Сыр өңірі – тұтас жұрттың анасы. Сырдарияның суымен нәрленіп, сан ғасыр бойы қарға тамырлы елдің тарыққанда паналар мекені болған, бауырынан талай жақсылар мен жайсаңдарды, батыр-бағлан, сүлейлері мен сөз зергерлерін түлетіп, ұлт руханиятының құтханасына айналған берекелі байтақ. Арал теңізі – ұлттың жаны һәм жады. Арал десе, кемерінен асқан көкала толқын, балық пен құс, жағасы жайқалған ну, өрісі толы аң көз алдыңа елестейді. «Ақтабан шұбырындыда...» босқан халық Сырға барып табан тіреп, сол өлкеде ес жиып, жауынан есе қайтармап па еді. Арал теңізі ғасырлар бойы Алаштың алтын тәжіндей асқақ толқып, адуын күй кешіп жатпап па еді... Сол қасиетті өңірге барудың сәті түсті.
Шетелге 7 000 тонна балық өнімін экспорттайтын зауыт
10 қазан – балықшылар мерекесі. Өйткені бұл күн – қазақ топырағында ресми түрде балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толған күн. Шындығында, қазақ балықшыларының бұл кәсіппен айналысқанына талай ғасырдың жүзі болған. Арал балықшыларының айтуынша, археологтар осы өңірден 7 мың жыл бұрын қолданылған болуы мүмкін балық аулауға қажетті құрал-саймандарды тапқан. Бұл біздің далада балық аулау ісінің ертеден басталғанын білдіреді.
ҚР АШМ Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы С.Сермағамбетов, Халықаралық Аралды құтқару қорының Халықаралық ынтымақтастық бөлімінің басшысы Қ.Құлмағамбетов, Зайсан-Ертіс облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясының басшысы Т.Рахымжанов пен Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекцияларының басшысы Н.Гайсин, облыстық басқарма, департамент басшылары, Астана, Алматы қаласынан арнайы келген қонақтар, зиялы қауым өкілдері, балық шаруашылығының ардагерлері мен сала майталмандары Арал ауданына арнайы барып, мерекелік шараларға қатысты.
Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың айтуынша, облыста 11 балық зауыты бар болса, соның ішінде 23 900 тоннаны құрайтын 9 балық өңдеу зауыты Арал ауданында жұмыс істейді. Жыл басынан бері аудандағы балық зауыттары 2 500 тоннаға жуық балық және балық өнімдерін 12 елге экспорттаған.
Қонақтар ең алдымен «Арал» СДО балық өңдеу зауытының жұмысымен танысты. Бұл Аралда балық өңдеу үшін құрылған алғашқы зауыттардың бірі. Балық шаруашылығының дамуына еселі еңбек еткен талай ардагер еңбек еткен. Кәсіпорын жылына 7 000 тоннаға жуық балық өңдейді. Кәсіпорында 50-ге тарта жұмысшы қызмет етеді. Балық аулау, сақтау, өңдеу, сату жұмыстарымен айналысады. Ресейге тұздалған әрі кептірілген майда шабақ жіберсе, Польшаға филе дайындап, экспортқа шығарып отыр. Мұнан бөлек Нидерланды, Германия, Грузия және Қытай сынды алыс-жақын шет мемлекеттерге өнім жөнелтіп отырған кәсіпорын тәулігіне 16 тонна балықты мұздатуға, 4,8 тонна филе және стейк, 1,6 тонна балық фаршын шығаруға қауқарлы.
Аталған өндіріс ошағының негізін қалаушы, аудандық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Әділбек Ізбасарұлының мәліметіне қарағанда, зауыт бұрынғы «Аралрыбпромның» ізімен 2008 жылы құрылған. 2010 жылы алғашқы өнімі шығып, осы уақытқа дейін өнім көлемін бірнеше есеге арттырған. Теңіздегі 5 участок, қосымша көлдерден балық ауланып, дайындалған өнімді тұрақты түрде шетелдерге шығарып отыр. 2012 жылдан бері «Еурокод» белгісін алып, көрші мемлекеттерге жіберуде. Бұл кәсіпорынның аралдық бренд қалыптастыруда орны ерекше деп айтуға толық негіз бар.
«Арал» СДО балық өңдеу зауыты кейінгі уақытта қалдықсыз өнім шығаруды қолға алған. Тазаланған балықтың қабыршағы мен ішкі ағзалары далада қалмайды. Мұздатқышта қатырылып, Шымкенттегі жем дайындайтын арнайы кәсіпорынға жіберіледі. Балық сүйегінен дайындалған жем мал шаруашылығына өте қажет.
Балықшылар конференциясы
Теңізді өлке десе, ең алдымен балық еске оралады. Арал ауданы елімізде балық өндірісі дамыған бірден бір аудан. Аралда белгілі қоғам қайраткері Төлеген Медетбаевтың ескерткіші бар. Осыдан бір ғасыр бұрын, нақтырақ айтсақ, 1921 жылы Арал совдепінің төрағалығына сайланған Т.Медетбаев пролетариат көсемі В.Лениннің Балтық жағалауындағы аштықтан бұралған халықты құтқаруға ел болып көмектесуін сұраған үндеу хатына 14 вагон балық жіберіп, тұрмысы тұралаған елді аштықтан аман сақтап қалған. Бұл балық өндірісі құрылардан 2 жыл бұрынғы жағдай. Демек, Арал тұрғындары сол кездің өзінде балық аулауды ата кәсіп етіп, тіршілігін ықтияттап отырған.
Мереке аясында аудандық Мәдениет үйінде «Балық шаруашылығы өндірісінің 100 жылдығына» арналған республикалық ғылыми-танымдық конференция өтті.
Аталған жиынға аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев төрағалық етіп, балық өндірісінің аудан халқы үшін ғана емес, тұтас мемлекет үшін қандай маңызды екеніне тоқталды.
Аудан әкімі конференция барысында ауданда өтіп жатқан мерейтой қарсаңында аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың құттықтау хатын көпшілікке оқып беріп, өңір балықшыларына арнайы лебізін жеткізді.
Талай жыл тірнектеп қызмет еткен жандардың ақ-адал маңдай тері елеусіз қалып жатқан жоқ. «Су келсе, тіршілік келеді» деген. Кейінгі жылдары «Қамбаш», «Ақшатау» көлдер жүйесі тіршілік нәріне толып келеді. Кіші Аралдың қайта кенеріне келе бастауы, елдің несібесін арттырып, берекесін кіргізе түсті. «Балық шаруашылығын дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар» туралы жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитетінің төрағасы Серік Сағитжанұлы арнайы сөз сөйледі. Қазір Балық шаруашылығы комитеті балықшыларға қолайлы заң қабылдауды қолға алып жатыр. Комитет төрағасының айтуынша, балық шаруашылығының ел экономикасына қосар үлесі зор. Бұдан кейін балық шаруашылығы саласының ардагері, мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ ССР Балық шаруашылығы министрі қызметін атқарған Құдайберген Саржанұлы «Өңіріміздегі балық шаруашылығын дамытудың оңтайлы жолдары» туралы өз ойын ортаға салды. Ардагердің пікірінше, балық өсіру үшін су керек. Суды сақтау, қорғау, барын бағалау – бүгінгі ұрпақтың міндеті. Қызылорда облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Ғалымжан Бақтығалиұлы облыстағы балық өсіру ісінің өткені мен бүгіні туралы сөз алса, халықаралық ұйымдармен Арал мәселесі бойынша кешенді шаралар қабылдауда жан-жақты жүргізіліп жатқан жұмыстар жөнінде Халықаралық Аралды құтқару қоры атқарушы комитетінің халықаралық қатынастар бөлімінің басшысы Қайрат Амангелдіұлы өз пікірін айтты.
Конференцияға қатысушылар балық шаруашылығы саласын дамыту, өзекті мәселелерді шешу және өзге де маңызды жұмыстар бойынша жан-жақты пікір алмасты.
Жиын соңында Арал балық шаруашылығы өндірісінің құрылғанына 100 жыл толуына орай балық шаруашылығы саласына елеулі үлес қосқан ардагерлер облыстық және мемлекеттік медальдармен наградталды.
Арал – Каспийдің егізі
Теңізден маржан сүзген балықшылар үшін бұл күннің орны ерекше. Бұл – өткенді еске алып, рухани серпілетін сәт. Бүгінгі мерейлі тойға жиналған қонақтар теңіз ерлерінің құрметіне ашылған «Балықшылар» аллеясында және елімізде теңдесі жоқ «Балықшылар» мұражайында болып, тарихтан сыр шертер құнды жәдігерлермен танысты. Аллея аумағында қонақтар ағаш отырғызды. «Қарашалаң» балық өңдеу зауытының ашылуына қатысып, су жаңа 11-зауытты іске қосты. Бұл зауытта жылына 6 мың тонна балық өңдейді. Заманауи технологиялармен жабдықталған зауыт өнімдері шетелге экспортталады. Жаңа зауыт 70-тен астам адамды жұмыспен қамтиды.
«Балықшылар» мұражайы – Арал теңізі тарихының хронологиясымен танысудың, оның құпиясы мен ерекшелігін білудің, даңқты ардагерлерін еске алудың, шағаласы шарқ ұрып, балығы тайдай тулаған кезеңге көз жүгіртудің таптырмас орны.
Зерттеушілердің айтуынша, әлемдегі теңіздердің бәрі сағат тілімен айнала ағатын болса, тек Арал ғана оған қарсы ағыспен жүреді екен. Арал теңізі – Қазақстанның інжу-маржаны, шөл белдеуіндегі бірден-бір көгілдір су айдыны саналған. ХХ ғасырдың 60 жылдарына дейін әлемдегі ең үлкен төрт теңіздің бірі болса, қазір суы ондаған есе азайған.
Оның апатқа ұшырағанға дейінгі көлемі – 1 066 км³, тереңдігі – 30-60 метр, тұздылығы – 10-12% болған. Сол кездерде жылына 50-150 мың балық ауланса, теңіз жағасынан едәуір мөлшерде бұлғын терісі игерілген. Теңіз өңіріндегі елді мекендерде 17 балық колхозы, 10 балық өңдейтін зауыт және 2 балық комбинаты тұрақты жұмыс істеген.
Арал ертеден бастап көптеген ғалым мен саяхатшының жазбаларына түскен. Тіпті, бұл теңізді «жұмбағы көп су» деп атағандары да бар. Әр жазбада аты әртүрлі аталғанымен, бір дерекке баса мән беруге болады. Ол көл көлемінің үлкендігі. Х ғасырда өмір сүрген араб географы Әл-Истахри Арал теңізін «Хорезм көлі» деп атаған екен. Ол өз жазбасында: «Бұл көлдің айналасы 100 фарсах. Суы тұзды, көлге Жейхун, Илаш Сырдария және басқа өзендер құяды», – дейді. Егер 1 фарсахтың 6 шақырым екенін есепке алсаңыз, көлдің көлемін болжау қиын емес. Ал тағы бір парсы зерттеушісі оның көлемі 300 фарсахтан асады деп суреттеген. Көріп отырғанымыздай, ежелден-ақ Аралдың айдыны саяхатшылар мен географтардың назарын аударған.
Зертетушілер ежелде Каспий мен Арал қосылып жатқан дейді. «Каспий мен Арал – егіз» дейтін де ұғым бар. Өйткені, өңірден киттің, ірі ұлудың, қызыл балықтың сүйектері табылған.
«Біз қазір теңізде жүзіп барамыз»
Мерекелік іс-шара аяқталған соң біз Аралдың тәжі сынды бақуатты ауылға – Қаратереңге аттандық. Арал – жер көлемі бойынша еліміздегі ең үлкен аудан. Мұнда 80 мыңның үстінде халық тұрады. Халық негізінен балық, егін және мал шаруашылығымен күн көреді.
Қаратерең ауылының әкімі Берікбол Маханов пен «Барсакелмес мемлекеттік табиғи қорығы» республикалық мемлекеттік мекемесінің күзет бөлімінің инспекторы Сабыржан Төрениязов жол бастап, ақын Асантемір Қаршығаұлы екеуміз ауылды аралап, ары қарай жолға шықтық. 11-қазанның жаймашуақ күнінде қай бағытты таңдаймыз деген сұрақ тұрды. Біз аты аңызға айналған Барсакелмес пен кіші Аралдың айдынын көрудің біреуін таңдауымыз керек. Өйткені Барсакелмеске барып-қайту үшін тұп-тура бір күн кетеді. Жол алыс әрі нашар. Аты айтып тұрғандай, Барсакелмеске барып-қайтудың машақаты да жетерлік. Ал балықты өлкеге барып тұрып, Кіші Аралдың айдынын көрмей қайту да қолайымызға жақпады. Барсакелмеске келер жолы барармыз деп уағдаласып, кіші Аралға, «кеме қалған» ауылдарға баруды ұйғардық. Қайраңда қалған кемені көру үшін Ақбасты ауылына бару керек екен. Қаратерең мен Ақбастының арасы 100 шақырымнан асады.
Брасакелмес қорығы 1939 жылы құрылған. Арал теңізі тартылған соң шөлді қорықтың аумағы кеңейген. 2016 жылы ЮНЕСКО-ның биосфералық резерваттар тізіміне, 2023 жылы осы ұйымның Дүниежүзілік табиғи және мәдени мұралар тізіміне енген. Қорықта керқұлан, қарақұйрық, шағыл мысығы секілді жануарлар, құстың 250-ге жуық түрі, сирек кездесетін жәндіктер мен өсімдіктер мекен етеді. 942 құлан, 361 бас қарақұйрық бар. Екеуі де қызыл кітапқа енген. Сабыржан Қуанышұлының айтуынша, Барсакелместің құланы өте тарпаң. 2019 жылы Германиядан арнайы ғалымдар келіп, осы жердің құландарын Торғай қорығына жерсіңдіру үшін әкетпек болған. Алты ай бойы арнайы қоршау аумағына кіргізу үшін жанталасқан. Шетелдік ғалымдардың пайымынша, әдеттегі құландар 1 метрден артық қоршаудан секіріп өте алмайды. Ал Барсакелмес құландары 2 метрлік қоршаудан орнында тұрып қарғып кеткен. Өздерін қыспаққа алған машиналардың айнасын шайнап, адамдарға да сес көрсеткен. Ақыры, жаз бойы алысып жүріп, екі құланды ғана ұстай алыпты.
«Мұндай тарпаңдыққа барлығы таңғалды. Мына Барсакелместің қайсар табиғатымен әбден тағыланып кеткенін олар қайдан білсін», – дейді қорық қызмет-
кері.
Көкарал – мемлекет Аралды сақтап қалу үшін жасалған арнайы бөгет. Ұзақ жылдан бері бұл жұмысты ел және халықаралық қорлар арқылы ықтиятты атқарып келеді. Бөгеттің жағалауын тағы екі метрге биіктету жұмысы да атқарылу үстінде екен. Өйткені Арал суы қазір осы бөгет арқылы сақталып тұр. Егер бөгет бұзылса, су Үлкен Аралға қарай ағады. Ол су шөлге сіңіп жоқ болады деген сөз. Жол-жөнекей Көкаралдың бойына тоқтап, оның маңызы мен мәніне қанықтық. Берікбол Кешубайұлы бөгетті биіктетудің ел үшін қаншалықты маңызды екенін тәптіштеп түсіндірді. Қазіргі Арал көлі арқылы тұтас аудан халқы күнін көріп отыр. Кіші Арал суы бірде көбейіп, бірде ортайып тұрады.
«Егер мына судан айырылсақ, онда осындағы халықтың әлеуметтік жағдайы күрт нашарлайды. Жұмыссыздық көбейеді. Халық суға үйренген. Олар көлсіз, көл оларсыз өмір сүре алмайды. Су көбейсе, қуанамыз. Су ортайған жылы уайым меңдейді», – дейді жас әкім.
Одан ары Ақбасты ауылына жолға шықтық. Жол бойы құмдауыт даланы ендей өтіп келеміз. Жолбастаушылардан әлсін-әлі: «Бұрын мына жерде теңіз болған ба?», – деп сұрай береміз. Олар судың қай жерден басталып, қай қыратқа дейін жеткенін тәптіштеп түсіндіріп келеді. Бір кезде Берікбол Кешубайұлы: «Біз қазір теңіздің астында жүзіп келеміз...», – деді. Мен аңтарылып қалыппын. Қарапайым адамның образды сөйлегеніне тәнті болып, жүрегім шымыр ете түсті. Теңіз қазіргі айлағынан неше есе қысқарғанын «Балықшылар» мұражайында тәптіштеп түсіндірген еді. Арнайы видеороликтен де көргенбіз. Шынымен де жүрек ауыртар қасірет.
«Теңіздің астымен...» келе жатқанда, алдымыздан қара кеме шықты. Көз көрер маңда су жоқ, қайық тұр. Қайықтың маңында «шөл даланың қайықтары» түйелер жүр...
Ақбасты ауылына жеттік. Ауыл ортасында Арал қасіретінің ескерткіші болып, бір кеме тұр... Бұл ауыл төртқара мен жақайымдардың ежелгі мекені екен. Сол күні төртқаралар бабаларына арнап ас беріп жатыпты. Асантемір ақын аста сол сәтте жазылған өлеңін оқыды.
Қазақтың хас классигі Әбдіжәміл Нұрпейісов арқылы бұл маңды жақсы білеміз. «Қан мен тер», «Соңғы парыз» секілді өлмес туындыларды оқығандар осы табиғатты айқын сезінеді. Сол романдағы жер аттары айналаның бәрі. Тек теңіз алыстап кеткен...
Қайтар жолда Арал айдынына шығып, кешкі шапақпен бірге теңіздің толқындарына ұзақ қарап тұрдық.