Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қонақжайлық танытып, саммитті жоғары деңгейде ұйымдастырған Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмонға алғыс айтты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сонымен қатар Орталық Азия және Ресей арасында шынайы достық пен ынтымақтастықты, стратегиялық серіктестікті нығайтуға үлкен үлес қосқаны үшін Ресей Президенті Владимир Путинге ризашылығын білдірді.
– Орталық Азия – қарқынды дамып келе жатқан әлеуеті мол аймақ. Оның жаһандық үдерістердегі қазіргі және келешектегі рөлі зор. Мұны әлем мемлекеттері мойындап отыр. Бүгінгідей келіссөздерге қызығушылықтың артуы осының дәлелі. Тарихи, саяси, экономикалық, гуманитарлық факторлар тұрғысынан алғанда, Қазақстан үшін Ресейдің орны айрықша. Бір ғана деректі айталық: елдеріміздің арасын әлемдегі ең ұзын шекара бөліп жатыр, яғни 7591 шақырым. Бұрын-соңды болмаған геосаяси дүрбелеңге, әлем экономикасының тұрақсыздығына қарамастан, Ресей Қазақстанның стратегиялық серіктесі әрі одақтасы саналады. Алдағы уақытта да осылай болып қала береді. Орталық Азия өңіріндегі ахуал кейінгі жылдары саяси ынтымақтастық, экономикалық ықпалдастық, мәдени және рухани бірлікке қарай бет алғаны қуантады. Бұл оң үрдіс енді кері сипат алмайды және аймағымыздың Ресей мемлекетінің перспективті әрі беделді серіктесі ретіндегі салмағын үстей түседі, – деді Қазақстан Президенті.
Мемлекет басшысы үш жыл бұрын Астанада өткен алғашқы «Орталық Азия – Ресей» саммиті көпжақты форматтағы ықпалдастықтың жемісті бастауы болғанын атап өтті.
– Бүгінгі кездесу Ресеймен арадағы ұзақ мерзімді әрі көпжақты байланыстарға тың серпін беруді көздейді. Көпжоспарлы ынтымақтастық анағұрлым табысты дамуы үшін Орталық Азияның тұрақтылығын нығайту маңызды. Менің ойымша, мұндай серіктестіктің негізгі міндеті – осы, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Қасым-Жомарт Тоқаев былтыр Қазақстан мен Ресей арасындағы сауда көлемі 28 миллиард долларға жеткенін айтты.
Президент аймақ пен Ресей арасындағы екіжақты және көпжақты ықпалдастықтың бірқатар өзекті бағытына қатысты ойымен бөлісті. Бірінші басымдық ретінде сауда және индустриалды қарым-қатынасты дамытуға тоқталды.
– Алғашқы саммитте экономикалық ынтымақтастықтың жаңа үлгісін қалыптастыру бағытында жұмыс істеуге келіскен едік. Бүгін қабылданатын Бірлескен іс-қимыл жоспары 50-ден аса шараны қамтиды. Бұл – өте құнды құжат. Сол себепті оны уақтылы іске асыруға барынша күш жұмылдыру қажет. Орталық Азия елдерінің Ресеймен сауда көлемі барлық тауар айналымының үштен бірін құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл көрсеткіш 20 пайыз өсіп, 50 миллиард доллардан асты. Аталған көлемнің жартысынан көбі Қазақстан мен Ресей арасындағы саудаға тиесілі. Былтыр оның көлемі 28 миллиард долларға жетті. Ресей Қазақстан экономикасына қаржы құйған ірі инвесторлардың қатарына енді. Инвестиция көлемі 26 миллиард доллардан асты. Былтырдың өзінде Ресейден тікелей келетін инвестиция ағыны 33 пайыз ұлғайып, 4 миллиардтан аса долларға көбейген. Оған өнеркәсіп кооперациясын жедел дамыту мүмкіндік берді. Жалпы құны 21 миллиард долларды құрайтын 114 инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Қазіргі уақытта 33 жоба бойынша жұмыс жүріп жатыр. Оның инвестиция көлемі 4,5 миллиардтан астам долларды құрайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тараптар сауда кедергілерін жоюды, өзара сауданы жандандыруды және тауар айналымы номенклатурасын кеңейтуді қолдайды.
– Шекаралық сауда аймағын құру, тұрақты түрде шекаралық аймақтық форумдар, бизнес-форумдар, көрмелер мен жәрмеңкелер өткізу, электрондық сауда алаңын дамыту бұл міндеттерді шешуге ықпал етеді. Қазіргі уақытта Орталық Азияда бірлескен сауда-өнеркәсіп аймақтары мен индустриалдық хабтар қалыптаса бастады. Бұл алаңдарда өндіріс локализациясына, қосылған құнның барлық тізбегі бойынша кооперацияға және тұрақты тасымалды қамтамасыз етуге жағдай жасалады. Ресейлік бизнестің аталған жобаларға қатысуы Ресей тауарларының біздің, соның ішінде Қазақстан нарығында ұзақ уақыт бойы айналымда болуына ықпал етеді, – деді Президент.
Президент Қазақстан мен Ресей арасында астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынды. Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығындағы бірлескен жұмыстардың мүмкіндігі көп екенін мәлімдеді.
– Қазірдің өзінде оң нәтиже бар. Бірақ инновацияларды бірлесіп енгізуге екпін бере отырып, мол табысқа жетуге болады. Бұл арада агротехнологиялық стартаптар құру, жер игерудің дәл технологиясын кеңінен қолдану, заманауи агрологистикалық алаңдарды дамыту, құзыреттер орталығын жасанды интеллектіні пайдалана отырып қалыптастыру жөнінде сөз болып отыр. Ресей әлемдегі ірі астық өндіруші және тасымалдаушы елдердің қатарына кіреді. Бұл бағытта Қазақстан да дүние жүзіндегі көшбасшылардың бірі. Осы саладағы зор әлеуетімізді ескере отырып, астықты терең өңдеудің бірлескен кластерін құру жобасын қарастыруды ұсынамыз. Бұл тек бидай мен ұн ғана емес, қосылған құны жоғары өнімдер шығаруға мүмкіндік береді. Біз сыртқы нарықта бір-бірімізбен бәсекеге түспей, агроөнеркәсіп кешенін жоғары технологиялық салаға айналдырудың стратегиялық пайымын негізге алуға тиіспіз. Жалпы, Орталық Азия елдері әлеуетінің синергиясы мен Ресейдің экономикалық мүмкіндіктері көпжоспарлы серіктестігіміздің мазмұнын байыта түседі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент көлік-логистика секторын нығайтуды тағы бір маңызды бағыт ретінде атады.
– Еліміз үшін Ресеймен стратегиялық ықпалдастықтың маңызы зор. Географиялық тұрғыдан оңтайлы орналасқан Қазақстан еуразиялық көлік-логистика желісінің өзегі ретінде Шығыс пен Батысты, Солтүстік пен Оңтүстікті тұрақты байланыстыра алады. Ресей – өңір мемлекеттерінің әлем нарығына шығатын негізгі қақпасы. Сондықтан Ресеймен көлік-логистика саласындағы ынтымақтастықтың стратегиялық сипаты айрықша маңызды. Қазақстан аумағы арқылы 11 халықаралық көлік дәлізі өтеді, яғни бес темір жол және алты автокөлік жолы. Оған Азия мен Еуропа арасында құрлық арқылы тасымалданатын жүктің 85 пайызы тиесілі. Соңғы 15 жылда саланы кешенді жаңғыртуға 35 миллиард доллардан аса қаржы жұмсалды. Нәтижесінде жүк тасымалының көлемі тұрақты түрде өсіп келеді. Ресейден Орталық Азияға Қазақстан арқылы темір жолмен тасымалданған жүк көлемі соңғы үш жылда 26 пайыз артып, 30 миллион тоннадан асты. Бұл ретте кері бағыттағы транзит шамамен 50 пайыз ұлғайды. Сонымен қатар Ресейден Қытайға еліміз арқылы тасымалданатын жүк көлемі 3 есе артып, 5 миллион тоннаға жетті, – деді Мемлекет басшысы.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосудың маңызын атап өтті.
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Үкіметінің алдында Ресейдің және Орталық Азия елдерінің Үкіметтерімен бірге өңірдің, жалпы еуразиялық кеңістіктің заманауи, қауіпсіз, орнықты көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамыту мақсатында белсенді жұмысты жалғастыру міндеті тұрғанына назар аударды. 2030 жылға дейін 5 мың шақырымнан аса жаңа темір жол төсеп, 11 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған.
–«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің өткізу мүмкіндігін арттыру үшін нақты қадам жасалуда. 2030 жылға қарай Қызылорда қаласынан Ресей шекарасына дейінгі учаске төрт жолақты қозғалысқа ауыстырылады. Ресейлік және түрікмен серіктестерімізбен бірлесіп «Солтүстік – Оңтүстік» халықаралық көлік дәлізінің шығыс тармағын дамытамыз. Бүгінде бұл бағытта тасымал көлемі айтарлықтай ұлғайғанын көріп отырмыз. 2027 жылға қарай аталған көлік жолының өткізу мүмкіндігін еселеу жоспары тұр. Былтырғы қорытынды бойынша ондағы жүк тасымалы 2,5 миллионға жуық тоннаны құраған. «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізінің шығыс тармағын инвестициямен және инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша бірлескен бағдарламаны іске қосу бағдардың әлеуетін толық ашуға әрі қажетті қаржыны тартуға септігін тигізер еді. Бұл бастамаға халықаралық қаржы институттарын, даму банктері мен инвестициялық қорларды тарта аламыз. Нақты айтқанда, Қазақстан мен Ресей ведомстволары осы мәселені менің 12 қараша күні Мәскеуге жасайтын сапарымның алдында талқылауына болады. Оңтүстік Азия нарығына Ауғанстан арқылы өтетін көлік дәлізін дамыту жобасының да перспективасы зор. Бірлесе күш жұмылдырып, аталған мәселелерді жедел шешу үшін «Солтүстік – Оңтүстік» дәлізі аясындағы еуразиялық бағытты дамыту кеңесін құруды ұсынамын. Кеңесті елдеріміздің көлік ведомстволарының басшылары басқара алады. Оған мамандарды, сарапшылар мен кәсіпкерлерді мүше етуге болады, – деді Президент.
Мемлекет басшысы энергетика саласындағы ықпалдастықтың әлеуетіне жоғары баға берді.
– Ресей, Қазақстан және Өзбекстанның үшжақты газ одағының арқасында өңірде жаңа энергетикалық жүйе қалыптасып келеді. Бұл халық пен өнеркәсіпті көгілдір отынмен сенімді түрде қамтамасыз етеді. Каспий құбыры консорциумының маңызына арнайы тоқталсам деймін. Былтыр осы желі арқылы шамамен 63 миллион тоннаға жуық отандық мұнай тасымалданды. Аталған проблеманы терең түсініп, нақты шаралар қабылдаған құрметті Владимир Владимирович, Сізге алғыс айтамын. Сонымен қатар шығыс тармағының да өзектілігі артып келе жатқанын байқаймыз. Қазақстан Ресей мұнайын Қытайға тасымалдауда маңызды рөл атқарады. Біз арқылы жылына 10 миллион тоннаға дейін мұнай жеткізіледі. Дегенмен өткен жылы тасымалданған мұнай көлемі бұл көрсеткіштен асып түсті. Транзит қарқынының өсуіне қарасақ, оның көлемін арттыруға мүмкіндік бар. Бірнеше күн бұрын Санкт-Петербор қаласында Қазақстан мен Ресей арасында газ саласындағы ынтымақтастық жөнінде маңызды құжатқа қол қойылды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент соңғы жылдары Ресеймен атом энергетикасы саласындағы ынтымақтастық серпін алғанын айтты. Осы орайда «Росатом» компаниясының қатысуымен Қазақстанда алғашқы атом электр станциясын салу стратегиялық серіктестікті жаңа деңгейге көтереді.
– Атом өнеркәсібіндегі ықпалдастық бірқатар жанама саланың дамуына берік негіз бола алады. Мұның біз үшін маңызы зор. Қазақстанда Ядролық отын циклі және радиоактивті қалдықтармен жұмыс істеу саласындағы өңірлік құзыретті кеңес құруды ұсынамыз. Заманауи ғылыми-зерттеу базасы мен білікті кадр даярлау жүйесін нығайту – өзекті мәселе. Бұл бағытта алғашқы маңызды қадам жасалды. Алматыда МИФИ Ұлттық зерттеу ядролық университетінің филиалы ашылды. Аталған жұмысқа екі елдің ғылыми-зерттеу институттарын тартып, оны одан әрі жалғастыруды жоспарлап отырмыз. Жақында Ғылым жөніндегі кеңестің отырысын өткіздім. Ықпалдастық орнату үшін әлеуеттің бар екені анықталды әрі оны пайдалануға болады, – деді Мемлекет басшысы.