осы саламен байланыстырада деп ойлаймын», – деді Б. Асанов

Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы жыл сайын «жұмыс беруші – университет – түлек» үлгісіндегі үшжақты келісімдер жасасады екен. Сонымен қатар, аграрлық ЖОО-ларда жұмыс орындары жәрмеңкелерін өткізіп, түлектерге цифрлық платформа арқылы бос орындарға өтініш беру мүмкіндігін ұсынады. Мұның барлығы сайып келгенде ауыл шаруашылығындағы маман тапшылығын алдын алатын шешімдер.

Қазақстан мен Ресейдің аграрлық саладағы ынтымақтастығы беки түсті. Қазақстан мен Ресей арасында аграрлық сала бойынша ынтымақтастық жаңа деңгейге көтерді деп айта берсек болады. Мысалы, қазір ауыл шаруашылығына маман даярлайтын оқу орындары арасында да байланыс беки түсіпті. Екі елдің өкілдері жуырда Оралда өтетін XXI форум шеңберінде бас қосып, агроөнеркәсіптік кешен саласында кадр даярлау, цифрлық инфрақұрылым және инновациялық технологиялар бойынша жаңа бастамаларды талқылайды.

Бүгінде Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университет және Жәңгір хан атындағы БҚАТУ Ресейдің жетекші оқу орындарымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Ол оқу орындарының қатарында К.А.Тимирязев атындағы ауылшаруашылығы академиясы, Скрябин атындағы Москва аграрлық университеті, Н.И. Вавилов атындағы Бүкілресейлік өсімдік шаруашылығы ғылымы-зерттеу институты және Уфа мемлекеттік мұнай технологиялық университеті, Ставрополь, Башкирия, Краснояр, Тамбов және  Кубан ауыл шаруашылығы университеттері бар.

Жоғарыда Қазақстан мен Ресейдің XXI аймақаралық ынтымақтастық форумы өтетінін айтқан еді. Бұл серіктестік бірлескен зерттеулерді, тағылымдамаларды, академиялық жетекшілікті, сондай-ақ бірлескен білім беру бағдарламаларын қамтиды. Форум аясында осы бағыттағы ынтымақтастық одан әрі кеңейеді деп күтілуде. «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ төрағасы Бауыржан Асановтың айтуынша, бұл алаң екі елдің аграрлық жүйесін біріктіріп қана қоймай, жаңа экономикалық мүмкіндіктердің де бастауына айналмақ.

«Қазақстан мен Ресей арасындағы аграрлық ынтымақтастық – бұл өңірлік дамудың стратегиялық тірегі. Форум нәтижесінде біз кадр даярлауда, инновациялық шешімдер мен цифрлық технологияларды енгізуде нақты бірлескен жобаларды іске асыруға дайынбыз», – дейді басқарма төрағасы.

Ақпарат үшін толықтыра кетсек, 11–12 қарашада Орал қаласында өтетін Ресей мен Қазақстанның XXI аймақаралық ынтымақтастық форумы «Еңбек мамандықтары – экономиканың өсу драйвері» тақырыбына арналады. Бұл – еңбек адамдарының қоғамдағы рөлін арттыруға, сондай-ақ өндірістік және аграрлық салалардағы жұмысшы мамандықтарының беделін көтеруге бағытталған маңызды алаң. Бастама Мемлекет басшысының 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялауымен де үндесіп отыр.

Агросаладағы түйіткіл: Жастар ауылға барудан неге қашады?

Ауылдық жерлерге жас мамандарды тарту мәселесі жыл өткен сайын өзекті бола түсті. Әсіресе, ауыл шаруашылығында еңбек ететін мамандардың азайып жатқаны бәрімізді алаңдатады. Сарапшылар мұның негізгі себебін төмен жалақы, инфрақұрылымның жеткіліксіздігі, мансаптық өсудің шектеулі болуы және әлеуметтік жағдайдың күрделілігімен байланыстырады.

«Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» КеАҚ төрағасы Бауыржан Асановтың пікірінше, бұл мәслені тек білім беру жүйесі теліп қоюға болмайды.

«Жастар ауылға бару үшін оларға өмір сүруге және дамуға жағдай жасалуы тиіс. Бұл – тек министрліктің емес, жергілікті атқарушы органдардың да ортақ жауапкершілігі. Тұрақты инфрақұрылым мен әлеуметтік қолдау – кадр ұстап қалудың басты шарты», – дейді ол.

Ауыл шаруашылығы бүгінде жаңа кезеңге, яғни цифрлық агроөндіріс дәуіріне аяқ басты. Егіс алқаптарын дронмен бақылау, деректерді талдау, автоматтандырылған техника мен жасанды интеллект қолдану – бұл тек технология емес, жаңа кәсіби мәдениет. Осыған байланысты аграрлық жоғары оқу орындарында ақпараттық технологиялармен интеграцияланған білім беру бағдарламалары енгізілуде.

«Біздің мақсат – аграрлық саланың цифрлық экономика талаптарына бейімделген мамандарды даярлау. Енді фермер тек жермен емес, дерекпен де жұмыс істеуді білуі керек», – дейді Бауыржан Асанов.

Бауыржан Асановтың ақпаратына сүйенсек, аграрлық салаға маман даярлау ісінде Жоғары оқу орындары барынша жаңашылдыққа бейімделіп келеді. Оқып, қолына диплом алып жатқан түлек көп. Негізгі мәселе, маман даярлауда емес, жұмыспен қамтуда болып тұр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары