Қазақстандық жүзушілер әлем кубогында екі рекорд жаңартып, финалға шықты

/
Қазақстандық жүзушілер әлем кубогында екі рекорд жаңартып, финалға шықты
olympic.kz

Астанада өтіп жатқан жүзуден әлем кубогының қорытынды кезеңінде қазақстандық спортшылар екі ұлттық рекорд орнатты. Сондай-ақ ел құрамасының алты өкілі финалға жолдама алды, деп хабарлайды turkystan.kz.

50 метрге еркін стильде жүзуден Глеб Коваленя жоғары нәтиже көрсетті. Ол қашықтықты 21,31 секундта бағындырып, Қазақстан рекордын 0,04 секундқа жақсартты. Осы жетістігінің арқасында спортшы финалға өтті.

Тағы бір рекордты Ғалымжан Балабек тіркеді. Ол 400 метрге еркін стильде жүзуде 3 минут 46,87 секунд нәтиже көрсетіп, бір апта бұрын Ташкенттегі әлем кубогының кезеңінде өзі орнатқан ұлттық рекордты жаңартты.

Алты қазақстандық спортшы финалда бақ сынайды

100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде Әділбек Мусин мен Максим Сказобцов финалға жолдама алды. Мусин 51,42 секунд көрсетсе, Сказобцов 51,53 секунд нәтижемен іріктеуде сегізінші орын иеленді.

Ал 200 метрге брасс әдісімен жүзуде Айбат Мырзамұратов 2 минут 7,15 секунд нәтижемен бесінші орынға тұрақтап, шешуші кезеңге өтті.

Егор Попов 100 метрге кешенді жүзуде 54,64 секунд көрсеткіш тіркеп, финалға шығу мүмкіндігін иеленді.

Әйелдер арасында Софья Сподаренко 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде 58,55 секунд нәтиже көрсетіп, жүлде үшін таласатын спортшылар қатарына қосылды.

Осылайша, 16 қазандағы іріктеу жарыстарының қорытындысында Қазақстан құрамасының алты жүзушісі финалға шықты.

Шешуші жарыстар 16 қазанда Астана уақытымен сағат 18:00-де басталады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар