АҚШ сапары: Инвестиция игілігі

/
АҚШ сапары: Инвестиция игілігі
Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары биылғы күздің ең елеулі оқиғаларының бірі болды. Сапар қорытын­дысы бойынша Қазақ­стан мен АҚШ арасында жалпы құны 5,2 млрд доллар болатын 11 келісім мен мемо­ран­думға қол қойылды.Бұл келісімдер стратегиялық маңызы бар сала­лар, атап айтқанда, көлік, энергетика, логистика және ақпараттық технология бағыттарында жа­салды. «Казақтелеком», «Қазақстан темір жолы», «Самрұк-Қазына», «ҚазМұнайГаз» сияқты ірі ұлттық компаниялар Amazon Kuiper, ExxonMobil, Chevron, IFC, Lummus Technology, Wabtec сынды америкалық алпауыттармен мәміле жасасты.
АҚШ – Қазақстан экономикасына ең ірі инвес­тиция құйып отырған ел. Тәуелсіздік алғаннан бері Қазақстанға 100 млрд доллардан астам қаржы құй­ған. Елімізде 630-дан астам америкалық ком­па­ния жұмыс істейді. Жаңа келісімдер екіжақты ын­тымақтастық «жаңа экономика» салаларына – цифрлық технология мен жасыл энергетикаға қарай кеңейіп жатқанын айғақтайды.

Тарихи келісім

Сапардың ең елеулі оқиғасы – АҚШ-тың Wabtec корпорациясымен 4,2 млрд АҚШ долларына ло­комо­тив сатып алу туралы ірі келісімшарт жасалды. Бұл келісім аясында Қазақстан алдағы он жылда 300 жаңа буын жүк локомотивін және оларға ұзақ­мерзімді сервистік қызмет алатын болады. Мұндай қыруар қаражатқа жасалған келісім Wabtec тари­хындағы ең ірі келісімдердің бірі болып отыр. АҚШ Сауда министрі Говард Латник бұл келісімді «ортақ өзара іс-қимылымыздың берік негізі» деп бағалап, елдеріміз экономикаларын нығайтуға бағытталған ын­тымақтастықтың сауда байланыстарын дамыту­дағы шешуші фактор екенін және болашақта стра­те­гиялық маңызды минералдар секторында бір­лескен жобаларды іске асыруға кең мүмкіндік аша­тынын атап өтті.
Сонымен қатар Қазақстанда Embraer ұшақ­тарына қызмет көрсететін аймақтық орталық құру мүм­кіндігі талқыланды. Президент Тоқаев бұл кез­десуде Қазақстанның Еуразия кеңістігіндегі бас­ты көлік-логистикалық хаб болуға ниетті екенін атап өтті. Ал Embraer президенті Франсиско Гомес Нето Қазақстанның транзиттік-көліктік әлеуетін жо­ғары бағалап, өзара тиімді ынтымақтастыққа дайын екенін жеткізді. Бұл бастама жүзеге асса, рес­публика азаматтық авиациясында жаңа қызмет түрі пайда болып, өңірдегі авиация саласының да­муына серпін бермек.

Басты назар – уранда

ExxonMobil мен Cameco жетекшілерімен өткен кез­десулерде басты назар Қазақстанның стратегиялық мұнай-газ жобаларына және уран өнеркәсібіне ауды. Тоқаев Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ сияқты ірі кен орындарындағы америкалық инвесторлардың рөлін жоғары бағалады. Қазақстан АҚШ-тың уран импорты­ның шамамен ширегін қамтамасыз етеді.
Президент энергетикадағы стратегияны «төрт тірек: мұнай, газ, көмір және уран» деп сипаттап, осы дәс­түрлі ресурстар ел энергожүйесінің негізі болып қа­ла беретінін айтты. Сонымен қатар Қазақстан көмір­дің электр өндірудегі үлесі 70 пайыздан асатынын ес­кере отырып, оны жақын арада қауіпсіз энергия көзі ре­тінде қарастыратынын, бірақ сонымен бірге эколо­гиялық таза энергетиканы дамытуға ден қойылғанын атап өтті.

АҚШ тарапы Қазақстанның аса маңыз­ды минералды ресурстарына да қызығушылық танытты. Қазақ­стан­да мыс, литий, графит сияқты жо­ғары технологияларға қажет қор мол және Қазақстан бұл секторда бір­лескен жобаларды іске асыруға дайын. Тоқаевтың айтуынша, жер қой­науын пайдалану саласында ин­весторларға қолайлы жағдай жаса­лып, заңнама барынша ашық құрыл­ған, нәтижесінде Ivanhoe, Rio Tinto, Anglo American, Fortescue секілді алып компаниялар еліміздің тау-кен индустриясында жұмыс істеп жатыр. Бұл бағыттағы серіктестік болашақта жаңа өндірістерді, соның ішінде аккумуляторлар мен жоғары техно­ло­гиялық жабдықтар шығаруға қа­жет шикізатты бірлесе игеруге ойысуы мүмкін.

Әлемдік нарыққа жол ашылады

АҚШ сапары аясында елімізге PepsiCo және Mars сынды алып кор­по­рациялар инвестиция салуға қы­зығушылық білдірді. Олар Қазақ­стан­да экспортқа бағдарланған өң­деу кәсіпорындарын ашуды жоспар­лап отыр, бұл бір жағынан агросек­тор­ға шетелдік технология мен ка­пи­тал әкелсе, екінші жағынан қазақ­стан­дық өнімдерді әлемдік нарық­тарға шығаруға жол ашпақ.
Әсіресе, PepsiCo компаниясының жо­басын атап өту қажет: қазір Алма­ты облысында құны 368 млн АҚШ дол­лары болатын жеңіл тағамдар (снек) өндірісі зауытының құрылысы бас­талған. Ауқымды фабрика іске қо­сылғанда Орталық Азиядағы ең ірі снек шығару кәсіпорнына айналып, шамамен 900 тұрақты жұмыс орны ашылады деген болжам бар.
PepsiCo шикізат ретінде Қазақ­станда өсірілген картопты пайда­лану­ға басымдық беріп, 2035 жылға қа­рай чипсы өндірісіне қажет кар­топ­тың барлығын Қазақстанның өзін­де өсіруді көздеп отыр. PepsiCo ди­ректорлар кеңесінің төрағасы Сти­вен Кихо бұл зауыт туралы: «PepsiCo жүйесіндегі ең ірі тағам және жеңіл тағам өндірісі кәсіпорындарының бірі Қазақстанда салынады. Біз оның ашылуын тағатсыздана күтеміз», – де­ді. PepsiCo-ның осындай ірі жобасы қазақ агроиндустриясына заманауи ауыл шаруашылығы тәжірибесін ала келмек.
Ал Mars компаниясы Қазақстанда кон­дитерлік немесе үй жануарларына арналған азық өндірісі сияқты ба­ғыт­тарда инвестжоба бастауды көз­деп отыр. Әзірге Mars тарапы нақты жобалар жөнінде толық ақпарат бер­месе де, олардың қызығушылығы Қазақстанның агросекторы шетел инвесторларына тартымды бола бастағанын айғақтайды. PepsiCo мен Mars-тың жаңа зауыттары іске қо­сылған соң, өндірілген өнімнің едәуір бөлігі шетелге экспортталмақ.

Amazon 200 млн доллар инвестиция құймақ

Amazon корпорациясы Қа­зақ­станның цифрлық инфрақұры­лы­мын дамытуға тікелей атсалыспақ. Атап айтқанда, Amazon-ның Kuiper жер­серіктік желісі еліміздің үш бір­дей нүктесінде – Алматы, Ақкөл жә­­не Ақтау қалаларында жерүсті стан­­саларын орналастырып, шама­мен 200 млн доллар инвестиция құя­тын болды. Бұл жоба туралы келі­сім­ге Нью-Йорктегі кездесулер бары­сын­да Kazakhtelecom және Amazon Kuiper өкілдері қол қойды. 
Нәтижесінде, Қазақстан аумағы кең жолақты жылдам интернетпен то­лық қамтылып, өңірлер арасын­дағы цифрлық теңсіздік азаяды деген үміт бар. Президент бұл бастаманы әр аймақ тұрғындарының сапалы бай­ланысқа теңдей қол жеткізуіне жағ­дай жасайтын маңызды қадам ретінде бағалады.
Сонымен қатар Amazon Қазақ­стан­ды тек өз ішіндегі жобалар үшін ға­на емес, бүкіл Орталық Азияға спут­­никтік интернет тарататын ай­мақ­тық хаб ретінде қарастырып отыр.
Цифрлық саладағы ең үлкен то­сын жаңалық – OpenAI компания­сы­ның шешімі. OpenAI әлемде алғаш бо­лып жаңа буынды ChatGPT жасан­ды интеллект жүйесінің пилоттық нұсқасын Қазақстанда іске қосаты­нын мәлімдеді. Жоба аясында білім беру саласына басымдық беріліп, ChatGPT мүмкіндіктері ұстаздар мен сту­денттерге бейімделген арнайы нұс­қаларда сынақтан өтпек. 

Транзит желісін дамытудағы маңызды белес – БАҚ

Reuters агенттігі сапардағы басты жаңалық 4,2 млрд долларлық келісім­шарт деп мәлімдеді. Wabtec ком­па­ния­сы 300 локомотив жеткізеді, ал ке­лі­сімшарт 11 000 америкалық жұ­мыс орнын қамтиды деген мәлімет те берілген. Бұған қоса, келісім екі ел ара­сындағы өндірісті қолдау және эко­номикалық байланыстарды ны­ғайтуға арналған қадам деп баға­ланды. 
TimesCA порталында жария­лан­ған мақалада келісімнің символдық аспектісі баса айтылды: Қазақстан­ның экономикалық реформалары мен ашық саясаты шетел инвестор­ларын тартудағы маңызды фактор ретінде бағаланады. 
OilPrice.com Eurasianet шолуы Қа­зақстан мен Өзбекстан арасын­да­ғы ірі келісімдер контекстінде бұл пі­кірге қосылады. Мақалада Тоқаев­тың Wabtec-пен жасалған келісімі Орта дәліз транзит желісін дамыту­да­ғы маңызды белес ретінде қарас­тырылады. 

Бауыржан Әукен, ҚСЗИ аға сарапшысы:

Серіктес болуға әзір екенімізді көрсеттік

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Нью-Йорк­ке сапары америкалық ірі бизнес өкілдерімен кездесуге, түрлі сала бойынша жасалған нақты келі­сімге толы болды. Бұл – бизнеске де, халықаралық сая­сатқа да берілген айқын белгі. Әлемдік державалар ара­сындағы шиеленіске, сенім дағдарысына қара­мастан, Қазақстан прагматизм мен конструктивтілікке сүйеніп, АҚШ-пен өзара тиімді экономикалық диалог құруға дайын екенін көрсетті.
Сапардың басты нәтижесі – «Қазақстан темір жолы» мен Wabtec арасындағы 300 локомотив жеткізу туралы келісім. Бұл – кейінгі жылдардағы әлемдік те­міржол саласындағы ең ірі келісімнің бірі. Маңыздысы – локомотивтер Астанада құрастырылып, елімізде жаңа өндіріс, жаңа технология, жаңа жұмыс орындары ашылады. Бір келісім арқылы Қазақстан екі мәселені шешіп отыр: біріншіден, ішкі парк жаңарып, тасымалдың жылдамдығы мен сапасы артады, екіншіден, елімізде жоғары технологиялы өндіріс орнығады. Бұл біздің инженерлер мен жұмысшыларға жаңа машықтарды меңгеруге жол ашады. Сонымен қатар өндіріс көрші елдердің нарығын да қамтымақ.
Маңызды келісімнің бірі – Kazakhtelecom мен Amazon Project Kuiper ара­сындағы әріптестік. Жақында Қазақстанда Starlink жұмыс істей бастады. Енді Amazon-ның келуі – елді толық цифрландыруға жасалған нақты қадам. Спутник интернеті шалғай ауылдарға дейін жетіп, мектептер онлайн-білімге қосылады, фермерлер нақты егіншілік әдістерін пайдалана алады. Мұндай серіктестік Қазақстанның жаһандық цифрлық тізбектерге кіріге алатын әлеуеті бар екенін мойындатады.
Сондай-ақ АҚШ-пен бірлескен ауыл шаруашылығы мен су ресурстарын бас­қару бағдарламасы да ерекше мәнге ие. Қазақстанның аграрлық әлеуеті зор, бірақ басты мәселе – су тапшылығы. Дрон, спутник, сенсор сияқты технологиялар ар­қылы фермерлер суды үнемдеп, өнімділікті арттыра алады. Америкалық ғы­лым мен технологияны тарту осы салада үлкен серпіліс әкелмек.
Қаржы саласында да ілгері қадам жасалды. Президенттің Citigroup басшы­лығымен кездесуі – соның дәлелі. Әлемдегі ең ірі қаржы институттарының бірі Қазақстан жобаларына қызығушылық танытуы еліміздің сенімді серіктес екенін көр­сетеді. Ал АҚШ Сауда палатасымен болған кездесу америкалық бизнес қауым­дастыққа тікелей жол ашады. Бұл біздің компанияларға жаңа серіктестер табуға мүмкіндік береді.
Жалпы алғанда, Мемлекет басшысының АҚШ-қа сапары Қазақстан мен АҚШ арасындағы экономикалық әрі технологиялық әріптестіктің жаңа кезеңін бастады. Бүгінде біз тек шикізат ұсынып қана қоймай, технология, цифрландыру, агроөнеркәсіп сияқты салаларда да толыққанды серіктес болуға дайын екенімізді көрсеттік.

Андрей Чеботарев, саясаттанушы:

Елдің ғана емес, тұтас аймақтың мәселесі көтерілді

– Президенттің Нью-Йоркке жасаған жұмыс сапары жемісті өтті. Сапарда тек Қазақстанға қатысты емес, бүкіл Орталық Азия үшін маңызы зор мәселелер көтерілді.
Біріншіден, Орталық Азия мен Ауғанстандағы БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттары жөніндегі Өңірлік орталығының жұмысына қатысты Меморандумға қол қойылды. Бұл орталық биылғы 3 тамызда Алматыда ашылған болатын. Оның басты міндеті – экономикалық, әлеуметтік және экологиялық бағыттар бойынша аймақтық жобаларды жүзеге асыру.
Екіншіден, АҚШ Президенті Дональд Трамппен кездесу өтті. Онда екіжақты қарым-қатынас пен халықаралық күн тәртібі талқыланды. Әңгімеде «С5+1» форматы да қозғалған болуы мүмкін. Өйткені соңғы министрлік деңгейіндегі кездесу 2024 жылғы қыркүйекте, Джо Байден президент болған кезде өткен еді. Трамп әкімшілігі бұл диалогты өз мақсатына сай қайта жандандыруға мүдделі. 
Үшіншіден, АҚШ Президентінің Оңтүстік және Орталық Азия жөніндегі арнайы өкілі Серджио Горымен кездесу өтті. Онымен Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаров пен Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев те жолықты. Бұл үш елге АҚШ-пен қарым-қатынасты үйлестіріп, ортақ позиция іздеуге жол ашады. 
Төртіншіден, Тоқаев америкалық бизнес өкілдеріне үндеу жасады. Әсіресе, «B5+1» форматы аясындағы серіктестікке тоқталды. Бұл бағытта 2024 жылғы наурызда Алматыда алғашқы форум өткен еді. Президент Қазақстанның аймақтағы инвестицияларды ілгерілетуге және АҚШ бизнесінің Орталық Азияға кеңінен келуіне жетекшілік етуге дайын екенін айтты.
Бесіншіден, Еуропа Кеңесінің Президенті Антониу Коштамен келіссөз өтті. Онда ЕО-мен көпжақты ынтымақтастық, соның ішінде Орталық Азияға 12 млрд еуро көлемінде инвестиция тарту бастамасы сөз болды. Бұл қадам Еуроодақтың көлік дәліздерін дамытуға қызығушылығын тағы да айқындайды.
Президенттің БҰҰ Бас Ассамблеясының жалпы дебатында сөйлеген сөзінен бірнеше негізгі бағытты ерекшелеп айтуға болады.
Алдымен, Қауіпсіздік Кеңесін реформалау. Қазақстан Азия, Африка, Латын Америкасының ірі елдерін қосу қажет екенін атап өтті. Бұл – әлемдегі орта державалардың (middle powers) рөлін күшейтеді.
Бұдан бөлек, БҰҰ Жарғысын жаңарту. Бұл қадам мемлекеттердің тәуелсіздігі мен аумақтық тұтастығын сақтау қағидаттарын нақтылап, дауларды бейбіт жолмен шешуге жетелейтін қозғаушы күш болмақ.
Сондай-ақ экология және су ресурстары. Президент Арал мен Каспий теңізін қорғауға халықаралық қауымдастықты кеңінен тарту қажет екенін айтты. Бұл мәселе 2026 жылы Астанада өтетін Өңірлік экологиялық саммитке де байланысты.
Осылайша, биыл Қазақстанның БҰҰ-дағы позициясы едәуір күшейіп отыр. Алматыда өңірлік орталықтың ашылуы, 2026-2030 жылдарға жаңа БҰҰ бағдарламасы – осының айғағы. 
Жалпы, Президенттің бұл сапары – Қазақстанның БҰҰ аясында да, басқа халықаралық алаңдарда да Орталық Азия күн тәртібін белсенді түрде ілгерілетіп отырғанын көрсетеді. Бұл Қазақстанның аймақтағы беделін арттырып қана қоймай, бүкіл өңірдің халықаралық саяси салмағын күшейтеді.

P.S. 

Сарапшылардың пікірінше, АҚШ сапарындағы кездесулер мен оқиғалар екі ел арасындағы стратегиялық серіктестік ны­ғайып келе жатқанын айқындады. Нәтиже – Қазақстанға мол инвестиция әкелетін келісімдер ғана емес, сонымен қатар берік бекіген сенімнің жаңа деңгейі. Транзиттен бастап агроинновация­лар мен жасанды интеллектке дейін түрлі секторды қамтыған әріптестік шын мәнінде жан-жақты сипат алып отыр.
Шетелдік БАҚ бұл сапарды тарихи мәмілелер, Орта дәлізді да­мытудағы қадамдар жасалған Қазақстанның ашық инвес­тиция­лық саясатының жемісі деп сипаттады.
Келесі қадам – мүмкіндікті мүлт жібермей, қағаздағы келісім­дерді іске асыруға білек сыбана кірісу. Екі ел арасындағы сенім мен ынтымақтастық көпірі нақты нәтижелерге ұласса, бұл сапар­дың тарихи маңызы еселене түсетіні анық.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары