Қостанай облысында мас күйде көлік жүргізген ер адам түрмеге тоғытылды

/
Қостанай облысында мас күйде көлік жүргізген ер адам түрмеге тоғытылды
pexels.com

Қостанай облысында бұрын жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылған ер адам қайтадан мас күйде көлік тізгіндегені үшін бас бостандығынан айырылды. Сот оған 1 жыл 9 ай түрме жазасын тағайындады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қостанай облысы прокуратурасының мәліметінше, оқиға Бейімбет Майлин ауданында болған. Nissan Patrol автокөлігін басқарған ер адам Қостанай – Қарабұтақ тасжолымен келе жатқанда Валерьяновка ауылының маңында полиция қызметкерлеріне тоқтатылған.

Тексеру барысында жүргізушінің алкогольдік масаң күйде болғаны анықталған. Сондай-ақ оның бұған дейін жеті жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылғаны белгілі болды.

Аталған дерек бойынша ер адамның әрекеті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен сараланған.

"Сот жүргізушіні кінәлі деп танып, оған қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі барынша төмен мекемесінде жазасын өтеумен 1 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады.

Сонымен қатар сот оны көлік құралдарын басқару құқығынан өмір бойына айырды", – деп хабарлады прокуратура.

Осылайша, жүргізуші бұрынғы шектеуді бұзғаны үшін нақты түрме жазасына кесіліп, көлік басқару құқығынан біржола айырылды.

Прокуратура өкілдері мас күйде көлік жүргізу ауыр құқықтық салдарға әкелетінін ескертіп, мұндай әрекет үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар