Қазақстан футбол құрамасының 2026 жылғы әлем чемпионатының іріктеу кезеңінде Лихтенштейн мен Солтүстік Македонияға қарсы өткізген ойындарынан соң көпшілік әлеуметтік желіге «Дядя Ваня» туралы көп жазды. Лихтенштейнге қарсы ойында гол салған ұлттық құраманың үздік сұрмергені Бахтиер Зайнутдинов, дубль жасаған Ғалымжан Кенжебек – Тараз тумалары. Ал Солтүстік Македонияға қарсы ойында жалғыз гол салған Дінмұхамед Қараман да – Тараз футбол мектебінің түлегі. Бір қызығы, бұл үшеуі де – ел ішінде «Дядя Ваня» атанып кеткен Иван Ильницкийдің шәкірттері. Отыз жылға жуық уақытын баланы футболға баулу ісіне арнаған бапкердің сегіз шәкірті, атап айтсақ, Бауыржан Исламхан, Бахтиер Зайнутдинов, Мұхаммеджан Сейсен, Ғалымжан Кенжебек, Дәурен Жұмат, Арсен Әшірбек, Артур Шушеначев, Дінмұхамед Қараман ұлттық құрама сапында ойнайды. Осы орайда қазір ел аузында жүрген, көпшілік көп мәлімет білгісі келетін «Дядя Ваняны» оқырман қауымға кеңінен таныстыру үшін бапкердің өзіне хабарласып, әңгімелескен едік.
– Қазір әлеуметтік желіде «Дядя Ваня деген кім?», «Ұлттық құраманың тең жартысын тәрбиелеген «Дядя Ваня» деген жазба жетерлік. Интернетте сізді «іздеп» жатқанын шәкірттеріңіз жеткізген шығар?
– Иә. Маған Исламхан, Сейсендер бірнеше жазбаның скринін жіберді. Достарым да жіберіп жатыр. Алайда мен байыбына барып оқымаппын. Шәкірттерімнен өзгелерге менің бапкерлік жолым қызық деп ойламаппын.
– Қызық болғанда қандай! Алдымен өзіңізді таныстыра отырсаңыз.
– Мен Украинаның Полтава қаласында дүниеге келдім. Ата-анаммен бірге 2 жасымда Жамбыл облысы Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылына қоныс аудардық. Онда өсіп-өніп, әскери борышымды өтеп келген соң, Челябі пединститутында бес жыл оқыдым. Студент кезде «Артек» халықаралық лагерінде тәлімгер, дене шынықтыру мұғалімі болып жұмыс істедім. Дәл осы лагерьде көп нәрсеге қанықтым. Әсіресе, шетел мамандарының балалармен тиімді жұмыс істейтінін көріп, көп керек дүниені көңіліме тоқыдым. Ондағылар мені жұмысқа алып қалғысы келді, бірақ елге қайтуды қаладым. Десе де, оқуымды үш жыл өтеу үшін ондағы ядролық орталықтың кәсіподағына қарасты сауықтыру мекемелерінде жұмыс істеуім керек болды. Онда оңалту, дене шынықтыру шараларын ұйымдастырумен айналыстым. Сосын елге оралдым. Басында өзіміздің ауданда бірнеше жерде, сосын фосфор зауытында еңбек еттім. Кейін спорт жөнінде әдіскер болып жұмыс істедім. Футболды бала кезімнен жақсы көремін. Ол уақытта жол көрсететін бапкер болмады. Бала болсам да, «Дене шынықтыру және спорт» атты журналдан әдістемесін оқып, ауылдағы балаларға үйрететінмін. 8-сыныпта ауылда футбол алаңын өзіміз соғып, өз бетімізше жаттыға бастадық. Сол кезде қойылған қақпа 30 жыл өтсе де әлі тұр. Сол алаңға балаларды жинап, жаттығатынмын. Ресейден ауылға оралған соң сол істі қайта қолға алдым. Күн сайын жұмыстан келе сала балаларды шынықтырамын. Хоббиім осы болды. Кейін жарыс ұйымдастырып, балаларды жарысқа апарып жүргенде мені Тараздағы спорт мектебіне жұмысқа шақырды. Негізі, мен ауылымнан кетпей, сонда жаттықтырып жүре беретін едім. Алайда сол кезде ауылда 1989 жылы туған 9 бала ғана болды. Команда жинақтау үшін көрші аудандардан балалар іздедім, тіпті тегін жұмыс істедім. Алайда жиналмай қойды. Ол кездегі командамда бүгінде «Атырау» сапында ойнайтын, кезінде ұлттық құрамада болған Олжас Керімжанов болды. Таразға жұмысқа ауысқан соң, бірден мектептерді аралап, балалар жинай бастадым. Оларды бір мектептің қасындағы алаңқайда жаттықтыруға келістім. Жарты ставкада жұмыс істегендіктен, 64 бала жинауым керек болды. Сол кезде бапкерлердің «жинай алмайсың» дегені есімде. Ақырында, 100 бала жиналды, түстен кейін тағы 20 бала келді. 120 баланы жіберіп алмас үшін таңнан кешке дейін бәрімен жұмыс істеуге бел будым. Алдымен 30 резеңке доп сатып алдым. Сапалы доп қымбат, ата-аналарда жағдай жоқ. Әрбірінің техникасын қою үшін резеңке доппен жаттықтырдым. Кейін әр жалақымнан бір-бір сапалы доптан сатып алып отырдым.
Тағы бір айта кетерлігі, ол кезде қазіргідей емес, мені ешкім танымайды. Жетекшілігімде кілең қарапайым жұмысшылардың, базарда жұмыс істейтіндердің балалары жаттықты. Әлі есімде, басқа команданың балалары жарысқа көліктермен барады. Ал мен балалармен бірге автобуспен баратынмын. Айтпақшы, мен USAID-тің Спорт пен салауатты өмірді Орталық Азияда насихаттау бағдарламасында 3 жылдай жұмыс істедім. Таразда «Артектегі» тәжірибеме сүйеніп, бірнеше іс-шара өткізгенмін. Мұнымды байқаған шетелдіктер мені Оңтүстік, Жамбыл облыстарына жауапты координатор қылды. Сол бағдарламаның көмегімен өзім жаттықтыратын әрі басқа командада жаттығатын балаларды киіндірдік. Әрі шетелге де бардық. Тіпті, сонау Америкаға жолымыз түсті. Онда ауылда тұратын, тұрмысы төмен отбасынан шыққан, балалар үйінің балаларын командаға қосып, ертіп апардым.
– Бауыржан Исламхан бір сұхбатында «Дядя Ваня бізді даладан тауып алды. Сосын ата-анамызға барып: «Балаңды футболға жібер» деді. Оның ерекше қасиеті бар» дейді. Оны қостаған Мұхаммеджан Сейсен сізді өзін мектептен «тауып» алғанын айтып өтті. Ғалымжан Кенжебек те сіздің үнемі аула аралап, талант іздеп жүретініңізді бірнеше сұхбатында мақтанышпен жеткізді.
– Мен үнемі жаяу жүремін. Белгілі бір бағытым бар. Таразда балалардың қай жерде ойнайтынын білемін. Сол жерлерге жиі барамын. Ойнап жүргендердің арасынан ұнап қалғандар болса, бірден ата-анасымен танысып, келісемін. Көп ойыншыны осылай таптым. Қазір ойнап жүргендерден Бауыржан Исламханды 11-ықшамауданнан таптым. Бір күні сол маңнан өтіп бара жатсам, балалар доп қуалап жүр екен. Қарасам, араларында бір өжет бала допқа таласып жүр. Сол уақытта менде 1991 жылғылар жаттығып жүрген. Оларға «Ана баланы жаттығуға ертіп әкеліңдер» дедім. Сөйтіп, олар Исламханды ертіп келді. Кенжебекті де солай, 8-ықшамауданда ойнап жүрген жерінен таптым. Әдетте, мен аулаға келіп, «Балалар, келісіп алайық. Кім жақсы ойнайды, соларды осындай күні өтетін жарысқа ертіп келіңдер. Сыйлықтар беремін» деп шақырамын. Сөйтіп, олар мен айтқан жерге келеді. Ғалымжанды тапқан кезімде небәрі 4 жаста болатын. Әкесі жаттығуға апаратын адам жоқ екенін айтса да, райынан қайтардым. Ақырында 5 жасқа толған соң жаттығуға келе бастады. Ол менің қол астымда үш жыл жаттықты. Сосын «Тараз» клубына өтті. Көпшілік оны «Қайраттың» түлегі деп айтады. Ол онда Тараз, Шымкенттен кейін 13 жасында барды. Ал Сейсенді №42 мектептен таптым. Оған бірнеше рет бардым. Ол басында келіспеді, кейін қатарымызға қосылды. Дәурен Жұматты №19 мектепте кездестірдім. Ал Қараманды 6 жасында әкесі ертіп келді. Шынымды айтсам, Таразда мен ғана шығармын балаларды осылай табаннан тозып іздейтін. Кейде қасыма қолы бос бапкерді ертіп аламын. Ұнаған баланың ата-анасымен сөйлескенде жағдайына қараймыз. Көпбалалы отбасы я тұрмысы төмен балалар болса, тегін жаттығуға жағдай жасаймыз.
– Зайнутдиновты да сіздің шәкірттеріңіздің қатарына қосады. Ол сізге кейін келді ме сонда?
– Мен – Бауыржан Исламхан, Мұхаммеджан Сейсен, Дәурен Жұмат, Арсен Әшірбек, Дінмұхамед Қарамандардың алғашқы бапкерімін. Зайнутдиновтың алғашқы бапкері – Рустам Акрамұлы. Бахтиер бірнеше клубта жаттықты. Оны басқа бапкерлер жарысқа жиі алып кететін. Сондықтан ол бүгінде жиі жарақат алады. Себебі оны түрлі жастағы турнирлерге көп қатыстырды. Шектен тыс жауапкершілік жүктейтін. Сосын менің тобыма келіп, Артур Шушеначев екеуі Қазақстан чемпионы болды. Мен көп бапкерге дайын командаларды «беретінмін». Бір, екі ойыншы емес, тұтас команданы баптап беретінмін. Айналам «Тұтас команданы неге бере саласың?» деп ұрысатын. 13-14 жасқа дейін командам көп болды. Алайда ары қарай тек бір командамен айналысу керек болды. Зайнутдиновтар үнемі өзінен үлкендерді жеңіп кететін. Мұны көрген футбол орталығы оларды өздеріне сұрайтын. Сөйтіп, әр жастан 7-8 баланы алып кететін. Сол кезде мені де футбол орталығына жұмысқа шақырды. Спортзал жоқ болса да, серіктесім Ермек екеуміз мектептерді аралап, «Сіздерден 3-4 баланы қосып аламыз. Осында жаттықтырайық» деп келісетінбіз. Сөйтіп, дүйсенбі, сәрсенбі, жұма күндері 4 мектепте кешкі уақытта жаттықтырамыз. Ал көктемде «Локомотив» алаңынан орын берді. Балаларды онда апаруға ата-аналардың қолы тимейді, кейбірі жібермейді. Сонда автобус жалдап, әр аялдамадан балаларды өзім жинап алатынмын. Жаттығу біткен соң апарып тастаймыз. Ал Ермек алыста тұратындарды өз көлігімен таситын.
– Ғалымжан Кенжебекті алғаш көргеніңізде 4 жаста болғанын айтасыз. 4 жасар баланың футболға икемі барын қайдан байқауға болады?
– Аулада ойнап жүрген балалармен түрлі ойын, конкурс өткіземін. Сол кезде анық байқалады. Ептілігі жақсылар бірден көзге түседі. Содан соң «Артекте» қалыптасқан «Мерген» ойынын ойнатамын. Осы ойыннан-ақ кімнің жақсы ойланатыны, тез шешім қабылдайтыны, жылдам қимылдайтыны көрінеді. Шәкірттерімнің арасында аулада мүлде доп теппеген, бірақ дене келбеті футболшыға келетіндері де бар. Оларға бірте-бірте бәрін үйретеміз. Бастапқыда бір-бірімізді дұрыс танымайтындықтан, жарыстарға барғанда таныстыру кешін ұйымдастырамын. Алдымен өзім туралы айтамын. Сосын олар өздері туралы қымсынбай айта жөнеледі. Бірер уақыттан соң тағы айтқызамын. Осылайша, бір-біріне және маған үйрету үшін олармен сағаттап сөйлесемін.
– Сіз туралы жазбаның астына сізді бұрыннан танитын тараздық жанкүйерлер «Суперзаманауи базасыз, академиясыз ұлттық құрамаға мықты футболшы әзірлейтін конвейер» деп жазыпты. Расында, жалпы саны 23 футболшы іріктеліп алынатын ұлттық құраманың 8 бірдей ойыншысы – сіздің шекпеніңізден шыққан шәкірттер. Олардың ойынын бақылап, марқаятын боларсыз?
– Кейбір мамандар «Мен мына баланы тәрбиеледім, анау мықтыны жаттықтырдым» деп айтып жатады ғой. Мен олай ешқашан айтпаймын. Мен тек «Ол баланы мен тауып алдым» деп айтамын. Бір бапкер «Тараздың бүкіл бапкеріне қарағанда сен бір өзің көп ойыншы таптың» деп айтады. Бар болғаны – балаларға көмектесуім керек болды. Балалар кішкентайынан футболды жақсы көретінін білесіз ғой. Мен тек сол балауса шақта жөн сілтегім келді. «Мен және доп» аталатын бастапқы кезеңде балаларды тек допты ұстауға үйреттім. Ол жаста олар доптан басқаны көрмейді. Соңына дейін допты өзі ұстағысы келеді. Ата-аналары «Неге пас бермейді?» деп менен сұрайды. Мен «Пас бермеу керек» деп айтамын. Пасты шаршаған соң бергіземін. Аулада доп ойнап көрмегендердің көбіне аяқтары шынықпаған. Қарсыласын алдап өте алмайды. Оларға дұрысы кедергі келтірмей, ақыл айту керек. Кейін бәрін өздері алып кетеді. Сондықтан бүгінде ел аузында жүрген шәкірттерімнің бәрі ол деңгейге өздері жетті дер едім. Әлбетте, құрамаға жиі шақырту алып, үлкен алаңдарда жақсы ойнайтыны көңілге майдай жағады. Ондай кезде олардың бала кездерін еске аламын. Жуырда олардың қатарына қосылатындар көп. Бүгінде «Ертіс» сапында ойнайтын 20 жастағы Әбинұр Нұрымбет секілді Премьер лигада, Бірінші лигада ойнап жүрген шәкірттерім жетерлік.
– Сізді Дядя Ваня деп шәкірттер айтушы ма еді, әлде әріптестеріңіз бе?
– Бапкерлер солай атап кетті. Ал шәкірттерім мені «ағай» деп атайды. Бір қызық айтайын, мен жаттығуларды қазақша жүргіземін. Бәрі түсінсін деп тек қазақша сөйлеймін. Шәкірттеріммен әлі күнге дейін қазақша сөйлесемін. Десе де мұның минусы да бар. Менен кейін басқа клубтарға барғанда орыстілді бапкерлермен сөйлесе алмай қиналады. Орысшалары нашар (күліп). Ал Бірлесу-Еңбек ауылында өскен соң, менің қазақшам жетік. Таразда тұрсам да, ауылдағылармен әлі байланыстамын. Іс-шараларынан қалмаймын. Жыл сайын Жеңіс күнінде Құдайы тамақ береміз. Футбол жарыстарын өткіземіз. Әрі шахмат, баскетбол, футбол ойнауға керек жарақтарын жіберіп отырамыз.
– Суреттен байқағанымдай, құрама сапындағы шәкірттеріңізбен де жиі кездесіп тұрады екенсіз.
– Иә, жыл сайын шәкірттерімнің басын қосып, футбол жарысын өткіземіз. Ең кіші топтағы балалар арасында «Менің алғашқы жарысым» деген атпен турнир жасаймыз. Сол балаларды марапаттауға Зайнутдинов, Исламхан, Сейсендерді шақырамын. Әрі олар шеберлік сыныбын өткізеді. Балалардың төбесі көкке жетіп, кезектесіп суретке түседі. Шәкірттерімнің аяқ алысын бақылап отырамын. Кейбіреулері «Ағай, мені ана клубқа шақырды», «Мен мына командаға ауысқалы жатырмын» деп жазады. Бар ақылымды айтамын. Олардың әр жетістігіне қуанып отырамын. Айтпақшы, 2018 жылы Болат есімді досым «Үш түрлі жастағы ұлттық құрамадағы капитандар – сенің шәкірттерің» деп хабарласады. Мен оны білмеппін. Сөйтсем, сол жылы 15 жасқа дейінгі ұлттық құрама капитаны – Кенжебек, 21 жасқа дейінгі құрамада Сейсен, ал ұлттық құрамада Исламхан капитан болып бекітілсе керек.
– Ер футболшылардан бөлек, бүгінде Түркияның «Bornova Hitabspor» клубында ойнайтын әрі Қазақстан әйелдер құрамасының белді мүшесі Карина Берікова да сіздің шәкіртіңіз екен. Ол да бір сұхбатында алаңда жалғыз өзі доп ойнап жүрген жерінен сіздің оны байқап, өз тобыңызға шақырғанын айтады.
– Иә, Карина – өте жақсы қыз. Ол менде үш жылдай жаттықты. Сенбессіз, бірақ ол ер балалармен бірге жаттықты. Каринаның ерекшелігі, ешкімнен ұялмайтын. Балалар оған қыз бала деп мән бермесе де, Карина олармен иық тірестіріп, тартысты ойнайтын. Шәкірттерімнің аузынан тастамай айтып жүргеніне ризамын. Бұл – менің қазақ футболына қосқан кішігірім үлесім.
– Көпшілік Ұлан Қонысбаевты да сіз жаттықтырдыңыз деп айтып жүр.
– Бәрінің осылай айтып жүргеніне таңмын. Ол менің тобымда мүлде жаттықпады. Оның алғашқы бапкері – Серік Өмірқұлов. Жуырда «Оқжетпесте» әрі жастар құрамасында ойнайтын Арсен Әшірбекті басқа бапкермен байланыстырып жүргенін естіп қалдым. Мен – Арсеннің алғашқы бапкерімін. Мен олардың отбасылық бапкерімін десе де болады. Оның екі бауыры менде жаттықты. Өте дарынды балалар. Әрі олар менің – туыстарым. Менің де руым – Байтана (күліп). Әшірбектен бөлек, Исламхан да – Байтана руынан. Байтана көп тұратын біздің ауылдан футболшы шығару менің арманым еді. Ауылымнан болмаса да, көрші ауылдан шықты. Сол үшін қуаныштымын!
– Бүгінде ұлттық құрамада басты қақпашыға айналған Мұхаммеджан Сейсеннің голкипер болатынын бірден сездіңіз бе?
– Ол басында шабуылшы позициясында ойнады. Өзі бойшаң, еңселі жігіт қой. Тек жүгіргенде қиналатын. Біздің топта негізгі қақпашы басқа бала болған. Анасы қайтыс болып, жаттығуға келмей қойды. Қақпаға кімді қоямыз деп бақылау жүргіздік. Әдетте, біз ойыншының анасына қараймыз. Сейсеннің анасы да өзі секілді бойшаң. Бірде оны қақпаға тұрғызып көрдік. Ол допты жақсы тосып алады. Мұны білген соң, әкесі келіп, ұлы қақпашы болса, басқа бапкерге жіберетінін айтты. «Қақпашы болса, негізгі құрамға шығар мүмкіндігі мол» десем де бой бермеді. Ақырында, оны бір тайм шабуылдаушы, бір тайм қақпашы қылып көрейік деп келістік. Бірте-бірте оған қақпашы болған ұнап, ақырында жасөспірімдер құрамасына шақырылды. Әкесі сол кезде хабарласып, алғысын айтты. Кейін жастар құрамасына шақырғанда да, тағы хабарласып, ризашылығын біддірді.
– Зейнет жасына шықсаңыз да, Hat-Trick жеке меншік клубына бас-көз болып жүрсіз. Клубыңызға балаларды әлі аула аралап жүріп шақырасыз ба әлде өздері келе ме?
– Қазір балалар аулада аз ойнайды. Десе де, арасынан атып шығатындар бар. Жуырда екі жақсы баланы тауып алдым. Мені Тараздың дене шынықтыру мұғалімдерінің бәрі таниды. Қазір олармен келісіп алғанмын. Олар демалыс сайын бірнеше баланы алып келеді. Оларды бір сағат түрлі конкурсқа қатыстырып, іріктеп аламын. Қазір біздің клубта 500 бала жаттығады. Қаладағы төрт жерді жалға алып, жаттықтырып отырмыз. Біздің спорт мектебі мен футбол орталығынан айырмамыз қандай? Олар біз секілді ел ішін аралап іздемейді. Екіншіден, біз ата-аналарға икемделеміз. Тұратын жерлерін ескереміз. Жұмыс уақытын да есепке аламыз. Қазір мен 69-дамын. 63 жасқа дейін футбол орталығында жұмыс істедім. Hat-Trick клубын 2018 жылы құрдық. Атауы қайдан шықты десеңіз, бір Кубоктық ойында Исламхан 3 гол соқты. Кейін Зайнутдинов тағы 3 гол салды. Осыдан соң клуб атауын солай атағанды жөн көрдік. Орталық пен клубтың арасында шапқылау қиынға соқты. Сөйтіп, осы жылдың жазында ол жақтан босадым. Қазір тек клубта жаттықтырамын. Бізде орын жеткіліксіз. Залдарды жалдау да қиындық тудырып тұр. Қазіргіден де көп баланы жаттықтырар едік. Қолдан келер шара болмай тұр.
– Қазір басты мақсатыңыз не?
– Басты мақсат – ұлттық құрамаға неғұрлым көп ойыншы баптап шығару. Осы ретте айта кетейін, егер адам жұмыс істемесе, дұшпаны аз болады. Ал егер көп жұмыс істесе, көре алмайтындар жетіп артылады. Мені жұрт көп жамандайды, демек мен жақсы жұмыс істеймін.
– Сізді не деп жамандайды?
– Таразда мықты клуб біздікі болған соң, бізге мұрша бермейді. Жарыстарда құжаттарды өтірік жасап, балаларымызды үлкен жастағылармен ойнатып қояды. Бұрын бапкерлермен күрескен едім, енді олардың шәкірттерімен күресіп келемін. Мен мұндаймен ешқашан айналыспағанмын. Айналыспаймын да. Исламханнан «Басқа бапкерлер біздің команданы неге жек көреді?» деп сұраңызшы. Ол бәрін айтып береді. Сосын төрешілермен келісу, ақша беру секілді ұят тірліктер тағы бар. Мен мұндай тірлікке еш келіспегенмін, келіспеймін де. Қайыра айтқанда, біздегі футболда былық көп. Балалар футболында мәселе көп.
– Бәрі жақсы болсын! Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ