Қазақстандық үш балуан жағажайдағы Азиаданың плей-офф кезеңіне өтті

/
Қазақстандық үш балуан жағажайдағы Азиаданың плей-офф кезеңіне өтті
olympic.kz/Никита Басов

Қытайдың Санья қаласында өтіп жатқан 2026 жылғы жағажайдағы Азия ойындарында жағажай күресінен топтық кезең аяқталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қазақстан құрамасы барлық салмақ дәрежесінде сынға түсті. Алайда спортшылардың барлығы бірдей ширек финалға өте алған жоқ.

70 келіге дейінгі салмақта Жасұлан Бексұлтанов жарысты ерте аяқтады. Екі жеңіске дейін жалғасқан белдесуде ол пәкістандық Мухаммад Абдулладан жеңіліп қалды.

Әйелдер арасында топтық кезеңнен кейін спортшылар бірден жартылай финалға жолдама алса, ерлер арасында балуандар ширек финалға өтті.

Іріктеу қорытындысы бойынша Қазақстан құрамасынан үш спортшы плей-офф кезеңіне шықты.

70 келіге дейінгі салмақта Бейбіт Сейдуәлі А тобындағы үш белдесудің екеуінде жеңіске жетіп, келесі кезеңге өтті. Енді ол жартылай финалда қытайлық Цзя Лунмен кездеседі.

70 келіден жоғары салмақта Алина Ертөстік те А тобында екі белдесуде басым түсті. Финалға жолдама алу үшін ол моңғолиялық Болортунгалаг Зоригтпен күреседі.

80 келіге дейінгі салмақта Ермахан Көшкінбаев жағажайдағы Азия ойындарының ширек финалына жолдама алды. Ол В тобындағы үш белдесудің бәрінде жеңіске жетті. Енді ширек финалда вьетнамдық Хао Ван Нгуенге қарсы белдеседі.

Ал Лаура Ғаниқызы (50 келіге дейін), Диана Каюмова (60 келіге дейін), Бауыржан Мусин (90 келіге дейін) және Омар Эюбов (90 келіден жоғары) топтық кезеңнен аса алмады.

Ғаниқызы үш белдесудің екеуінде жеңіліп қалды. Каюмова екі кездесуде жеңіске жеткенімен, бұл нәтиже жартылай финалға шығуға жеткіліксіз болды. Ал Мусин мен Эюбов бір ғана белдесуде жеңіске жетті.

Плей-офф кезеңі бүгін, 28 сәуір күні өтеді. Белдесулер Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары