Калифорниядағы Окленд музейіне белгісіз біреулер шабуыл жасап, мыңнан аса құнды жәдігерді алып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.
Ақпаратты Окленд қаласының полициясы Facebook парақшасында растаған.
"Күдіктілер музейдің сақтау қоймасына заңсыз кіріп, жергілікті америкалықтардың себеттері, зергерлік бұйымдар, ноутбуктер мен басқа да тарихи артефактілерді қоса алғанда, 1000-нан астам экспонатты ұрлап әкеткен", – делінген хабарламада.
Полиция мәліметінше, оқиға 15 қазанда музей қоймасында болған. Қазір тергеу жұмыстары Федералды тергеу бюросымен (ФБР) бірлесе жүргізіліп жатыр.
Музейдің атқарушы және бас директоры Лори Фогарти The Oaklandside басылымына берген сұхбатында бұл ұрлық алдын ала мұқият жоспарланбаған болуы мүмкін екенін айтты. Алдын ала деректерге сәйкес, оқиға кезінде ғимаратта қызметкерлер болмаған. Ал ұрлық жасалғанын музей қызметкерлері тек келесі күні таңертең ғана білген. Ұрланған заттардың нақты құны анықталып жатыр.